Сыбызғы үні

Сыбызғы үні
жеке
блог

Сыбызғы үні

Кесемді тау суына батырамын,

Ерке ағып екпінімен жатыр ағын.

Мен сонда тастай судан сіміріп ап,

Елітіп сыбызғы үнге отырамын.

 

Білмеймін қайдан келген дыбыс мынау,

Керек қой мына әуенге дұрыс, жылау.

Тамырда алпыс екі қаным тоқтап,

Дыбысқа терім кеуіп тырыстың-ау.

 

Көк майса тербеледі әуенменен,

Қауышып әні асқақ әлемменен.

Әуенмен  шөп үстіне сыбызғы үні,

Қараймын салып кеткен өлеңге мен.

 

Нәзік үн бір мазаны қашырғанда,

Аймалап мойыныма асылғанда.

Ғашық боп сыбызғы үнге сырын айтып,

Сезімін жүрек бейбақ жасырған ба?!

 

Оралып келе берді ырғалып үн,

Қытықтап құлағымның сырғалығын.

Сия алмай терісіне ет жүрегім,

Кеуденің аршып жатыр мұң қабығын.

 

Отырмын  көкке қарап, әуен тыңдап,

Өзгерсін мейлі маған әлем мыңдап.

Шалқадан көк үстінде арман қуып,

Сезіммен бұлтқа жазған өлең қымбат.

 

Сыбызғы үн, қайдан келдің, таба алмадым,

Табылма! Бірақ,  мүлде жоғалмағын.

Ерітер ем тас емшегін тас қаланың,

Сен неге мендік болып жаралмадың.

 

Кесемді тау суына батырамын,

Ерке ағып екпінімен жатыр ағын.

Мен сонда оянамын, амал қанша,

Сағынып сыбызғы үнді отырамын...

14.12.2014