СвидетИли туралы...
блог
Демалыс күндері көзін аша салысымен біреу телефонға ұмтылады, біреу теледидарға үңіледі. Мен екіншісін қосуға асығамын. Өйткені 7 арнада төсекте жатқан сені ғаламyың екінші бетіне сүйреп әкететін «Орел и решка» бағдарламасы жүріп жатады. Ауызыңның суы құрып, біраз ел көріп болғанда өзіңнің жылы орныңа қайта топ ете түсесің. Одаң соң жуынып, таңғы тамақ дайындап жүргенде, яңни тура сағат 11.00-де 3-4 жасар бүлдіршіндердің былдырлап отырғаны естіліп қалады. Ол «СвидетИли» бағдарламасының қонақтары екен.
Жақында кішкентайларды сөзге тартып, сырларын күллі елге жария ететін бұл жобада жаңа тергеуші пайда болды. Генерал Жасын Қанбаев, қылмыс әлемінен алыстап, өз ісін жалғастыруды ізбасары Никита Летяйкинге табыстапты. Кішкентай куәгерлерді тергеу оңайға соқпайтынын білсе де, бұл іске жас лейтенант үлкен қызығушылықпен кірісті. Өйткені Никита болмысынан балаларды жақсы көреді. Демек, тез тіл табыса алады. Әрі бағдарлама жарық көргелі жоба авторларының бірі ретінде, «куәгерлермен» кадр сыртында көп араласатын. Камераның алдында бір сағат бойы қызықты әңгіме айтып, жалықпай шүйіркелесетін кейіпкерлерді Никита балабақшаларды аралап жүріп өзі таңдайды. Ал студияға әкеліп тергей бастағанда, әр баланың мінезі мен көңіл күйін, тіпті еркеліктерін ескеріп, қонақтарын барынша көсілтіп сөйлете алады. Мұндай қабілетіне қарап Никитаның мамандығы тәрбиеші не бастауыш сынып мұғалімі деп ойлап қалуға болады.
Бірақ өзінің айтуынша, ол Мексикадағы «Денни Трехо» атындағы полиция академиясын аяқтаған. Ал шын мәнінде Елордадағы қаржы академиясында оқыпты. КВН-ге қызыққанға дейін өте жақсы оқыған екен. Бірақ тапқырлар клубында ойнаған алғашқы күні-ақ оны Астана қаласының құрамасында ойнауға шақырыпты. Қазіргі тергеуші қызметіне дейін Никита радиожүргізуші болған. Келешекте осы көңілді ұжыммен тағы бірнеше жаңа жобаларды жасап, жетінші арнаның эфиріне ұсынуға кіріспек. «Свидетили»жайында осындай жаңалықпен бөлісейін деп ем.