Сүю бостандығы

Сүю бостандығы
жеке
блог

Сүю бостандығын қатты бағалайтын болдым. Сен біреуді сүйесің бе? Сол десе құрғыр жүрегің кеудеңнен шығып кетердей ме? Араларыңда кедергі жоқ па? Неге қосылмайсыңдар онда? Кедергі болғанның өзінде онымен күресіңдер. Сөйтіңдер де, сүйгендеріңнің жанынан рахат табыңдар. Неге текке қиналып жүрсіңдер?

Сүю бостандығы деген осы ғой. Әй, айналайын, туысқандарым, мүлде сүйе алмай жүргендердің жанында сендер әлдееееқайда байсыңдар ғой. Сүю дегеннің не екенін білмейтіндер бар ғой осы.

Ей, сүйгеніне сүрініп болса да жете алмай жүрген, туысқаным! 

Басқаны сүйесің, әр аттап басқан орын соны еске салады. Басқа біреудің жанында жүресің де, көз алдыңа соны елестетесің. Қасыңдағы адамнан оның келбетін іздейсің. Бірақ ол басқа! Мүлде басқа! Неге бұл ол сияқты күлмейді, неге ол сияқты сөйлемейді? Сен одан да былай етші: сүйгеніңе баршы. Өйткені сүюде де бостандық бар. Сенің оған қайта жүрегіңді қолыңа ұстап ап баруға мүмкіндігің бар ма? Онда не бітіріп жүрсің бөтеннің жанында? Барсаңшы! Сүю деген кез келгенге бұйырмайды ғой. Сол саған бұйырыпты, неге бас қатырып жүрсің? 

Ееее, мұны да қимайсың ба? "Былай қарап тұрсаң, жап-жақсы жігіт (қыз) ғой. Оған кетіп қалсам, мұны тағы біреу еншілеп алады. Мәә, оны қызғанамын ғой мен сосын. Не істесем екен? Қазір оған өз сүйгенімді таңдадым десем, ол қалай қабылдар екен? Ренжиді ғой. Ренжімегенде ше? Оңай емес қой. Бірақ мен оны ұмыта алар емеспін. Онда бар дүниелерді бұдан таба алмаймын. Ұмытам деп ойлағам, болар емес. Әтйпесе, бұл да жап-жақсы жар бола алады" деген ойдың бәрінің желігін бас та, жүрегіңді жеңген адамға жетіп бар. Өйткені сен оны сүйесің. Ал ол, әлгі сен тастап кеткен жан, түсінігі болса сені түсінуі керек. Неге? Өйткені сен СҮЙЕСІҢ. Мейлі, оны болмаса да, әйтеуір СҮЙЕСІҢ!

"Жарты жолда қалған" туысқаным!

Сен қайта екі ғашықтың екі жақта бұртиып жүргеннен, бір жүрекпен өмір сүруіне себеп болғаның үшін қуануың керек. Өмір осымен бітіп жатса, мен сені басыңнан сипап тұрып, сені аяғанымнан егіліп жылап алар едім.  Бірақ бәрі де табан астында өзгеріп кететін өмірдің алдына мен түспей-ақ қояйыншы. Бірақ жүрегі өзге деп соғып тұрған адамның жанында жүруден бақыт тапқан адам жоқ. Барсын, жібер! Бастысы - бақытты болсын! Ал Сен екі жастың арасында көпір болғаныңмен мақтан!

Ал сендер, сүйе білетіндеріңмен мақтаныңдар! 

Жұрт ақылдысың десе, құр сөз деп елемеуші ем. Мәәә, ақылды екенмін мен расында :)