Сүйінші!

Сүйінші!
жеке
блог

Ассалаумағалейкум, бауырлар!

Алдыңғы жазбада шәкірттеріммен бірге Мәскеу қаласына жол жүргелі жатқанымды айтқан болатынмын. Жыл сайын Мәскеуде А.П. Чеховтың көркемсөз оқу шеберлерінің ІІІ халықаралық байқауы өтеді. Биыл Қазақстанның атынан Ж.Елебеков атындағы Республикалық Эстрада Цирк колледжінің 3 студенті қатысқан болатын. Алла шүкір, біздің балалар өз өнерлерін ортаға салып, сенімімізді ақтады. Кужиманова Әсел 3-жүлдеге ие болып, лауреат атанса, Қасым Айбол ініміз дипломант атанды. Бұл Ж.Елебеков атындағы Республикалық Эстрада Цирк колледжінің тарихында бұрын-соңды болмаған үлкен жаңалық! Бұл тек қана колледждің, менің я Мәлімова Әсия апайдың қуанышы ғана емес, күллі қазақ халқы үшін де үлкен қуанышы деп ойлаймын.

Біздің балалар өз монологтарын орыс тілінде бастап, кейін қазақ тілінде жалғастырып, орыс тілінде аяқтаған кезде әділ қазылар мен көрермен қауым таңдайларын қағып, өз ризашылықтарын білдірді. Шәкірттерімнің талабы мен бойындағы дарынына тәнті болған олар, тіпті, келешекте өз оқу орындарында тегін білім алуға шақырды. Ал әділ қазылар алқасында отырған Ресейдің халық әртісі Василий Иванович Бочкарев бізді Малый театрға шақырып, қошемет көрсетті. Жергілікті телевидение мен радио өз мұрағатына сақтау үшін біздің балалардың оқыған монологтарын жазып алды.

Бір қызығы, тәжірибесі мен жасы бойынша байқауда төбе көрсеткен ең жас қатысушылар біздің колледж студенттері болды. Тәжірибесі мол әрі жасы үлкен белгілі театр әртістері және ЖОО-ның студенттерімен бірдей дәрежеде өз өнерлерін ортаға салды.

Мінекей, ағайын, қазақ елінің аты халықаралық байқауда тағы бір мәрте аталды. Жеңіс құтты болсын, ағайын!

Ізгі ниетпен, Нұрлан Албан