Сүйінші!!!

Сүйінші!!!
жеке
блог

-Құдағи, сүйінші!..

-Қалағаныңызды алыңыз.

-Қажет емес пұлыңыз,

Сөзіме құлақ салыңыз.

-Құлағым сізде, құда,- деп

Қасын керіп назданды.

-Содан бері жиырма қыс,

Жиырма көктем жаз қалды.

Қоңыраулы күз,

Қоңыр күз

Ұмытармыз қалай оны біз?!

Немере мен шөбере

Оңымыз бен солымыз.

-Бір Алланың бергені

Жалғасады жолымыз.

Қартайтқанмен біздерді

Ұрпағымызды түлетті.

-Айтпаңыз  енді, құдағи,

Сүйсініп оқыр сіз ылғи,

Бөбектердің үні дерлік,

Сөйлейтұғын тілі дерлік,

Көретұғын күні дерлік,

Тәуелсіз ел нұры дерлік,

Тәуелсіздік жыры дерлік.

Күндей шалқып,

Айдай толған

Ана тілге, салт дәстүрге

Туған күннен болған қорған.

«Айналайын» жиырмада

Жөргегінде ана тілінің

Асыл діні, тінінің

Жоқшысы болып ер жетті.

-Осы сөзің, әй, құда,

 Салды еске бұл  кепті.

Ол кезде қазақ тілін мен

Жатсынып біраз «бүлінгем».

-Жүзіндегі өкініш аңғартады көп жайды,

Мұндай іске, әрине, өкінбеуге болмайды.

-Алла!- дедім бірде мен

 Естіп тұрған немерем:

-Әже,- деді  кенеттен,-

Алла дейсің әманда

Ескертесіз сіз өктем,

«Алла» деп айт» деп маған да.

Сол Аллаңыз жер-көкті

Неше күнде бар етті?..

Сауалы сана тербетті.

Тек, әттеген,

Мен тіптен білмейді екем бұл кепті.

-Білмеймін,- дедім,- білмеймін

Немеремнің маған күлгенін

Көрсеңіз ғой сол сәтте.

Деді соңсоң тым баяу:

-Оқыңызшы мынаны!

Ежеледім, құдай-ау!

Тұңғыш рет тұшындым,

Ана тілін түсініп.

«Айналайын» екен ол

Содан бері мен оған

Ел қатарлы создым қол.

-«Айналайыннан» айналдым,

Табыстырған ана тіліммен,-

Деді дағы құдағи

Құдасын төрге бастады.

-Қайтеміз теріп басқаны,

Құпия сырын ғаламның

Білімді ғана іледі,

Құпиясын аша біледі,-

Десіп олар:

«Айналайынға» ғұмыр тіледі.

Оқып сені ер жетсін,

Елімнің құрыш- білегі,

Тоқтамас мәңгі жүрегі.

Оқып сені қайнасын,

Намысы, қайрат- жігері.

Қабыл болсын,

«Әумин»

Үлкендердің  тілегі! 

                                            Сүлеймен Баязитов