Сүймеген адаммен сүйісу...

Ол келбеті келіскен жігіт еді… Ұзын бойлы, аққұба. Толқынды шаштарын кері  сілкіп тастап, маңдайы жарқырап келе жататын. Әдемілікті сүйетін, талғампаз, табыскер  болатын. Қыз-қырқынның көзінің құрты еді. Арулардан ешқашан беті қайтып көрмеген оған Мәриям ғана мән бермепті. Өйткені, ол әскердегі жігітін күтіп жүрген.

Кімге нені дәлелдегісі келгенін білмеймін... Сақылдаған сары аязда ол Мәриямды алып қашып келді. Әрине, осы бір қателігінің (меніңше) өмірін күрт өзгертетінін білмеген болар?  Жо-жоқ, Мәриям да, оның туыстары да ешқайда шағымданған жоқ. Керісінше, қыздың жеңгелеріне  дәулетті, келбетті  жігіт бірден ұнаған. Жас шаңырақтың жарасып кететіне ешкімнің күмәні болған емес. Бірақ...

Мәриям оған жалақы алған күні ғана жылы қабақ танытатын.  Және жетімдік пен жоқшылықты көп көргендіктен де болар, тас сараң еді. Әлі де сол. Басқасын қойыңызшы, ол жылы сөздің өзіне тым сараң әйел. Мен оның жарына құрметпен қарап, қолдау көрсеткенін, жан дүниесіне үңілгенін көрген емеспін. Мәриямды жазғырудан аманмын. Сырт  көзге екеуара қарым-қатынастары  ел қатарлы болатын. Отбасында 3 қыз бала өмірге келді. Интимдік қарым қатынастарынан әлбетте, хабарсызбын. Мен көргенімді ғана баяндап отырмын. Көрген көзде жазық жоқ демеуші ме еді? Бәлкім, сүймеген адаммен сүйісуден асқан азап жоқ та шығар? Кім біліпті?

Иә, оның соңғы жылдары ішімдікпен дос болғаны рас. Ажалына себепкер болған дертті де ащы судан тапты. Бірақ, ол ақырғы демі шыққанша Мәриямды аялап өтті. Отбасын ештеңеден тарықтырған жоқ. Сөйте тұра жарынан да, қыздарынан да жылылық көрмей, есіл ер қамал бұзар шағында о дүниелік боп  кетті.

Мәриям жақында көңілдесінен ұл тауып алды. Сол баяғы әскерден тосқан  жігітінен...



Бөлісу: