Сүйікті ұстазыңыз есіңізде ме?

Сүйікті ұстазыңыз есіңізде ме?
жеке
блог

Айналайын, алтын массагеттік балапандарым, армысыздар! Мынаған не болған деп отырған шығарсыздар, бүгін бір ұстазым секілді сәлемдескім келгені...

Жалпы адамды мақтай алмайтын әдетім бар... "Болмаса бұл кісі туралы баяғыда том-том кітап жазар ма едім?!"-деп бір мақтап алайын... Жүзіндегі әжімімен қоса жақсы көретін ағайым "ескінің" адамы ғой... Оның дәрістерінде қоңыр даусынан көзім ілініп кететіні болса да, өзіме керек сөздерге келгенде атып тұрып, қалам іздейтінім тағы бар. "Сен мені тыңдамай отырсың-ау, онда неге келесің?"-деп басқалардай басын қатырып жатпай, өзін тыңдаған жалғыз студентке беріліп дәрісін түсіндіріп бағады. Оны бір сөзінде басқаның қабілетсіздігі үшін, зейін қойып отырғанның уақытын жоғалтқысы келмейтінімен түсіндірген... Біздің топта сабаққа келмейтін кейбір жалқаулардың өзі бұл кісінің жасын сыйлап, елден бұрын аудиторияда отыратынын жақсы білеміз... Қазір жазғы демалыс уақыты екені баршаңызға аян... Көптен көрмеген ұстазымды қатты сағындым... Сағына отырып түртіп алғандарымды тізбектеуді жөн көрдім... 

Журналистиканың бел ортасында жүрген ұстазым туралы ақпарды танымас бұрын интернеттен тапқанмын... Сондықтан аты-жөнін жазсаңыздар тізіліп еңбектері шыға келеді... Ал жанында жүргенде аузынан естігенімді айтайын... Сонымен Сейдолла Садықұлы не дейді?

 

  1. Пенделіктен аулақ бол, бесіктен белің шықпаған күннен арманыңның ақ қанатын былғап қайтесің жаным?
  2. Бір қадамыңды аттамас бұрын, алдағы он қадамыңды көріп ал...
  3. Ең жамандарың мендей журналист болыңдар, ертеңгі күні уралап-уралап окоптың ішінде қалып кететін журналист болсаңдар ең қасіреті де, ең масқарасы да сол.
  4. Адамдар бір-біріне кішкене мейіріммен, кішкене ізетпен, кішкене иманмен қараса ғой... Сол кішкенелердің өзінен мынау пенде ғұмыр қаншалық өзгерер еді...
  5. Шаш тек қайғыдан ағармайды,қуанғаннан да ағарады.Оның куәгері-МЕНМІН...
  6. Кейде осы мен де жұрт сияқты кісі болып көрейінші деп ойланамын. Үйден қырық қадам шыққан соң ұмытып кете беремін...
  7. Көп нүктесі көп әңгіменің нашар болуы мүмкін емес...
  8. Адам жаңалық ашуы міндетті емес... Әлемдегі жаңалықтың дені ашылып ада болды... Ашқан жаңалығын абдырап айта алмайтындар қаншама... Ашпасаң да, айта біл! Журналисттің міндеті осы...(Конференцияда)
  9. Рухани байлығы жоқ қоғам-ең нашар қоғам.
  10. Адамның тағдыры жер тағдырына байланып қалған...

Осылай, ал сіздің оқу орнындағы ең сүйікті ұстазыңыз кім еді? Оның қандай сөзі есіңізде қалды?

Мақпал Төребек Тұрлыбекқызы