Сүйікті қалам – Рудный!
блог
Сүйікті қалам – Рудный!
Менің қалам – мен үшін дүние жүзіндегі ең қымбат, ең асыл мекенім. Әр бір адамның сүйікті қаласы бар. Көбіне адамдар сүйікті қалам деп өзі туылған, балалық шағын өткізген жерді айтады. Өйткені әр адам өзінің балалық шағынан естеліктерді, тұрған мекенін әр қашан жүрегінде сақтайды. Мен бұл қалада туылмасам да, оны шын көңіліммен жақсы көрем. Мен оған сіңісіп кеткенім соншалықты оның әсемдігін толықтыра түсетін табиғаты, жаңадан пайда болып келе жатқан зәулім болмаса да аяғына нық тұрған үйлері, саябақтары, әр бір үйшігі, тіпті Рудныйымның өзінде өскен бір тал гүлінің өзі менің өмірімде үлкен орын алады. Бұрынғыдан қалған ескерткіштері, көпірлері, үйлерді жанап өтетін көшелері мен үшін өте қымбат. Рудныйлықтар, сырттай қараған әр қайсысы әр түрлі болса да, оларды біріктіретін бір нәрсе бар, ол біздің даңқы асқақтаған Рудный қаласы. Рудныйымда менің достарым, туыс-туғандарым, ата-анам, барлық таныстарым тұрады. Солардың барлығы Рудныйды шын мәнінде жақсы көретіндігіне, қадірін түсінетіндігіне мен сенемін. Негізінен қаланы жақсы көру үшін оның атағы жайылған зәулім қала, немесе миллионер қала болуы шарт емес. Рудный тыныш, әлсін-әлсін дамып келе жатыр. Бір сөзбен айтқанда оны құрметтемеуге, жақсы көрмеуге еш себеп жоқ. Себебі бұл қала әр бір рудныйлықтардың жүрегінен орын ала білген. Кейде қаламның көшелерінде келе жатып тұнық ойға берілемін. Кей кезде қаламыз шулы, тынышсыз болса да мен оған қуанамын. Неге деген сұрақ туындар мүмкін. Себебін мен өзім де білмеймін. Мүмкін осы қалада тұрып жатқаныма, шашымды сыйпай өтетін көктемгі желге, төбемізде жарқырап тұрған күнге, қазақ еліндей тәуелсіз мемлекетіміздің ішінде тұрып, бой көтере бастаған қаламыздың өркендеуіне куә болғаныма болар. Қаранғы айлы түндерде көшелеріңді кезіп, сенің күн өткен сайын көркейгеніңді көрудің өзі бақыт. Менің қалам талай үміттерді ақтап, көзінде оты бар, жанары сөнбеген жастардың және оған сенген тұрғындардың көңілінен шыға білген. Бұл қалада тұратыныма мен шексіз бақыттымын.
Қаламның биігінде желбіреп тұрған көк байрағымның ғұмыры мәңгі болсын. Сол байрақтың желбірегеніне де талай жылдың жүзі болып қалыпты. Жуырда менің қаламда мереке. Яғни менде де мереке. Күн шуағындай жарқын бейнесі бар, осындағы әр бір адамның басына бақ болып қонған мекеніме 55 жыл толайын деп отыр. Көрер күні алда болса да талай қиындықпен сынақты басынан кешірген менің кішкене еліме 55 жыл. Қатігез, сұрапыл жылдары аяқтан шалынбай, сүрінсе де орнынан қайта тұрып, өз жолын жалғастырған қаламды мақтан тұта аламын. Басымды тік көтере отырып бұл менің қалам, бұл менің – Рудныйым деп мақтанышпен айта аламын. Саған қарап таң қаламын. Сен құдды бір батылдық пен батырлықтың, тапқырлық пен еңбексүйгіштіктің белгісі секілдісің. Тіпті 1949 жылы ұшқыш Сургутановтың өзі қаламыздың үстінен бекер ұшпаған секілді. Сол кездегі Сарыбай шатқалының үстінен ұшуы, ірі кен орны бар екендігінің анықталғанының өзі алланың бізге тартқан сыйы болар мүмкін. Көп адамның қажырлы еңбегі мен маңдай терін төгіп тұрғызылған қаласың. Талай жастар, қарттар сенің көркеюіңе үлес қосты. Қала болмаған кезіңде, халқың далаға палаткалар тігіп жатса да, болашағы жоқ деп безіп кеткен жоқ. Қайта сенің болашағың зор екеніне кәміл сеніп, сені барынша қолдап, саған бар күш жігерін сарп еткен болатын. Ол жылдары еліміз тәуелсіздік алмаса да, өміріңдегі ең алғаш қадамың жасалған болатын. Кенді қала атанып даңқың асты. Сонымен өмірге кеншілер қаласы келді. Саған үлес қосқан В.П.Новиков, Я.М.Гиммельмаш және В.Ш.Буреш секілді азаматтар саған бар үмітін артып, сені көркейтуге ат салысты. Сол арқылы дарынды жас мамандар қалаға қарай ағыла бастады. Еліміздегі ірі кен өндіретін комбинат – «ССКӨБ» құрылып, талай жанды жұмыспен қамтамасыз етіп, тыныштықта тұрған қаланы бірте-бірте тірілте бастады. Сенің атыңмен талай адамның тағдыры ұштасқан. Мысалы: 2-ші дүние жүзілік соғыстың батыры Прошкин Пётр, совет үкіметінің батыры М. П. Галин, сапёр Н. И. Киселёв (өмірінің соңына дейін басты маркшейдер болып Соколов кен орнында адал да әділетті қызмет еткен), «ССКӨБ»-тің 1-ші директоры Николай Фадеевич Сандригайлолар сияқты еңбегі сіңген адамдардың талайының аттары аталмай да кетіп жатыр.
Елу жылда ел жаңа демеуші ма еді халқым. Қазіргі таңда Рудный Қостанай облысының бетке ұстар мақтаныштарының бірі. Қаламызды көптеп мектептер мен денсаулықты сақтайтын орталықтар, бала-бақшалар мен мәдениет сарайлары ашылып жатыр. Мәдениеті мен өндірісі дамыған, салт-дәстүрлерімен ерекшеленге қаламыз. Қаламыздан көптеген спортшылар, саясаткерлер мен ақын, жазушылар шығып қаламыздың атын жердің түкпір-түкпіріне естіртіп жатыр. Осының барлығы біздің мерейіміздің үстемдігі. Оған қоса қаламызда жас кеншілер көп. Олар да назардан тыс қалып жатқан жоқ, барлығының басында баспана, қолдарында жұмыс бар. Қаламыздың атын бүкіл қазақ еліне паш еткен тағы бір нысан бар. Ол Рудный индустриалдық институты. Бұл оқу орны мемлекеттік деңгейдегі жоғарғы оқу орны болып табылады. Тіпті бізге жас мамандар көршілес елдерден жұмыс істеуге, оқуға келуде. Оларға біздің есігіміз әр қашан да айқары ашық. Бұл оқу орнының құрылуы тікелей рудный қаласымен байланысты болып келеді. Рудный қаласы құрылғанының алғашқы жылдарында жас жұмыскерлер мен талапкерлер көптеп келгені бәрімізге мәлім. Көбіне жастар жағы жұмысытарын құлшыныспен істеп, өз білімін жетілдіргісі келгендіктен осы оқу орны үлкен қауымның сұранысы бойынша ашылды. Бұл іске ат салысқан жас жұмысшылар мен ССКӨБ – тің бұрынғы басшысы Николай Фадеевич Сандригайло болатын. Көп адам жұмыс істегендіктен, кешкі бөлім өз жұмысын бастап кеткен болатын. 1959 жылы, яғни жоғарғы оқу орнының алғашқы жылдары 100 студент оқуға тіркелген еді. Ал бірнеше жылдардан соң бұл көрсеткіш 5 есеге ұлғайған еді. Бірте-бірте күндізгі бөлім де ашылып, шәкірттер тау болып үйіле бастады. Әрине бұл қаламыз үшін және сол кездегі қаламыздың болашағы жастар үшін қайталанбас бақыт болғаны анық. Сөтіп қаламыз өркендеп, кен орындарымыз жылдам дами бастады. Көптеген мамандықтарға сұраныс туындады. Сол кезден бастап оқу орнының жұмысы мен жауапкершілігі арта берді. Сол жердегі сабақ берген ұстаздардың да еңбегі ерең. Олар шәкірт үйрете жүріп өздері де үлкен сынықтан өткен секілді. Үйрете жүріп үйренгендері, шаршамай, асқан шыдамдылықпен, қазіргі таңдағы рудныйды көтерген, өркендеткен жастарды тәрбиелеп, жетілдіргендері үшін мың алғыс. Кеншілердің қолдауымен Рудный индустриалдық институтының оқу орны мен жатағы да жаңартылып, басқа орындарға көшірілді. Қазіргі таңда институтымызда 5 факультет, 21 кафедра жақсы жұмыс жасап тұр. Оқитын студенттер саны 4250 болып табылады. Бұл көңіл қуантарлық жағдай. Тіпті бқл оқу орын қайырымдылық, интелектуалдық ойындар секілді істермен айналысып, барынша көмек көрсетуде. Оған қосымша спорттық және мәдениет жағынан да қалыс емес. Рудный индустриалдық институтынан шыққан атақты да сыйлы адамдардың саны аз емес. Бқл оқу орны қаламыздың өмірінде, тарихында үлкен орын алып, мәңгі өмір сүреді. Мемлекеттік істерден де қаламыз еш тысқары қалып жатқан жоқ. Осыдан екі жыл бұрын Қазақстан республикасында алғашқылардың бірі болып Рудный есірткіге тоқтау салып, «ССКӨБ»-тің пешінде 235кг есірткі өртелді. Жастар жағын да ойлап, қаламызда «Горняк» мәдениет сарайы, оқушылар мен жастар сарайы өз жұмысын тыңғылықты атқарып отыр. Ендігісі біздің қолымызда.
Біз жастар қаламызды одан әрі өркендетіп, өсіріп, Рудныйдың дәрежесін әлемдік деңгейге шығаруымыз керек. Біздің ата-бабаларымыз біздің өмірімізді барынша жайлы етіп, қазіргі күнге жеткізді. Ал енді біз аталарымызға кәрілік шағында тыныш өмір қамтамасыз етіп, келер ұрпаққа жарқын болашақ сыйлауымыз керек.
Рудныйым сен ешқашан өлмейсің,өшпейсің. Сенің атың тарихта сақталады,. Сен жастарымның жарқын болашағысың. Өзіңді көрген адам сені ешқашан ұмытпайды. Бізді шабыттандыруды, өсіп өркендеуіңді жалғастырғайсың. Әр дайым тек алда болып, әр қашан еңбегің жеміске толы, табысты болсын. Ел есінде сен кең даламызда орналасқан, кең көңілді, дархан жүзді, кенді қала болып мәңгі есте қаласың. Мерей тойыңмен менің кенді қалам – Рудный!