Сүйген сұлу

Сүйген сұлу
жеке
блог

- Болды, кеттім, сау бол!

Бұрылып, үйге кіріп кетті. Артына қарамады да. Бар кінәсі... Бар кінәсі... Бар кінәсі неде еді? Е, иә, дүкенге кіргенде, қолынан ұстамай қойғаны екен ғой. Иә, ол Ақсұлудың қолынан ұстамай қойған. Дүкеншіден ұялған шығар. Ақсұлу мырс етті. Сол да себеп пе? Осы үшін де ренжи ма екен? Адам ренжігісі келсе, сәл нәрсеге ренжи береді екен ғой. Эх, қу көңіл...

Телефоны үздіксіз безілдеді. Безілдей берсін. Ақсұлу ыңылдап ән айтып жүріп, сырт киімін шешіп, ілгішке ілді. Біртүрлі тоңып қалыпты. Даланың суығын-ай... Телефон әлі безілдеп жатыр. Тұтқаны құлағына тосты. 

-Иә, тыңдап тұрмын?

-Шық бол қайтып?!

-Шықпаймын, кете бер...

-Не?!

-Кете бер деймін.

-Соған бола ма?

-Соған бола...

-Дүкенде қолыңнан ұстамай қойғаным үшін бе?

-Иә! Ақыры мойындапсың ғой.

-Күлкімді келтірмеші. Сол ренжуге тұрарлық нәрсе ме?

-Әрине.

-Шықшы, сөйлесейік.

-Кете бер дедім ғой.

-Керек емеспін бе?

-Иә.

-Расымен керек емес болсам... Көзіме тіке қарап тұрып айт...

-Неге?

-Әйтпесе, сенбеймін.

-...

-Шыға ғойшы енді...

-...

-Жаным деймін, шыға ғойшы...

Ақсұлу асықпай басып, қақпаның есігін ашты. Ол қақпа алдындағы теректің саясында тұр екен. Суықтан қорғанып. Күздің суығына түннің ызғары үстеле түсіпті.   

Біртүрлі аяп кетті. Сол кезде ғана өзінің шектен шыққан шолжаңдығы үшін ұялғандай болып, жүгіріп барып, мойнынан құшақтады.  Тоңып қалыпты. Жаңа ғана үйден шыққан жып-жылы қолдарымен оның мұрнынан шымшылады. Мұрындары да сұп-суық.

Қисынсыз қылығы үшін қабақ шытып, жазалаудың орнына, ол Ақсұлуды баурына басып, сәл тұрды да:

-Еркетотайым менің, - деді...

Көңіліне келіп қалса, бұрылып кете беретін әдет Ақсұлуда бұрыннан бар-тын. Кетіп қалса, артынан бәрібір келетінін білетін. "Келмей қойса ше?" деген қорқыныш болмайтын. Ақсұлу осылай еркелеп, осылай сүйетін. Басында Ол бұл қылығын түсіне алмай, әлек болды. Кейін тіпті, бұртиып кетіп қалатын қылығы сүйкімді көріне бастады. Өзіне жарасатындай. Балмұздақ бермегенге ренжіп, жылайтын кішкентай балапанның қылығына келе ме, өзі?! Біртүрлі мінезден де сүйкім тауып, Ол Ақсұлуды осы қылығымен қоса жақсы көре берді. "Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу" деген осы екен ғой, дейтін іштей. 

Ақсұлу сыңғырлай күліп жіберді. Ол да күлді. Бұл – тәтті махаббат сыйлаған бақыттың күлкісі еді...  

Сурет: allfun.md