"Сүйер едім бетіңнен..."
блог
Адам шіркінде арман, қиял таусылған ба?! Кей арманың тура көз алдыңа елестеткендей, бәрін қолмен қойғандай орындалып таң қалдырса, енді бір армандарың сен ойлағаннан мүлде басқаша болып, тіпті кейде өз ойыңа өзің қарсы келетін кездер де кездеседі. Мен тұрмысқа шықпай тұрып көп армандайтынмын, қандай жар болатынымды, қандай ана болатынымды елестетіп, қиялға теңізіне сүңгіп кетуші едім.
Тәрбие құрсақтан басталады дегенді естіп, құрсағыма сәби біте салысымен кітаптан кітап қоймай кеміремін, үнемі күй тыңдаймын, құрсағымдағы шарананы классикалық әуендермен, қазақы әндермен сусындатамын. Тетарларға, мұражайларға апта сайын барып, рухани байимын деп армандаушы едім. Бірақ барлығы өзің ойлағандай бола бермейді екен. Тіпті өз қолыңда тұрған кітап оқу деген істің өзін жүзеге асыра алмайсың.
Көңіл күйің бірде былай, бірде былай, түкке зауқың болмайды, бұрын жақсы көретін тамақтарыңның өзін сүйсініп іше алмайсың, қолың босай қалса отырған жеріңде ұйықтай қалғың кеп аяғыңды әрең басып жүргенде (менің гемоглобинім тым төмен болғандықтан сондай әлсіздік басты), жүкті кезіңде кітап оқу түгілі міндетті жұмысыңды әрең жасайсың. Сонда қараңғы боп қалып жатқан жоқпын, Массагетке материал дайындап жүрмін деп өзімді алдаусыратып қоятынмын. (балам осыдан өзіне керегін сіңіріп алсын деп..)))) Гений болмаса болмай-ақ қойсын, дені сау, саналы болса болды деген ойды қанағат тұтасың.
Негізі тақырып бұл туралы емес. Үш абзац жазып тастағаннан кейін есіне түскен дейсің ғо..))) 9 ай жүріп әйтеуір 4-5 кітап оқыдым. Жүктілік кезеңімнің 7-8 айына таяған кезде аяқ астынан халық әндерін, дәстүрлі әндерді тыңдауға аңсарым ауды. Жолдасыма «балаң дәстүрлі концертке барғысы кеп жатыр» дедім, (барлық қалауыңды сол арқылы айтасың мұндай кезді пайдаланып, балаң ананы жегісі келеді, біз мында барғымыз келеді деп)))) сонымен тура осы уақытта ондай концерт бола қоймады, амал жоқ ютубпен достастым. Сонда тыңдаған әндеріме ғашық болғаным сонша, бір жалықпай әлі тыңдап келемін. Мені сонша баураған не?
Дәстүрлі әндердің мағынасы, ұят пен ибаға, тәрбиеге тұнып тұрған сөздері, ырғақты әуені, сөздердің ұйқасы қандай десеңізші. Бірнеше мысал келтіріп, сіздерге де жиі тыңдап тұруға кеңес бергім келеді.
Халық әні «Той базар»
Су ағады арықтан,
Қыз қарайды жабықтан.
Сүйер едім бетіңнен,
Ұяламын халықтан.
Қараңызшы, қыз жабық жерден қарап тұр, оған келген жігіт басқа түгілі бетінен сүюге ұялады. Сол заманның махаббаты сонша ыстықболуы да осында жатыр емес пе?! Осындай құпия сезіммен, ұят пен ибаға толы махаббатпен қосылған ғашықтар кейін басқаға қалай бас бұра алады, бір-біріне өмір бойы ынтық болып, тоғыз-он баланы пытырлатып тастайтыны да осы махаббаттан шығар. Қазір ше?! Әнің де, заманың да «Эшкере айтып билегеің ұят емес, сенің қысқа киінгенің ұят емес» болып кетті.
«Қашаған Күржіманұылының Есқали Сұпыға айтқаны»
Келген қонақты қондырмаймын деп әдепсіздік танытқан келінге Қашаған жырау алдымен былай дейді:
Біздің елде сендердей жас келіндер
Сөйлемейтін еді ғой төмен бұғып.
Оң жақта отырушы еді ісін алып,
Қонаққа тұрушы еді төсек салып. Қазіргі келіндер қайын ағасының бетінен сүйіп, жанында купальникпен суға түсуге де қысылмайды. Осындай тәрбиеге тұнып тұрған әндерді тыңдаса, біразы ойға қалар еді. Сонымен қатар осы жырында Қашаған қазіргі «ән тыңдау харам» деп жүргендердің аузына құм құятындай домбыраның қасиетін тереңінен қозғап айтып шығады, оның негізі ағаштың құдіретін керемет сипаттайды. 10-сыныпта осы жырды әдебиет сабағынан өтіп едік, көбісінің есінде қалмаған болар, ал жыраулардың айтқан нұсқасын тыңдасаң Маңғыстаудың мақамы құлағыңның құрышын қандырады, тыңдай бергің келеді, тыңдай бергің келеді.
Майлықожаның термесі «Ата-ананың қадірі»:
Ыңылдап даусың шыққанда
Шықпаған жырақ қасыңнан
Күйзеліп жаны ашыған
Ай қараңғыда жыласаң
Таныған көрмей даусыңнан...
... Беліңнен батып былғансаң
Жиіркенбей жуып арылтқан.
Мұздай да бесік таянған
Жыласаң шошып оянған
Анаңдай қамқор бар ма екен?! Бұл сөздер «ноу коммент» қо, көзің жасаурап отырып тыңдай бересің.
Майлықожаның тағы бір термесі:
Інісі жақсы қандай-ды?
Айтқан бір тілді алғай-ды.
Ақылменен іс істеп
Бетіңе күйе салмайды.
Жеңгесі жақсы қандай-ды,
Шаршап бір келсең жұмыстан
Төсегін қалың салғай-ды.
Келіп тұрса ашуың
Айналайын мырзаш деп
Басыңнан сипап алдайды.
Атасы жақсы қандай-ды, анасы, ағасы, қарындас, нағашы, жиен, жезде, ағайын, осының барлығын айтып шығады, маған осы екі шумағы ерекше ұнайды. Осы әндермен қатар шығатын ютубтағы ұқсас әндердің барлығын тыңдап тұрыңыздаршы, не мағына, не ұйқас жоқ қазіргі әндермен басыңызды ауыртқанша, бір уақыт ерте заманға барып, шөліңізді қандырып қайтасыз.