«Сүйем» деші, Алматы... бақыттымын!

«Сүйем» деші, Алматы... бақыттымын!
жеке
блог



Үйсіз - күйсіз мен осы шаһардамын,
Тағдыр жолда желемін, сапардамын.
Тамсанамын үйі бар күйі барға,
Қоспай қойды мені осы қатарға кім?!

Жаңбыр жауса шалшығын басатын мен,
Ұлтын сүйген ұлтшыл деп тас атып ең!.
Рух әнін әуелетіп алып келсем,
"У" шаһарым, есігіңді ашатын ба ең?!

Құлап қалсаң мен едім сүйенішің,
Шыныңды айтшы, сен мені сүйемісің...???
Құлап қалса қабырғаң алшы міне,
Қабырғамды берейін, киелісің.
Шыныңды айтшы, сен мені сүйемісің?!

Керегі жоқ күйіңнің, үйіңнің де,
Бермей жатсың даланың сыйын кімге....!
«Сүйем» деші, Алматы... бақыттымын,
Өлгенше өмір сүрсем де үйіндіңде!

Адам бар ма сезінер азабымды,
Мәрмәрлатып тастапсың мазарыңды.
Кеңсай жаққа Алматы құлақ түрші:
«Сүйе алмадың неге сен қазағыңды?!»

Жүріп келем ой сүзіп көшеде мен,
(Осы жолмен жүріп ем кеше де мен.)
Саған деген сезімім сезілгенше,
Бұлттарыңмен айналып көше берем.
Жалаң аяқ лайыңды кеше берем.

Сезім үшін сұрай ма адам ақы...?
Ол Құдайдың мәңгілік шапағаты.
Түзде туып көшеңде өліп жатыр...
Саған деген қазақтың махаббаты...

20.02.2016
Марғұлан АҚАН