Сүрінбейтін тұяқ жоқ

Тұсауымыз кесілген соң, жығылып-сүрініп бала кезде талай мәрте жерден таяқ жеген едік. Өсе келе оң-солды танып, аяғымызды нық басып, алға қарай жүріп келеміз. Алайда, пенде болған соң, кейде сүрініп кетеміз.

Екінші сыныпта оқитын кезім. 25-мамыр. Соңғы қоңырау салтанаты. Бір кезде бір жыл бойы жақсы оқыған оқушыларды бір жапырақ қағазбен (оны тағы өзіміз сатып алғанбыз 35 теңгеге) марапаттау сәті басталды. Есімі аталғандар ортаға шығып, директордан грамоталарын алып келе жатыр. Кезек біздің сыныпқа келді. Менің де есімім аталғанда, директорға барып, сол қағазды алып кері қайттым. Сол сәтте "Құсайынова Эльмира" деп, сыныптасымның есімі аталды. Ол жүгіре жөнелді. Маған қарама-қарсы жүгіріп келе жатып, тура алдыма жақындай бергенде былш етіп жерге бірақ құлады. Ол кезде кішкентай қыздардың туфлиінің тақасы ары кетсе 5 см болатын. Сонда аяқ киімі тайып кетіп, тақасы сынып кетіп құлаған екен. Мен болсам аң-таң, барлығы күліп жатты. Эльмираны тұрғызып жібердім, ол болса ауырып қалған аяғымен ақсаңдап директорға сол бір қағазды алу үшін кете барды.


10-сыныпта оқитын кез. Сыныптас бір құрбым басқа сыныпта оқитын баланы ұнататын еді. Үлкен үзілісте асханаға бару әдетке айналған. Құрбым кезекке тұрып, кремі бар тәтті тоқаш сатып алмақшы. Мен шетте тұрғанмын. Бір кезде жаныма жаңағы құрбымның ұнататын баласы келді. Екеуміз әңгімені жібердік. Не айтқанымыз нақты есімде жоқ. Кенет жанымызға жаңағы құрбымның келе жатқанын байқадық. Ол болса, анау жігітті көргеніне мәз. Екі қолында екі тоқаш. Асығып келе жатыр. Әлде өзі сүрінді ме, әлді оны біреу қақты ма, әйтеуір, тура жақындай бергенде жығылып кетіп, қолындағы екі тоқашпен бірге анау жігітке қарай құлады. Досымыз қайта ұстап қалды. Екі тоқаш асқазанға бұйырмады, ол жаңағы жігіттің жаңа костюм, жейде және галстук алуына себепкер болды. 


Студентпіз. Лекция залдарынан баратын екі жер бар: кітапхана және асхана. Екеуі де киелі мекендер. Кейде екіншісі біріншісінен қасиеттірек. Жүрек жалғап отырғанбыз қыздармен. Бір кезде көрші столға таныс қыздар жайғасты. Араларындағы біреуі кезекке соңғы тұрған соң, кейінірек келе жатыр. қолындағы табада ыстық тамағы, тіскебасары, ыстық кофесі бар. Құрбыларына қарай асығып бара жатыр. Үстелге жақындай бергенде өзінен үлкен басқа факультеттің студенті, абайсыз қағып кетті, байқұс қолындағы асымен бірге құлап кетті. Жай құласа жақсы ғой, ыстық тамағы мен кофесін көрші үстелде ауқаттанып отырған профессор ағайдың үстіне төгіп алды. Ол ағай да жөнге келместен, анау қызды жерге алып, жерге салды. Аты-жөнін жазғызып, деканаттан бірақ шығарған.

Өз басымнан өткен жағдай. Құрылтайдағы кезім. Балатондағы қонақүйде кешкі асты ішіп жатқанбыз. Үстелдер төрт қатар болып, ұзыннан қойылған. Аралары тар. Даяшылар зыр жүгіріп қызмет етуде. Асқа қосымша әкелетін соус таратып жатты. Бір кезде даяшыны біреу қағып кетіп, қолындағы соус ыдыстары тізілген табасы аударылып кетті. Соустың бір ыдыс менің жотама құлап кетті. Арқам жып-жылы болып кетті. Соус ішндегі саңырауқұлақтар джинсиыма қоныпты. Орнымнан ұшып тұрып, бөлмеме көтеріліп, үстімді қағып-сілкіп, киімімді ауыстырып, қайта келдім дастархан басына. Соусты үстіме төөкен даяшы мені айналшықтап, өбектеп жатыр. Өз тілінде бірдеңе-бірдеңе дейді. Ағылшынша "ештеңе етпейді, барлығы жақсы" деп, әйтеуір, оны тоқтатқанмын.


Негізі мұндай жағдай кез келгеннің басынан өткен шығар деп ойлаймын. Себебі, атам қазақ айтқандай "Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ"



Бөлісу: