Суреттегі адам
блог
Сіз интернет парақтарынан жоғарыдағы суретті көрген боларсыз?
Суретті бұрын көрсеңіз де, бірінші рет көріп тұрсаңыз да ойыңызға бірден «Суреттің оң жағындағы адам кім?», «Мен неге ол адам туралы ештеңе білмеймін?», немесе «Неліктен бұл сурет дәл осы екі адамды салыстырып тұр?» деген сияқты сұрақтар келетін шығар?
Осы суретті интернеттен жиі көргендіктен осы тақырыпта зерттеу жүргізіп, сіздермен өз біліміммен бөлісуге бел будым.
Суреттегі ер адамдардың біреуі – Apple компаниясында бас директор ролін атқарған Стив Джобс, ал екіншісі – C бағдармалау тілін ойлап тапқан және UNIX операциялық жүйесінің негізін қалаушылардың бірі – Дэннис Ритчи. Көбіңіз Стив Джобсты білсеңіз де, Дэннис Ритчи туралы тіпті естімеген де боларсыз. Осы кісілердің екеуі де бір жылдың бір аптасында дүниеден өткен болатын. Алайда, көпшілік Стив Джобстың қазасын аза тұтса, көп адамдар Дэнис Ритчидің тіпті кім екенін де білмеді.
Бәлкім, Ритчидің жұмысының ел арасында әйгілі болмауының себебі адамдардың бұл заттарды қадірлемеуінен болар. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегендей, көбіне біз қандай да бір бағдарламаны пайдаланғанда оның қалай жасалғаны туралы ойлап жатпаймыз. Бағдарламалардың біздің өмірімізге сіңісіп кеткені сонша, тіпті күнделікті өмірде пайдаланатын басқа заттар сияқты. Мысалы, біз электр энергиясын пайдаланғында оның қалай жасалатыны не оны кім ойлап тапқаны жайлы ойлап жатпаймыз ғой. Осылайша, Дэннис Ритчи сынды генийлардың жұмыстары да көптеген жағдайларда елеусіз қалып жатады.ˡ
C бағдармалау тілін 1970-інші жылдары Дэннис Ритчи Bell Laboratories корпорациясында ойлап тапқан болатын. Сол уақытта C тілі бағдармаларды жазудың жеңілдетілген түрін ұсынып, өте үлкен жетістікке ие болды. C тіліне дейін қолданылып келген ассемблер тілі машина тілінен жеңілрек болса да, ол тасымалдауға жарамсыз, әрі оқып, жазуға қиындау болатын.² C бағдармалау тілі C++, C#, Java сынды кеңінен таралған тілдердің дамуына негіз болды. Сонымен қатар, UNIX, Linux, iOS, Windows сынды операциялық жүйелерін жазуға C тілі қолданылған болатын. C ұялы телефондарға арналған және басқа да күнделікті пайдаланылатын бағдарламаларды жазуға қолданылады. ³
Көріп тұрғандарыңыздай, Дэннис Ритчидің еңбегі басқа да бағдармалардың жасалып шығарылуына септігін тигізді. C тілі ойлап табылмаса, бәлкім, бұл бағдармалар да жасалмас еді. Сондықтан да мен сіздерге қолымызда бар заттарды қадірлейік дегім келеді.
Блог сіздерге көмектесті ме? Осы мәселе жайлы ойларыңыз қандай? Неліктен көпшілік Дэннис Ритчиді білмейді деп ойлайсыз?