"Суретші болу оңай ма?"
блог
Алматы облысы Талдықорған қаласы Лепсі ауылының тумасымын. 2004 жылы Астанадағы көркемсурет мектебіне түсіп 4 жыл оқыдым. Содан кейін 2009 жылы ҚазҰӨУ колледжінің грантым жеңіп онда тағы 4 жыл оқыдым. Кейін ҚазҰУИ университетінде грант ұтып, онда 5 жыл білім алдым. Қазір Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының магистрантымын. Менің ол жерде де жолым болып, грант ұттым. Суретшілік қабілетім осы 10 жылдық білімнің арқасында шыңдалды, әліде шыңдау үстіндемін. Өзімді жан жақты дамытып шығармашылықпен айналысқан қатты ұнайды. Сондықтан менің бүкіл өмір жолым осы өнермен байланысып кетті.
- Мамандығыңыз туралы айта кетсеңіз.
Мамандығым – «Станоктық кескіндеме» Менің кәсіби жолым өте ұзақ әрі қызықты. Ұзақ уақыт бойы мен тек тапсырыспен сурет салып жүрдім. Қазір мен одан да шаршадым, өйткені мен өзімнің жеке картиналарымсыз суретші болдым. Мен етіксіз етікшімін! Неге десеңіз, тапсырыс бойынша салған суреттерім клиенттерге беріліп, мен өзім еш нәрсесіз қаламын. Суретші көрме ұйымдастырып, суреттерін таныстырып, өзінің қалай сурет сала алатынын, ішкі әлемін, ойлары мен идеяларын көрсете білуі керек.
Мен кез – келген нәрсені сала аламын. Бірақ , көбіне адамдарды фотосуреттеріне қарап салғанды ұнатамын. Алдымда тірі адам тұрса да оның бет бейнесінің ерекше тұстарын көріп бастап салып кете беремін. Енді он жылдан астам уақыттан бері мен мұны үйреніп келемін (күліп) Әр портретке жете назар аударып егжей тегжейлі салғанды жаным сүйеді. Бірақ көп адамдар ұзақ отыруға шыдай алмайды. Сондай уақытта мені фотосуреттер құтқарады.
- Неге Гиперреализм?
Гиперреализм – кескіндеменің ең шыдамды әрі көп уақытты талап ететін саласы. Мұнда сіз өз шеберлігіңіз бен еңбекқорлығыңызды көрсетесіз. Яғни мен көшіріп салушымын. Осыған байланысты көптеген суретшілер мені айыптайды тіпті ұрсып алады. Менің картиналарды қиялдан салмайтынымды, тек суреттерден көшіретінімді ұната бермейді. Бәлкім, бұл елімізде кенже қалып отырған сала болғандықтан шығар. Бірақ , ол пікірлердің де саябырсыйтынына сенімім кәміл.
- Шабытты қайдан аласыз?
Маған шабыт табу өте оңай. Мен айналамдағы адамдарға қараймын, маған олардың бет – әлпеті немесе бетінің бір бөлігі ұнауы мүмкін және сондай кезде мен оны бірден салғым келеді. Мен бір затқа немесе бір адамға қарап отырып оның түсіне жету үшін қандай бояуларды араластыру керек екенін бірден елестемін. Мысалы, аспанға қараймын және бірден түсінемін: «Иә, ультрамарин, күлгін, лимон, және ақ» - деп араластыратын түстерді ішімнен ойлап қоямын. Ол маған әдет болып кеткен (күліп)
- «Эрнст және Янг» байқауында жеңіске жеткен картинаңыз жайлы айтып берсеңіз?
Иә, бұл халықаралық суретшілер байқауы менің жұлдызымды жаққан, шабыт берген жеңісім деп білемін. Ол байқауда жоғары ықыласқа ие болған картинам «Юные художницы» деп аталады. Мен үшін де ең ыстық сурет және менің мақтанышым. Сол байқау маған үлкен дем берді. Қаншама жылдық еңбегімнің жемісін де сол конкурстан көрдім. Суреттегі қыздар менің туған сіңлі – лерім. Жоғары да айтып кеткенімдей, мен суретті қиялымнан салмаймын. Маған адамның бейнесін қайталаған, мінезін жеткізген ұнайды. Себебі кейін сол адамдар менің суреттерімнен өздерін көріп қуанғанын қалаймын.
- Сіз үлгі тұтатын суретші?
Мен үшін бір туар тұлға ретінде, қазақстандық суретшілерден – Лейла Махатты айтар едім. Ұлы суретші, ол менің колледждегі оқытушым болатын. Нұр – Сұлтандағы Бейбітшілік және келісім сарайындағы «Құланшы» галериясының директоры. Маған оның болашақ ана және отбасы адамы болудағы сабырлылығы, жетістікке жетудегі тайсалмас қайсарлығы үлгі. Ал өткен ғасыр суретшілерінен: Репин Серов, Фениш тағы сол сияқты өте көп! Ренессанстың барлық суретшілерін ерекше жақсы көремін! Әсіресе Леонардо мен Микеланджело.
- Болашақ Асель Бекжанды қалай елестетесіз?
Мен шынымды айтсам, болашақ Асель Бекжанды елестете алмаймын. Мүмкін ол алдағы уақытта қазақтың зиялы тұлғалары - Абай, Мағжан секілді алаш қайраткерлерінің суретін салып халық ықыласына бөленер. Бірақ, ондай тұлғаларды салу үшін, үлкен жауапкершілікпен қатар, көп тәжірибе керек. Шынайы жанкүйерлердің қолдауы да аса маңызды. Ал әзірге мен ұлымды қамтамасыз еткім келеді. Ол менімен мақтанып, «- міне бұл менің анам» - деп айтуға лайықты болу үшін, көп жұмыс жасау қажет болса, мен істеймін. Қазіргі жалғыз мақсатым осы.
- Ізіңізден еріп келе жатқан жас суретшілерге айтар кеңесіңіз?
Айтар бір ғана кеңесім: Тек жұмыс істеңіз және еңбектеніңіз! Барлығы қиындықпен келеді. Шыдамды болыңыздар дер едім, себебі сурет салу – ол тек бір, екі сызықты ақ парақта түйістіру емес! Ол шексіз махаббатты қажет ететін, ғажайып өнер!
- Әңгімеңізге рақмет!