Сұраныс
блог
Бүгінде талқыға жиі түсетін, ең өзекті тақырыптардың бірі – әлеуметтік желілер. Әңгіме тікелей әлеуметтік желі туралы болмаса да соның ішіндегі мәселелер күн сайын, сағат сайын, тіпті минут сайын тілге тиек етеін негізгі тіреуші болып тұр. Қазір тіпті бұрынғысынша тапқа, талғамға, білімге, жасқа қарамастан жаппай әлеуметтік желі тіркелушісі атанып жатқандар жетерлік. Олар тек іштей топтастырылған. Айтайын дегенім жастар, оқушылар вконтакте, іскерлер фэйсбук десе тағы бірі твиттер, инстаграм, перископ деп жатады. Бұлардың алдында мой мир, однаклассники сынды танымалдылығы төмендегендері де бар. Біз қолданбаған түрлері қаншама. Бұлардың өмірімізге толқын іспетті бірнеше жылда еніп кеткендігі қызық. Даму қарқыны да таралу қарқынымен бірдей. Адамдар ұялы телефондарындағы қосымшаларын ай сайын жаңартумен әлек. Олар бүгінгі адам өмірінің бөлшегіне айналып кеткендей. Тіркелу өзгелерден артық болу үшін емес, кем болмас үшін жасалынатындай. Сондықтан елден қалмаймын десеңіз барлық әлеуметтік желілерге тіркеліңіз. Жо-жоқ бұл жарнама емес. Бұл жай ғана бүгінгі күннің сұранысы.
Жаңалықтар, қалжындар мен философиялық ойлар, фильмдер мен сериалдар, білімге баулыйтын посттар, түрлі суреттер, тамақтың түрлері, таныстарыңыздың жеке өмірі, іскерлік өмірі барлығын осы әлеуметтік желілерден табасыз. Онымен қоймай өзіңіздің өміріңізді, жеке пікіріңізді (болса, әрине) көпшілікке паш ете аласыз. Демек ол жерде де виртуалды болса да бір өмір бар.
Бұны 21 ғасырдың жетістігі деп анық айта аламыз. Дегенмен кейбір консерваторлар әлеуметтік желілерді адамның қас жауы көреді. Қарапайым адами байланыстардан, құндылықтардан жұрдай етеді деп ойлайды. Шын мәнісінде екі жақты пікірді де қолдауға әбден болады. Соңғысында қарапайым адами қарым-қатынастың бағасын түсіретіні бір бөлек, моральдік құндылықтардан жұрдай ететіндігі тағы бар. Қазір «комментарий» деген жақсы нәрсенің арқасында адамдардың пікір білдіруі оңай болып кетті. Оның үстіне пікірін өзге атпен қалдыруға ешкім тыйым салмайды. Өз атымен жазғанның өзінде экранның артында отырып айтқан сөздеріне елдің назарында қызармайды, заң алдында жауап бермейді (әзірге). Сондықтан қорықпастан үйінде отырып батыр болады. Осындай факторлар адамға ойланбай, тез әрекет етуіне әсерін тигізеді. Айтайын дегенім, әлеуметтік желілердің арқасында адамдар біраз «майдаланып» бара жатқан сияқты. Дегенмен бұқара бұрыннан сондай болмағандығына, әлеуметтік желі жай ғана олардың су бетіне шығуына көмектескен құрал болмағандығына кім кепіл? Бірақ, әрине, бұл да ешкімді ақтамайды. Себебі барлық жердің өзіндік этикасы бар. Әлеуметтік желілер солардың қатарында.