Суонсбородағы тағы бір оқиға...
блог
Сіз ең жақын адамнан айырылудың қандай қиын екенін білесіз бе? Оның енді келмейтініне, енді хабарласпайтынын, енді даусын естімейтініңді ойлағанда ішкі дүниеңнің алай-дүлей болатыны қандай қиын десеңші... Ондай жағдай менің де басымнан өтті. Бір емес, екі бірдей жақынымнан, ағам мен әпкемді жоғалттым. Бірақ, солардың естеліктерімен, солардың әдемі бейнелерімен бәріне көнесің. Менің оқыған кітабымдағы кейіпкердің де басынан қиын жағдай өткен. Бар-жоғы 25 жасында сүйіктісінен айырылып қалады. Тіпті, жанында бауырына басар баласы да болмайды....
Кітап- «Дневник Памятиіне» қарағанда көлемдірек, 42 тараудан тұрады. Әр бөлім өзінше қызық, «Түү, сосын не болады екен?»-деген сұрақпен ұйықтап тұрасың. Қызғаныш, махаббат, сезім, достық, соңғы жағы тіпті қайғылы жағдаймен аяқталатын, арпалысқан өмірмен бірге өзіңде бірге біте қайнасып жүргендей сезінесің. Тіпті бар ғой, жылайтын жерінде жылап, күлетін жерінде ішек-сілең қата күліп те аласың. Бірде мұңаясың, бірде қуанасың. Қысқасы, оқысаңыз, бөлінген уақытыңыз текке кетпейтініне кепілдік 500%.
Енді жалпылама һәм қысқаша айтып өтсем:
Бұл оқиға Солтүстік Каролина штатындағы кішкентай ғана Суонсбор атты қалашықта өтеді. Жалпы автордың екі шығармасы да, (мүмкін барлығы) осы жермен тығыз байланысты.
Джулия және Джим бір-бірін қатты жақсы көріп қосылған жұп. Екеуі бақытты отбасы болды. Бірақ, Шын ғашықтар қосылмайды , қосылса да мәңгі болмайды деген ұстанымды тағы бір дәлелдеді. Неге десеңіз, көп ұзамай Джим көз жұмады. Неден? Қалай? –деген сұрақтарға жауап кітапта берілген. Әлбетте Джулия қатты қиналады. Жылайды. Жалғыз қалады. Алайда, ең кереметі, Джим сүйікті әйеліне алдын-ала ғажап бір сыйлық қалдырып кетеді. Оны жеткізуші - Джим қайтыс болған соң әкеледі. Төртбұрыш қорапқа салынған затты ашып, жазылған хатты оқып көңілі босайды. Хатта: «Әрқашан сенің жаныңдамын. Есіңде сақта!» деген мазмұндағы Джимнің соңғы хаты. Ал қорапта кішкентай ғана күшік. Алдын, екеуінде ит асырасақ деген ой болған еді. Ол ойды Джулия айтқан-тын. Сол арманын Джим қайтсе де орындап кетеді. Күшіктің атын –Сингер деп қояды. Тұқымы өте мықты ит, өскенде үлкееен төбет болып өседі. Тіпті бойы Джулияның белінен келетін болады. Бірақ, ол Джулияға өте адал дос, сенімді серік, қорғаушы әрі қолдаушысы болды. Джулия онымен емін-еркін сөйлесе беретін, тіпті ақылдасып отырады. Сингер оны жақсы түсінетін, келіссе басын изеп не болмаса дыбыс шығарып, ұнамаса теріс қарап не үрген сияқты белгі беріп отырады.
Келесі кейіпкер- Майк. Джимнің ең жақын досы. Екеуін таныстырған да осы Майк болатын. Барлық қуаныштарында бірге болған, өзі күлкілі, жағымды кейіпкер, әрі Сингер де оны қатты жақсы көреді. Майктың ағасы Генри мен әйелі Эмми де өте жақсы жандар болды. Джулияның қиын күндерінде жанында болып, қолдау білдірген достары. Тағы бір керемет кейіпкер ол- Мейбл. Джимнің тәтесі. Джулияны қатты жақсы көретін. Екеуі шаштаразда бірге жұмыс істеді. Ал Майк пен Генридің көлік жөндетін СТО-сы болатын. Кейді Сингер Джулияға ренжіген кездерде Майктың гаражына кетіп қалатын. Сол жерде кешке дейін жүріп, қайта үйге қайтатын.
Бірақ, бір күні Ричард атты жігіт Джулиямен танысады. Ол жігіт күнде Джулияға келіп, оны кездесулерге шақырып жүреді. Алайда, Сингер ол жігітті ұнатпайтын еді. Оны көрген кезде жүні күжірейіп, арсылдап, оған ұмтылып тұратын. Жек көрді. Сол жек көрініші оны алдамайды, иттің мықтылығы сонда- оның жаман ниетті адам екенін сезгені. Тек жеткізуге сөйлей алмайтыны ғана кедергі болды. Шығарманың соңы қайғылы жағдаймен аяқталады. Ричардтың да бала кезінен көп қиындық көргені жазылған. Бірақ ол Джулияны бақытты еткісі келеді, оны қатты жақсы көреді. Тек, соны оған дұрыс жеткізбей, көп қателіктерге жол береді. Күшпен өзіне қосқысы келеді, күшпен жақсы көргізгісі келеді. Бірақ, махаббат –ондайға көнбейді ғой. Соның кесірінен Сингер ажал құшады. Өкініш...Осы тұста қатты жыладым. Сингер үшін. Иттің түрі, көз жанары көзіме елестеді....
Ал соңында Джулия кіммен қосылады?-деген сұрақ құпия болып қалсын. Оқырман мүмкін өздері іздеп, оқып алар деген үміт қой менікі ))))
Автордың осынша әсерлі шығармасы әлі ойымнан, есімнен кетпей тұр. Иттердің нағыз адал дос екенін дәлелдеген Хатикодан кейінгі екінші туынды осы болды. Содан соң «Сердечко» атты фильм бар. Ол да ит туралы. Ақтық демі қалғанша, көзінің жарығы сөніп, тас қараңғы соқыр болып қалғанша адал болған ит туралы. Мүмкін көрген де боларсыз?!
Хош, кітап ұнаса ерінбей оқып көріңіз. Барынша жеткізуге тырыстым. Егер ұсынар кітаптарыңыз не осындай фильмдер болса, төменге жазып қалдырсаңыз тіпті керемет болар еді...