«Ең үздік студенттік топ – 2015» бүгін өз жалғасын тапты. Яғни, бүгін, наурыз айының он алтысы күні Әл – Фараби атындағы ғылыми кітапханада байқаудың екінші кезеңі өтті. Байқау Маржан Арапбаеваның әсем әуенімен басталды. Шараны өткізу құрметі журналистика факультетінің студенті, Ана тілі аруы Еңлік Әбдіқадыр мен тарих факультетінің студенті Әлібек Қайратұлына берілді.
Аталмыш бұл дода Әл – Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы Мұтановтың қолдауымен және «Сұңқар» студенттер кәсіподағының ұйымдастыруымен өтуде. Алғашқы кезеңде үздік топтар өздерін таныстырса бұл жолы студенттеріміз «Әлемді өзгертуді өзіңнен баста» атты әлеуметтік бейнероликтерді жасауда бақ сынасты.
Алғашқы кезеңнен сегіз топ келесі кезеңге жолдама алған болатын. Атап айтқанда,
ФИЗИКА – ТЕХНИКАЛЫҚ ФАКУЛЬТЕТІ
ЖУРНАЛИСТИКА ФАКУЛЬТЕТІ
БИОЛОГИЯ ЖӘНЕ БИОТЕХНОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІ
ГЕОГРАФИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒАТТАНУ ФАКУЛЬТЕТІ
ХИМИЯ ЖӘНЕ ХИМИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ФАКУЛЬТЕТІ
ТАРИХ, АРХЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ЭТНОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІ
ФИЛОЛОГИЯ, ӘДЕБИЕТТАНУ ЖӘНЕ ӘЛЕМ ТІЛДЕРІ ФАКУЛЬТЕТІ
ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ БИЗНЕС ЖОҒАРЫ МЕКТЕБІ ФАКУЛЬТЕТІ
Үздік топтарды үздік әділ – қазылар алқасы бағалап отырды. Қазылар құрамында Елнұр Бисембаев, Айбек Шегебаев, Айдана Сыдықова, Ерман Бердалы, Еңлік Ерболқызы болды. Қазылар студенттік топтарды бейнероликтегі идеямен, тақырыптың кең түрде ашылуымен, жаңалығымен, өзетілігімен бағалай отырып, ереже бойынша 5 минуттық регламентте сақталуын ескерді.
Еске сала кетейік, дәл осы додадан жеңіске жеткендерге «Сұңқар» студенттер кәсіподағы ерекше сыйлық дайындады. Үшінші орынға «Табаганға», екінші орынға Ыстықкөлге, бас жүлде Астанаға жолдама.
Байқаудың алғашқысы болып физика – техникалық факультетінің бейнеролигі көрсетілді. «Мир который мы знали стал другим. Серым. Серые мысли» деп басталған бейнероликтерінің мағынасы жақсы ашылды. Келесі болып журналистика факультетінің бейнеролигі көрсетілді. Ең ерекше әсер еткені күллі зал роликтен көз ала алмай отырды. Шулы залдың бір сәтте тына қалғаны бейнероликтің мағынаға толы болғандығын көрсеткендей.
Биология және биотехнология факультеті тіпті уақытты кері айналдырса, география және табиғаттану факультеті залда отырған кей көрермендердің көзін жасқа толтырды. Химия факультетінің бейнероликтеріндегі кадр сыртындағы сөзі өлең жолдарынан құралды. Қазылар алқасындағылар айтпақшы өлеңдері филологтардан кем түспеген олар құлаққап мәселесін алға тартты.
Тарих, археология және этнология факультеті ерекше бейнеролик дайындады. Олар қайырымдылық шарасы ретінде Ақжар микро – ауданында орналасқан «Ақ үміт» балалар үйінде болып қайтып, соны көрерменге паш етті. Балалардың армандары мен мақсаттарын алға тартты, тіпті, бір кішкентай бүлдіршіннің өскенде бастық боламын, анама көмектесемін деген сөздері жүрекке жетті.
Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті мен Экономика және Бизнес жоғары мектебі факультеті ұялы телефонды ғасыр дерті деп, ортаға онымен күресі жолдарын ашып салды.
Жалпы, бүгінгі байқаудың екінші кезеңінде креатив болды деуге болады. Топтардың барлығы түгелдей дерлік үздік деген атауға лайық екендіктерін дәлелдеді. Алайда, топтан ең үздік шығатын ол біреуі ғана. Өткен жылдың жеңімпаздары география және табиғаттану факультетінің бейнеролигін соңында көрермендерге көрсетіп, өткенді еске алғаннан соң әділ – қазылар алқасы ортақ шешіммен ортаға шықты.
Жеңіліс тапқан топтарды Айдана Сыдықова мәлім етті. Оларға да арнайы сыйлықтар беріліп, сегіз топтан алтауы келесі үшінші кезеңге өтті. Келесі кезеңге өтпей қалған топтар Биология және биотехнология факультеті мен Экономика және Бизнес жоғары мектебінің үздіктері.
Бүгінгі дода өте жоғары деңгейде өтті. Ерекше назар аударылатын бұл байқаудың енді өтілмеген екі кезеңі қалды. Ендеше, алдағы кезеңдерде барлық үздіктен үздік шыққан топтарға үлкен сәттілік тілей отыра осындай доданы ұйымдастырып отырған біздің сүйікті кәсіподақ «Сұңқарға» алғыс айтамыз!!!