98-жылдың жазы болатын. Көрші үйдің біріне Жалаңаштан екі қонақ бала келді. Ағалы-інілі екен. Бізбен қатар. Алғашында бір-бірімізді жатырқағанымызбен, кейін дос боп кеттік. Бір күні сол балалар бізге сұмдық жаңалық айтты: Алматыда сумен жүретін ойыншық мәшіне шығыпты, қала балаларының бәрі қазіргі күні соны ойнап жүр екен...
Біз аң-таңбыз. Ауылдықтардың бәрі "Рас па?",- деп менен сұрады. "Мен қалада болғанда ондай машина жоқ еді. Кейін шыққан шығар",- деп шынымды айттым. Не керек, содан екеуі өздерінде де сондай мәшіне барын, қажет деп тапсақ, бізге де алдырта алатындарын айтты. Бірақ, саны шектеулі екенін, бәрімізге жетпейтінін де ескертті. Е, ол бізге кедергі болып па? Екі адамға бір мәшіне аламыз да кезек-кезек айдаймыз деп келістік. Қуанышымызда шек жоқ, мәшіне таңдауға кірістік. Айтуларына қарағанда түр-түрі бар: мерседес, ауди, жигули, москвич... Ернат екеуіміз бір үйде тұратындықтан, ортақ мәшіне алатын болдық. Таңдау да оңай емес. Көбі мерседеске тапсырыс берді. Біз ұзақ ойланып, өзара кеңесіп, ауди аламыз деп шештік. Содан тапсырысымызды бердік. Олар мәшінені Жалаңашқа бір барғанда алып келетін болды. Арада бірнеше апта өтті. Қонақ балалар тағы келді. Мәшіне жоқ. "Тапсырыс бердік. Ертең келеді дегенде, біз кетіп қалдық. Енді келесі аптада алып келеміз",- деді. Сөйтіп, олар қайтадан үйлеріне кетті. Бекер жатпай, мәшіне келгенде қалай ойнайтынымызды, не істейтінімізді жоспарладық. Ортамыздағы біреудің көкке шығайық деген ойы ұнап, сол ойды дамытуға кірістік. Қайда шығамыз, қалай шығамыз, не аламыз дегендей... Біреу құрт, біреу су, енді біреу нан алатын боп жатыр. Мен халва, пряник, кәмпит сияқты тәттіге жауаптымын. Қаладан келгендіктен атам мен апам менен ештеңені аямайтын. Қалтам барбарис, дюшес, снежинка деген кәмпитке толып жүретін. Халва мен пряник өз алдына жеке әңгіме. Ауылдың жоғары жағында тұрған дүкеннен шықпайтын едік қой, шіркін. Тіпті, пенсия түскенде Ернат екеуіміз жаяулатып Жалаңашқа барып қайтатынбыз. Ананы-мынаны айтып, көкке дайындығымызды әбден пысықтап болғанда қонақ балалардың келетін уақыты да жетті. Мәшіне тағы жоқ. Бұл жолы олар: "Мәшіне қымбаттап кетіпті. Бір мәшіненің орнына бәріңе ортақ автобус алсақ қалай?" деген мәселемен келіпті. Балалармен жиналып, біздің үйдің жанындағы жотаға шығып, ұзақ ақылдастық. Дау-дамай болды. Соңында автобус мәшінеге қарағанда әлдеқайда тиімді деген шешімге келдік. "Болды, шешілді. Автобустарыңды күтіңдер!",- деп, әлгілер тағы кетті. Сол күннен бастап алыс жолға шыққанда су құйып алғанға қажет болар деген оймен пластик бөтелке жинауға кірістік. Автобусымыз бұзылса кім жөндейді, қай үйде тұрады деген дүниелерді де талқыға салдық. Қой кезекке шыққан сайын аспанға қарап жатып айтатынымыз сол сумен жүретін автобус болды. "Шіркін, кәртөшкеге барғанда, шөпке шыққанда...",- деп жіберетінбіз әңгімені. Атқа мінгеспейсің, арбаға жармаспайсың... Осылай армандап жүргенде күн артынан күн, апта, артынша ай өтіп, жаз да бітуге таяды. Автобусымыз келмеді. Мен қалаға қайтатын болдым. Бұл уақытта кәртөшкені отап, каларадский жугын теріп, шөпті үйге тасып, қой кезектің алты-жетеуін атқарып тастаған едік. Тек көкке шықпадық.
Басқалар қалай елестеткенін білмеймін. Менің бала қиялымда ол автобус қазіргі сауда орталықтарындағы тоқпен жүретін ойыншық қызыл автобустардай болатын. Қыздарымды ойнатуға апарып, автобус, пойыздарға отырғызған сайын бала күнгі сол оқиға есіме түсіп, бір күліп аламын... Кейде сәтін пайдаланып, қыздарыммен бірге өзім де отырып, "Ех, сол кезде сумен жүретін автобус келгенде ғой..." деп қиялдап кететінім бар.