Сұлулық емес, кітапқұмарлық әлемді құтқармақ!

Жақында бір мұғаліммен сұхбат құрған едім. Ол маған бүгінгі балалардың шығарма жаза алмайтындығы өзін қатты алаңдататынын айтты. Оның айтуынша, шығарма баланың ойлай алатындығы, сол ойын өзі жеткізе алатындығы, мақсаты, мүддесі, арман-мұраты, биік талғамы, өзіндік таңдауы бар екендігінің дәлелі. Шығарма жазуды іш пыстыратын жұмыс деп түсінетін оқушыларымнан қорқамын, анығы олардың болашағы, елдің ертеңі не болмақ деп абыржимын деп әлгі мұғалім ұзақ ойға шомды. Сол бір әңгімеден кейін осы бір жазбаны жазамын деп шештім.

Өмірде кез келген адам біреудің сұрағының астына қалатын кездері міндетті түрде болады. Мейлі, ол жұмысқа тұру үшін өтетін әңгімелесу болсын, мейлі құрбы құрдастарыңның арасында болған талқылау болсын, барлығында қойылған сұраққа ұтымды жауап беріп қана қоймай, білетіндігіңді паш етуің қажет. Сол арқылы көзге түсесің, құрметке ие боласың, сенімге кіресің. Егер, кітапқұмар болсаң, бұл саған түк те қиын емес. Әртүрлі жанрдағы кітап әртүрлі керек ақпарат береді, оқи отырып, білімді молайта аласың. Мысалы, Сидни Шелдонның «Тұлғаның екіге жарылуы» деген шытырманды оқиғасын оқысаң, деперсонализация деген психологиялық ауру бар екендігін, Джон Шорстың «Джаханара» деген көркем шығармасын оқысаң, әлемнің жеті кереметінің бірі Тәж-Махалды Шах Джахан есімді моңғол билеушісі салғызғандығын, Маргарет Митчелдың «Желмен ғайып болғандарынан» 1860 жылдары Америкада орын алған азаматтық соғыс құлиеленушілікті қолдаған оңтүстік пен қарсы шыққан солтүстік арасындағы талас тартыс екендігін біле аласың. Және мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Кітап көп оқыған адамның демек энциклопедиялық білімі пайда болады. Бұл кітапты оқысаң, көрер пайдаң не деген сұраққа берген бірінші жауабым.

Екіншісі мынандай. Қазіргі таңда кинотеатрдан көріп жүрген киноларымыздың дені болашақ өмір жайлы. Оларға сенсек, әйтеуір бір күні Жер планетасы азып тозып, өмір сүруге қолайсыз мекенге айналады. Дәл сол кезде адамзат тығырыққа тіреліп, өзін өзі қорғауға, аман алып қалуға көшеді.
Ойлап отырсақ, Жердің күйреуі неден болмақ?! Кім оған себепші болады?! Адамзат мейірімділіктен ада, өтірік сөзге жақын, екіжүзді, опасыз, тасбауырға айналған күні ақырзаман болатындығын онсыз да білеміз. Кітапты сүйіп оқитын адам роботқа айналып кетпейді. Ол жаны нәзік, өзгенің қайғысына ортақтаса алатын, оқығанынан үлгі-сабақ алатын, әділетсіздікке көз жұма қарамайтын турашыл, жаны жайсаң адам болады. Қоғамда мұндай адамдар көп болса, қан төгіс соғыс та, ешқандай пәле-жала да орын алмас еді.

Қиялымды дамытамын десеңіз де кітап оқыңыз. Бұл үшінші пайдасы. Өзіне берілген тапсырманы бұлжытпай орындаумен қатар өздігінен басқа бір нәрсе ұсынатын жұмыскерді қазір кез келген жұмысқа алушы іздейді. Ал, идея ойлап табу үшін қойылған межеден асырып секіре алу қажет.

Сөздік қорын молайту үшін ең бірінші кезекте көркем шығарма көп оқу қажет екендігі бесенеден белгілі. Төртінші пайдасы да сол.

Ал, бесіншісі өзге тілге қатысты болмақ. Шет тілін үйренемін деушілер сол тілде қарапайым деңгейдегі шығармаларды оқи бастауы мақсат. Сол арқылы бірте-бірте тілді меңгеріп кетеді.

Қатесіз жазамын дейтіндер кітап оқуға көшкендері абзал. Себебі кітапқұмарлар неге сауатты жазатындығы түсінікті шығар...



Бөлісу: