СҰЛУ СЕЗІМ... ПЕРІШТЕ КҮЙ...
блог
«Маңайымдағылардың бәрін түсінуге тырысамын, тек өзімді түсіне алмай келем...»
Шынында, адамның жаратылысы қызық қой. Кейде өзіне не керек екенін білмейді… Ең алғашқы махаббат сезімін бастан кешірмеген адам кемде-кем болар. Ол жастық шақтың үлке-е-е-ен өмірге жолдама алар белесі сияқты. Ал содан кейінгі жақсы көру ше? Отбасы бола тұра өзгені сүйіп қалу да махаббат па сонда? Жастық желік дейін десең… Жас қырықтан асқан шақта… Еліктей еркелеп жүретін қызды сүймеу мүмкін емес шығар бірақ. Сыңғырлаған күлкісін айтсаңшы. Таза. Риясыз. Шынайы. Сол ерке қыздың күлкісіне ғашық болмау күнә шығар тіпті. Түнде – түстен, күндіз естен айырылды десе, тым артық болар. Бірақ жүрек тұсын бір діріл билегелі қашан… Көргісі келеді. Кездесіп, тілдескісі келеді. Сағынады. Оның өзінен қаншама жас кіші екені есіне түскенде жүрегі шайлыққандай қан жылап қоя бере ме, қалай… Әзірге күнде болмаса да, күнара сырттай көретініне, қал сұрап, сыпайы тілдесетініне шүкір дейді… Бірақ соны қанағат тұтпай, сайтан ой иектей беретіні несі екен? Оның жас екенін, әлі тұрмысқа шығып, бір үйдің түтінін түтететінін ойлағысы да келмейді. Тіпті ойламапты ғой… Құралайдай сүйкімді қызды ертіп, көз көрмес, құлақ естімес жаққа кеткісі келетіні өзіне ғана аян. Жастыққа басы тиісімен желден де жүйрік құлагер-қиялы «қызды ауылды» төңіректейді. Ойға елітіп, құлағына елік-қыздың сыңғырлаған күлкісі естілетіндей… оның жібектей шашынан сипап, ай маңдайынан өпкісі келетіндей күй кешеді. Жанына жылылық сыйлар ғажап күй шырмап жүргеніне де біраз болған. Шыдамады… Кездесуге шақырды да… «Ақыл айтар ағатайым болып қалыңызшы...» деген сөзін де естіді… Бірақ жүрегінің түкпірінен лақтырып тастай алмады. Оны ешкімге қимайды, көзінен таса еткісі келмейді. Біржан да, Ақан да жасы ұлғайғанда ғашық болған деседі. Сол күндердің бірінде еліктей ерке қызға деген сағынышы мен ыстық сезімі кеудесін ән болып жарып шықты… Шынайы махаббаттың, ынтыққан сезімнің құдіреті шығар, жүрегін ғашығына деген әнмен жылытты солай. Жаралы жүректің емі табылғандай болды бір сәт...
*** *** ***
Мұнысы несі?! Жүрегі кеудесінен шығып кетердей атқақтайтыны несі екен?! Жанына ән мен күйді, домбыраны серік еткен серінің өзіне де, өнеріне де ғашық. Жұмысқа сол үшін, оны көру үшін келетіндей. Оны көрмей қалса, жаны жабырқап, жүрегі мұздап сала береді. Көңілсіздік құшағына алып, құлази қалады. Оны көргенше байыз таппайтыны несі?! Бөлмеден сан кіріп, сан шығады… Дәлізден оның дауысы естілген сәттен-ақ жүрегі соғуын жиілетіп, жанын қоярға жер таппай аласұрады. Мұнысы несі екен?! Жасы қырыққа таяғанда… Өзінен үлкен отбасылы азаматты, бүгінгінің серісін өлердей сүйіп қалғаны ма?! Ештеңе ойлағысы жоқ. Бір білетіні – оған тілеулес екені… Амандығын тілейді. Маңдайы жарқырап, үнемі жадырап жүрсе екен дейді. Ол адамның өзінен тым алыста екенін сезінген сәтте жүрек түкпіріндегі сезімі үркіп қашып, кеудесін мұң басады. Көңіліне медет боларлығы – оның орындауындағы ол шығарған әндерді есту… Арманы – Естайдың Қорланы сияқты дүниеден өтерінде де оның әуелете шырқаған әндерін тыңдау… Ғашық адамның сүйгеніне жете алмауы заңдылық болар… Сұлу сезім былғанбаған кіршіксіз күйінде тек жүректе қалуы керек те шығар, бәлкім...