Сұлу өлім

Сұлу өлім

 

          Күз келді. Көгінен қаңқылдап алты қаз ұшты. Жасыл жапырақ жамалғын мәуе ағаштар, өз сәнінен айырыла бұтақтарында бұрала билеген сары жапырақтарын талақ ете жер ананың құшағына аманаттап жатыр. Табиғат заңынан мойын сұнуда. Бір қарағанда ерлік болғанымен, табиғат заңдылығының алдында өрлігінен айырыла шарасыздық күйін кешуде. Адам біткен мәуе ағашы. Көгереді, гүлдейді, уақыт сәті келгенде қарттықтың алдында қауқарсыздық танытып, ажал атты қақпаңға өз бетімен тұтқын болады. Кеше ғана көк жүзінде қаңқылдап ұшқан балаң бүркіт, бүгінде өлексілерге жем болар аянышты хәлде. Өткен өмірі жасаған еңбегі қайырлы болса адам ғұмырының зая болмағаны. Терезеге телміріп отырғанына сүт пісірімдей уақыт өтті. Сол уақыт ішінде көз алдынан өз ғұмыры жүйдек пойыздай жүйткіп өткені. Аз жасады ма, көп жасады ма әйтеуір біршама ғұмыр жасады. Адамдықтан аттап өте, пенделікке салынып талай жандардың көз жасына қалды. Жанына жат жандар бір басқа, өзегінен теппес өз жақындарына өзі залал келтірді. Өзегін керген өкініш өксіктей өңешті керіп барады. Жанын жеген азаптан айығарма еді... Өз мұңын кімге айтады. Есік алдына жүгіре шығып жер жаһанға жар сала айқайлар ма еді, бірақ мүгедектер арбасына таңылып отырысы мынау. Маңайында өзі сиқты мүгедек жандар. Бәрінің жандары жаралы. Алданарлары шахмат, дойбы. Барлығы жанарларымен есікті іздейді. Құтты есіктен өздері күткен қимас жандары кіріп келердей. Сұлтан қарт та есікке еріксіз көз тікті. Мұныңда күтері бар. Күдерін үзбей күтері бар. Бірақ, кімді күтеді? Жалғыз ұлы Бекжанды ма? Жоқ, перзентім деп атардай Бекжанға не қайыр етті? Әкелік мейірімін төкпек түгілі жарты жолда жалт беріп Жамалды жалғыз ұлымен бірге өзге бір жан үшін тастап кетпеді ме? Ол аздай қол көмегін де бермеді. Енді келе ұлым деп мейірлене қалған мына жүрекке қайранмын. Мұнша езілері бар күні кеше қайда қалды? Жә, қойшы бәрін... Бекжан келмесе, одан өзгесі келер. Бір жатырды мекен еткен, бір шатырда балалығы өткен бауыры Дастан. Бауыры... ия, жалғыз бауыры. Дастан Сұлтан үшін не жасамады? Қашанда қасынан табылып, қиын-қыстау заманда қол ұшын беріп жәрдем етті. Жамалды тастап кеткен сәтінде Жамал мен Бекжанға демеу болған осы Дастан. Жамалдан бас тартқан сәтінде, Сұлтан Дастаннан да бас тартты. Жоқ, Сұлтан емес, Сұлтаннан Дастан бас тартты. Міне, осылай бір күннің ішінде бауырдан да, баладан да баз кешті. Ендігі күтері Назым. Наз қылықты Назымы. Ия, жүрекке әмір берген, өміріне шуақ болған Назымы. Назымды есіне алғанда әжім басқан жүзінде әлде бір шаттық лебі байқалады. Бірақ, шаттықтың ізін ала бере мұң меңдей бастайды. Бүгінде солай. Назым мені әсте іздеп келмес. Іздеп келер болса тағдыр тәлкегіне  тастап кетпес еді-ау.  Романдарда кездесетін, аңыздарда айтылатын ұлы махаббатты қиялдаған, алдамшы сезімнің арбауына түсіп, адамдықтан аттап жат жанның құшағынан тапқан жалған бақытқа мас болған ғазиз басым. Мен жол апатына ұшырап, мәңгілікке мүгедектер арбасына таңылған сәтте менің сенерім, періштем деп балаған сұлу Назымым суынып шыға келгені. Мен сенген сол бір әлем көз алдымда күйреп жоққа айналды. Қара басымды тау мен  тасқа соқсам да одан келер пайда жоқ. Қазір бәрі өзгерген. Тек, піл сауырлы қара жер ғана өз қалыпында тұр. Жо-жоқ, ол да өзгерген... Ол өз қанағатынан жеріген. Өзекті жанға бұйырар жалғыз несібе ажал. Ажал жебесі тиген жаралы жанды кеудесіне қыса, қара топырақ өзіне жасырады. Мені де бір күні сызды қара жер құшаққа ала, жанарымды топырақ жабар. Көргенім, көрмегеніме айналар. Не ұттым, неден ұтылдым. Ақиқаты Аллаһқа аян. Жайылған терідей жалпақ дүниенің әр түкпірінде мекен еткен пенде біткеннің дүниеге жалаңаш келіп, жалаңаш кететіні өзгермес заңдылық. Қалғаны бос дүние. Мен ауыз толтыра мақтанардай ғұмыр кеше алмадым. Сұлу өмір сүру маңдайыма әсте бұйырмапты. Ендігі күтерім сұлу өлім ғана...Сұлу өлім... Сұлтан қарт терезе алдында өз-өзімен іштей күбірлесе ұзақ отырды...



Бөлісу: