сұхбат
блог
АҚШ-тың Огайо университетінің профессоры Юсуф КАЛИЯНГО:
«Қазақстанның мұнысы «қызық» екен...»
«Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де күшті» деген екен Міржақып Дулатұлы. Сол себепті білікті журналистер даярлау мақсатында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде біраз жұмыс атқарылуда. Мәселен, биылғы ақпанның 24-і мен наурыздың 7-сі аралығында біздің факультетке АҚШ-тың Огайо университетінің профессоры Юсуф Калиянго келіп дәріс оқыды. Ол әлемнің 50 шақты мемлекетінде болып, әртүрлі бағыттағы (ғылыми-зерттеу, публицистикалық, танымдық, әдеби) 15 кітап жазған танымал журналист-публицист. Екі апта ішінде біз Ю. Калиянгодан біраз нәрсе үйреніп, халықаралық журналистика туралы мол мағлұматты жадымызға түйдік. Америкалық ғалымның: «Қазақстан өзінің профессорлары мен оқытушыларына аз жалақы төлеп, ал мен сияқты шетелден уақытша келген дәріскерлерден (лекторлардан) ақша аямайды екен. Неліктен бұлай? Қазақстанның мұнысы маған «қызық» әрі әділетсіз көрінді» немесе «Қазақстанның президенті елі үшін көп шаруа тындыруда» деген пікірлері бізге үлкен ой салып, мұхит асып келген профессордан сұхбат алуға жетеледі.
- Профессор мырза, өзіңіздің журналистік жолыңыз туралы айтып берсеңіз, бұл салаға қалай келдіңіз?
- Жалпы, журналистика саласында 13 жылдан бері қызмет етіп келемін. Өзім Шығыс Африканың тумасымын. Алғашында саясат бағытында жұмыс істейтін журналист ретінде әртүрлі газет редакцияларында, теле-радио орталықтарында қызмет атқардым. Содан соң өз отанымдағы жергілікті телеарналардың бірінде әуелі жаңалықтарды өңдеуші, кейін жаңалықтар бөлімінің директоры болып істедім. Бірте-бірте халықаралық журналистика бойынша танылып, бертін келе АҚШ-тың әйгілі «CNN» телеарнасының Шығыс Африкадағы тілшісі болып қызмет істедім. «CNN» телеарнасында көптеген әлемдік деңгейдегі хабарларды дайындадым. Осы бағыттағы нәтижелі ізденісім үшін халықаралық ұйымдар мен «CNN» арнасы тағайындаған бірнеше жүлделердің иегері атандым. Кейін АҚШ-тың Миссури университетінің журналистика мектебіне оқуға түсіп, Ph.D. докторантураны 2007 жылы тәмамдадым. Ал 2008 жылы мен Огайо университетінің халықаралық журналистика институтына әрі профессор, әрі директор болып тағайындалдым. Скрипп атындағы осы білім ордасында әлі күнге дейін «Теле-радио жаңалықтары», «Халықаралық журналистика», «Шетелдегі тілшілік», «Халықаралық массмедиа жүйесі», «Кәсіби журналистика», «Қоғам және қоғамдағы шиеленістер» секілді тағы да басқа пәндерден дәріс оқимын. Оқытушылық-дәріскерлік тәжірибе негізінде мен екі ғылыми-зерттеу оқулығын жазған болатынмын. Үшіншісі биылғы жылдың желтоқсан айында жарық көреді деп жоспарлануда. Мен докторлық диссертациямды «Қоғамдағы шиеленістер» тақырыбында қорғадым. Қазір де осы тақырыпқа жиі қалам тартамын. Мәселен, 2010 жылы «Африкалық медиа және демкратизация» атты кітап жаздым. Менің зерттеулерім саяси қарым-қатынас, шиеленістер және дағдарыстар, олардың себеп-салдары мен қоғамдық пікір тақырыптарына негізделген.
- Халықаралық «ЭКСПО - 2017» көрмесінің Астанада өтетіндігін ендігі құлағыңыз шалған шығар?
- Әлемдік деңгейдегі жылт еткен жаңалықты қалт жібермейтіндіктен «ЭКСПО – 2017-нің» Астанада өтетіндігінен әрине, хабардармын. Бұл қазақ еліне ғылым мен техниканың соңғы жетістіктерінің жөңкілуіне, озық технология атаулының ағылуына жол ашатын шара. Менің ойымша, мұндай деңгейдегі көрмені өткізген ел ұтпаса, ұтылмасы анық.
Жалпы, көп ұлтты Қазақстанда халықтар достығының нығайып, дінаралық түсіністіктің жетіле түсуіне сіздің елдің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ерекше еңбек сіңіріп келеді. Ел ішілік тыныштық пен қоғамдық тұрақтылық мемлекеттің экономикалық-әлеуметтік тұрғыдан қарыштап дамуының алғышарты. Бұл тұрғыда қазақ елін үлгі тұтып, өзгелердің үйренері баршылық деп есептеймін.
- АҚШ журналистері көбіне қай тақырыптарға қалам тербейді немесе хабар дайындайды?
- АҚШ-та газет-журнал, теле-радио арналар өте көп. Мәселен, 50 штатта күнделікті таралатын 1500-ге жуық мерзімді басылым редакциялары жұмыс істейді. Оқырмандардың көпшілігі газет-журналдарға жазылмай, дүңгіршіктерден сатып алады. Ал тележурналистика туралы айтар болсақ, АҚШ-та жүздеген телеарналар «ABC», «CBC», «Fox», «WB» және «NBC» секілді 5 ірі орталыққа қарайды:. Америкалық газет-журналдар мен теле-радио орталықтар оқырмандарын, көрермендері мен тыңдармандарын атақты адамдар, танымал тұлғалар жөніндегі материалдар арқылы (өнер және спорт жұлдыздары, белгілі саясаткерлер т.б.) көбейткісі келеді. АҚШ-тағы бұқаралық ақпарат құралдарын негізгі жұмыс істеу бағыты бойынша былайша топтастыруға болады:
Жаңалық және ақпарат тарату – 79%;
Қылмыстар мен заңбұзушылықтарды әшкерелеу – 62%;
Биліктің кемшіліктерін сынау – 58%;
Тиісті мекемелерге халықтың әлеуметтік жағдайын хабардар ету
– 50%;
Белгілі бір шектеулі топтар мен ұйымдардың мүддесі үшін жұмыс істеу (мысалы, тек қана қара нәсілді адамдардың құқығы мен мүддесі туралы жазатын басылымдар бар) – 29%;
Шығармашылық бағытта жұмыс істеу (көркем әңгіме жазу, ғылыми-танымдық хабарлар дайындау т.б.) – 23%.
- Әлемнің ең әлеуетті еліндегі сөз бостандығы жөнінде не айтар едіңіз? Мысалы, сіз мемлекеттік билік өкілдерін емін-еркін сынай аласыз ба?
- Иә, әрине, Құрама штаттардағы сөз бостандығы АҚШ-тың конституциясы арқылы қорғалады. Америкада сөз бостандығының кең қанат жайғаны соншалық, нағыз жағдай ушығып кетпесе, көбіне-көп билік құрылымдары айтылған сындарға мән беріп жарытпайды.
- Профессор мырза, Америкада болашақ журналистер қанша жыл оқиды? Және студенттердің қандай да бір жерде жұмыс істеуге мүмкіндігі бар ма?
- АҚШ-та болашақ журналистердің оқу үдерісі төрт жыл мерзімді құрайды. Біз студенттердің теорияны практикамен тығыз ұштастырып білім алуына көбірек мән береміз. Сол себепті студенттердің «The Athens news», «WOUB news» секілді университет басылымдарында , «ATHENSI.com» атты университет сайтында, «AN», «FM» сияқты университет телеарналарында кәсіби тұрғыдан шыңдалуына жағдай жасаймыз. Сонымен қатар егер қабілет-қарымы жетіп жатса, жергілікті редакциялар мен теле-радио орталықтарында да жұмыс істей алады. Міне, осындай кәсіби қалыптасу мектептерінен өткен сутдент теориялық тұрғыдан жиған-терген білімін іс жүзінде қолдана жүріп, Огайо университетін тәмамдайды.
- Біздің университеттің журналистика факультетінде «Қазақ журналистикасының тарихы», «Журналистика негіздері», «Интернет журналистикасы», «Тележурналистика», «Радио және телебағдарламаларды дайындау», «Сыртқы саяси насихат», «Балаларға арналған бағдарламаларды дайындау» сықылды пәндер оқытылады. Ал сіздерде ше?
- «Этика», «Заң», «Медиа экономикасы», «Спорт журналистикасы», «Қоршаған орта журналистикасы», «Ғылыми журналистика», «Қоғам және қоғамдағы шиеленістер», «Шетелдегі тілшілік», «Ақпараттық журналистика», «Журнал журналистикасы», «Онлайн медиа» сықылды тағы да басқа пәндер оқытылады.
- Америкалық журналистердің жалақысы қандай? Олардың еңбекқысы өздерін қамтамасыз етуге толық жете ме?
- АҚШ журналистерінің жалақысы лайықты өмір сүруге жеткілікті. Университетті енді бітірген 21 жастағы журналист орта есеппен жылына 32 мың АҚШ долларын табады. Бірақ журналистердің жалақысы өздері қызмет істейтін БАҚ пен тұратын елді мекеніне де байланысты. Мәселен, ірі, ықпалды бұқаралық ақпарат құралдары мен үлкен қалалардағы еңбекақы мөлшері жоғары.
Сұхбаттасқан Алпамыс ФАЙЗОЛЛА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің ІІ курс студенті.