"Суфлер"

"Суфлер"
жеке
блог

Таңертең ояна сала телевизордың пультін іздейтін әдетім бар. Бүгін де солай. Қосқаным сол еді, ыржиып бір жігіт шыға келді. 

- Бүгін құлпырып кетіпсің! - деді.
Жүрегім дір ете түсті. Мынауың ана "бәлелердің" қатарынан емес пе, өзі. Жан-жағыма қараймын. Менен басқа ешкім жоқ. Ыржақай-жүргізуші тура маған тесіле қарап әлі жалғастырып жатыр.
- Көптен бері өзіңе айта алмай жүр едім... Сен шынымен де сұлусың!
"Мынаның есі дұрыс па?" деп ойлап үлгергенімше жаңағы жігіттің қасында қыз пайда бола кетті.
- Рахмет! Сол сөзіңді мына бағдарлама біткен соң айтсаң болмай ма? 
Ол да маған қарап тесіле сөйлеп тұр. Аздап қылымсығаны да маған арналған секілді. Енді миыма жетті. Құдай-ау, екеуі де суфлерге жабысып қалған екен ғой. Екеуара диалогты, ең құрығанда жаңағы "комплиментерін" бір-біріне қарап айтса болар еді ғой. Құдды бір суфлермен бірге туып, суфлерден тілдері шыққандай... Жалғыз бұл екі ыржақай емес, қазіргі жүргізушілердің көпшілігі суфлерсіз бағдарлама жүргізе алмайтын жағдайға жеткен. Музыкалық бағдарламалардың жүргізушілерінің өзі қолындағы қағаздан оқымаса, суфлерге қарамаса, сөйлей алмайды. Енді сәл шыдасақ, суфлерге қарап сұхбат беретіндерді көретін шығармыз. Телевидениенің суфлерге қатысты өз заңдылығы бар. Жаңалықтар, ресми ақпараттар міндетті түрде суфлерден оқылады. Ал, басқа еркіндеу бағдарламалардың барлығы жүргізушінің ой-өрісін байқататын болғандықтан, суфлерсіз жүргізіледі. Алда-жалда суфлерге қарайтын болсаң да оны байқатпауға тиіссің. Қағазға да қайта-қайта үңіле берудің қажеті жоқ.

Арман Сқабылұлының фейсбуктегі жеке парақшасынан