Су тасқыны – елге келген тілсіз жау

Су тасқыны – елге келген тілсіз жау

Қазіргі кезде елімізде күрделі жағдай қалыптасып отырғаны, қардың күрт еруіне байланысты су тасқыны болып, еліміздің бірнеше аймағында төтенше жағдай жарияланғаны мәлім. Бұл Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарына қатысты болып отыр.

Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5 411 жеке тұрғын үй, 1 607 аула аумағы су астында қалғаны, бірлескен күштермен 9,5 миллионнан астам текше метр еріген қар суы сорылғаны, 2,2 миллион қапшық және 1,2 миллион тонна инертті материал төселіп, 3 503 тұрғын үй мен 2 157 аула аумағынан су бұрылғаны, сондай-ақ су тасқыны басталғалы бері 111 194 адам, оның ішінде 39 222 бала құтқарылғаны және эвакуацияланғаны жөнінде нақты деректер кездеседі.

Су тасқынымен күресуге Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық ресурсы тартылған. Техника, су сору құралдары, әуе кемесі жұмылдырылып отыр. Сондай-ақ құтқару жұмыстарына Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Қарулы Күштер және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары белсене атсалысуда. Зардап шеккен аймақтардың әкімдіктері күн демей, түн демей жұмыс істеуде. Сонымен қатар қаншама еріктілердің де көмектесіп жүргендігін айту керек. Су тасқынына байланысты қазіргі сәтте еліміздің жағдайы оңай болмай отыр. Әйтсе де қиындықтар артта қалып, жуық арада  барлығы қалпына келеді деген үміттеміз.

Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару аса маңызды. Ең бастысы –халықтың амандығы.

Мен өзім Алматы қаласында тұрамын. Еліміздің басқа өңірлерінде болып жатқан су тасқыны және басқа да табиғат апаттарын көргенде соларға шын жүрегімнен жаным ашып, солар көрген қиыншылықты мен де көргендей боламын. Су тасқыны тоқтаса екен. Сол қалалар мен ауылдар бұрынғы қалпына келіп, сол жердегі тұрғындар бұрынғы тіршіліктеріне қайта оралса екен деп армандаймын. Осы мақаланы жазудағы мақсатым сіздер жалғыз емессіздер. Сіздер осы апаттан аман қалып, еліміздің барлық жері тыныш болса деген игі үмітпен өмір сүріп жатырмыз.

Алматыда тұрып еліміздің басқа жерлерінде болып жатқан тілсіз жау, еріген судың қалдықтарының «топан су» болып елді мекендерді басып жатқанын және халықтың қиналғанын көріп сіздермен мен де біргемін деп айтқым келеді.

Қыдырбекова Бибінұр Серікқызы

№182 жалпы білім беретін мектептің
11 сынып оқушысы



Бөлісу: