Су - саулық пен сұлулық кепілі

Су - саулық пен сұлулық кепілі
жеке
блог

Күнделікті жұмыс немесе сабақ кезінде кейбір адамдардың бөтелкеде су ұстап жүргенін байқаймыз. Сол кезде ойланамыз: мен де су алып жүрсем қалай болар екен? Су ішу қаншалықты маңызды, неліктен адамдар шәй немесе кофе ішіп жүре бермейді?

Адам ағзасының 70 пайыздан астамын су құрайтынын біле тұра, адамдардың басым көпшілігі тәулігіне 0,1-0,3 литр, тіпті одан да аз су ішеді екен. Күнделікті ішетін шәй, кофеден бөлек ересек адамға күн сайын орта есеппен 1,5-2 литр су ішу керек. Ғалымдардың айтуы бойынша табиғи судың ағзаға тигісер оң әсері өте көп. 

Зерттеушілердің пайымдауы бойынша суды еріктен тыс ішу дағдысы орасан зор пайда тигізеді:

1. Ағзадағы еріген заттардың жасушаға жылдам сіңуіне тікелей ықпал етеді

2. Ас қорыту үрдісін жақсартады

3. Ағзадағы жылу алмасуды, дене температурасының тұрақтылығын қамтамасыз етеді

4. Теріні жұмсартады

5. Ағзалық заттардың еріп, ыдырауына жол ашады.

6. Денедегі улы заттарды шығаруға көмектеседі

7. Бұлшық еттің дұрыс жұмыс істеуіне септігін тигізеді

Ал суды ас мәзірінен шеттету ағзаға зиян келтіріп, түрлі ауруларға шалдықтырып жатады.


Сонымен қатар, ғалымдардың зерттеу нәтижелері ағзадағы су тапшылығының әсерінен жасушалар кеуіп, олардың өлуіне әкеп соғатынын дәйектеп отыр. Бұл жағдайда адамның мазасы қашып, шаршаңқы күйде болады. Одан бөлек басқа да жайсыздықтар болуы мүмкін. Мысалы, көңіл күйдің болмауы, ауыздың құрғауы, терінің нашарлауы, иммунитеттің құлдырауы. Егер осындай белгілерді байқайтын болсаңыз сізге судың мөлшерін көбейту қажет. Оның үстіне, кез келген адам терлеу нәтижесінде біршама су жоғалтады, сол себепті оның орнын толтыру үшін үнемі су ішіп отыру қажет. Қорыта келгенде, су – тіршілік көзі, оған барлық тірі жан мұқтаж әрі су – тегін, ең қажетті ем. Міне, қазақ халқының «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегені осы шығар!