Байқалмай қалды зымыраған уақыт,
Бәріміз де есейіп қалыппыз.
Бір күніміз – уайым, бір күніміз – бақыт,
Студент деген халықпыз.
Мақсатымыз сол – бір маман болу,
Асқақ әрдайым арманымыз.
Бүгін әйтеуір, ойын-күлкі, сабақ,
Бір жұмбақ әлем алдағымыз.
Лекцияны айтсайшы, мызғып аламыз,
Ұйқыны қандыру – жоспарымыз.
Міне, екі жыл болды оқып жатырмыз,
Шамалы-ақ білім қосқанымыз.
Бір қуанарлығы – күнде танысу,
Көбейіп қалды достарымыз.
Ой, неткен ғажап, сынақ, емтихан,
Қайран күндер-ай күлкілі,
Сондағы қызық хикаяларды,
Еске аламыз ғой бір күні.
Дәл осындайда ешкім жоламайтын
Байғұс алдыңғы парталар.
Белгілі нәрсе, бәрі түсінікті,
Кім кімге кінә арта алар.
Жасырын қағаз, жыртылған парақ,
Соншалық жылдам соғады жүрек.
Жайына қалған айна мен тарақ,
Тек жақсы баға арман, үміт, тілек.
Тықыр таянса бәрі оқымысты,
Кітапханалар тіпті бос емес.
Әшейінде ешкім бас сұқпайтын,
Бір түрлі екен осы елес.
Ал, жақсы достар, менің сөзім бітті,
Ұнаса саған мақтай жүр.
Алда әлі талай сынақ, емтихан,
Осыны есіңде сақтай жүр.