Студент атанып, арман қуып, үлкен қалаға келгенде расында да бәрі бейтаныс болады. Жаңа қала-жаңа адамдар,жаңа таныстар.Келе сала жаныңа жақын достар табудың оңай болмасы сөзсіз. Мен секілді бәрімен достасып кетсе де, ақтарылып ішіндегі сырын мүлде айтпайтындар үшін тіпті қиын түсері хақ. Кейде ойлайсың, мына университет қабырғасындағы әрбір студент дәл мендей жалғызсырап қиналып жүрген шығар деп. Әрқайсысы бір-бір үйдің еркесі. Әрбірінде өздеріне ғана тән мінез бар. Студенттік өмірдің шынында да қиындығы мен қызық уақыттары қатар жүретінін ұқтық. Таныстығымызға аз ғана уақыт болса да, сабақ оқумен талай ұйқысыз түндерді, жейтін тамақ болмаған талай күндерді бірге бастан кешіріп үлгердік.
Студенттік өмірдің ең қызық сәттерінің бірі-жатақхана секілді.Әрине, кейде тоңазытқыштағы тамақтарымызды таппай қалатынымызды айтпағанда.) Мұнда еркелетіп, бар мінезімізді көтеріп, тамағымызды дайындап отыратын ата-анамыз жоқ. Сондықтан болар, келе сала барлығы бір-біріне қолдау көрсетіп, бауыр болып кетті.
Қазір білім алып жүрген университетімнің тек оқу процесімен ғана шектеліп қоймай, бойымыздағы талантымызды көрсетіп шығармашылықпен айналысуға зор мүмкіндіктер жасайтыны қатты қуантты. Қайта келмес бұл уақыттарды қызық әрі тиімді өткізу-өз қолымызда.