Студенттік асқазан
блог
Студенттер тамаққа ақша жұмсағаннан гөрі оны жинап киім алғанды жақсы көреді. Ал кейбіреулерінің шынымен де тамақ ішуге уақыты болмайтынын да айта кеткеніміз жөн. Осы себепті тәуліктің үш мезгілінде студенттердің немен тамақтанатынына бөлек тоқталсам...
Кейбіріміз сабаққа асығып, таңғы асымызды ішпей кетіп жатамыз. Енді біріміз семіріп кетеміз деп әдейі жемейміз. Ал басқалардың таңертең асқа тәбеті де болмайды. Осы секілді себептермен таңғы асты назардан тыс қалдырамыз. Алайда мамандардың пікірінше, таңғы ас біздің ағзамызға аса пайдалы, сондықтан оны тастауға болмайды.
Алайда, таңертең жақсылап тамақтануға көбіміздің тәбетіміз бола бермейді. Әрине, студенттер жатар алдында тойып тамақтанып алады, таңертең ораза ашу қиынға соғады. Сондықтан, кешкі асты ертерек ішкен жөн.
Осыған байланысты студенттерден «студенттердің таңғы асы» деген сауалнама өткізген болатынмын. Кейбіреулерінен арнайы интервью де алдым.
Мадина, 1-курс: Таңғы асты сабаққа байланысты кейде ішемін. Тамақты аз мөлшерде жегенді ұнатамын. Себебі І курста бәрі семіріп кетеді дегенді естігенмін. Сондықтан сұлбамды сақтауға тырысып жүрмін. Ақшамның көбін тамақтан гөрі киімге жұмсағанды қалаймын. Қарның ашқаны түріңнен білінбейді ғой, ал киім көркіңді келтіреді.
Түскі ас – адам денсаулығына өте пайдалы. Міндетті түрде ыстық тағам жеу абзал. Түскі асты жемеген адамның асқазаны тамақ іздеп, басы айналып, ары қарай жүруге шамасы болмай кетеді. Сондықтан денсаулық үшін түскі асты қалдырмаған дұрыс. Кейбір студенттер түскі асты керек етпейді. Кейбіреулерінің ыстық тамақ алуға қалтасы көтермей, аш жүруді жөн көреді. Сол себепті студенттердің көпшілігі асқазан ауруымен ауырады. Сондықтан аш жүрмеген абзал.
Райымбек, II курс: Әдетте түскі ас кезінде асханаға барып тамақтанғанды жөн көремін. Ыстық сорпа, ыстық ботқаға тапсырыс беремін. Асханаға баруға уақыт тапшы болған жағдайда, дүкеннен жейтін тағамдарымды сатып әкеліп, бөлмеден тамақтанамын. Түскі ас үшін уақытты міндетті түрде табуға тырысамын. Себебі салауатты жастар, еліміздің болашағы – біздерміз. Ақшадан ондай қатты қиналып жатқаным жоқ. Кез келген уақытта жегім келген тамақты алып, ең бастысы, асқазанымның бос қалмауын қадағалаймын.
Нұрислам,ІІІ курс: Түскі асты ішуге менің қолым тимейді. Түсте жаттығу залына барамын. Кешке қойылымға дайындық. Қолым босаған уақытта анау-мынау жеп аламын. Әдетте жейтін тамағым роллтон, сэндвич.
«Таңғы асты – өзің іш, түскі асты – досыңмен бөліп іш,кешкі асты – жауыңа бер»- дегендей, кешкі ас ішу кезінде асқазанға салмақ салмаған дұрыс. Жеңіл желпі тамақ жеген дұрыс шешім болып есептелінеді. Бірақ,әдетте, студенттер дұрыстап кеште тамақтанады. Кезекшілердің қолдары кеш мезгілінде босап, тамақ әзірлейді. Ыстық тамақты кеште ғана ішетін халықтың бірі – студенттер.
Арайлым, IV-курс: Кешкі асты 9-дар шамасында тойып жейміз. Себебі кезекшілер сол уақытқа таман тамақтарын дайындап, ыңғайласып алады. Асықпай отырып, ыстық тағамның неше түріне қолымыз жетеді. Күн ұзаққа жеңіл тамақтанған студенттер кешкі мезгілді тағатсыздана күтеді. Қарын тоятын уақыт жақындаған кезде, асқазаныңда сезімталдығын іске қосып, шұрылдап бастайды. Сол мезгілде тойып тамақтанып аласың.
Көпшiлiк “Байғұс студенттердiң роллтон мен қытай лапшасынан басқасына ақшасы жетпейдi, олардың күнделiктi тағамы сол” деп ойлайды. Ал шынтуайына келсек, мүлде олай емес. Қазiргi замандағы студенттердiң жағдайы әлдеқайда жақсы. Тамақтану режимi де орнықты. Мәселен, күн сайын жемiс-жидектiң әр түрiмен қоректенсе, айран, йогурт, сүт тәрiздi ақ та өз уақытысымен iшiледi. Балық, тауық тағамдары екi аптада 1-2 рет пiсiрiледi. Жалпылама айтқанда, бұрынғымен салыстырмалы түрде 70 пайызға жақсарған. Бұған бiр жағынан бiлiмгерлерге жағдайдың жасалғаны болса, екiншi жағынан, қазiргi замандағы студенттердiң барлығы дерлiк жұмыс iстейдi. Ал жұмысы бардың ақшасы бар, көңiлi тоқ. Бұндайда “ақша болса – алақанда сорпа қайнайды” дегендi ерiксiз еске аламыз.
Ал сіздер уақытында тамақтанасыздар ма? Асыққан кезде қандай тамақты жөн көресіздер? Тамақтану тәртібіңізбен бөлісе отырыңыз, оқырман!!!