Студенттерді парасаттылық пен ізеттілікке баулу

Студенттерді парасаттылық пен ізеттілікке баулу
жеке
блог

  Бұл туралы жастардың бойына парасаттылықты қалыптастыру және жоғары оқу орындары ортасында әдептілікті насихаттаудың әдіснамалық негіздеріне арналған ғылыми семинар болып өтті. Оған «Саналы ұрпақ» республикалық жобалық кеңсесінің өкілдері, Алматы қаласындағы ЖОО оқытушылары, этика және құқық саласындағы жетекші сарапшылар қатысты.

ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов атап өткендей, парасаттылыққа тәрбиелеу бағдарламасы университеттің БҰҰ-ның Өркениеттер Альянсымен бірлесе жүзеге асырылып жатқан «Қайырымды қоғам азаматтарын қалыптастыру. Қазіргі заман университеттер миссиясы» жобасының бір бөлігі болып табылады. Оның негізінде Аристотель, Платон, әл-Фараби сияқты ұлы ойшылдар жасаған тамаша қоғам туралы идея жатыр. Әл-Фарабидің Қайырымды қоғам туралы ілімі елдің азаматтары қандай болуы керек деген сұраққа жауап береді. «Әл-Мәдина әл-фадила» – бұл жас ұрпаққа парасаттылық, адалдық, әділдік, адамгершілік, сатқындыққа жол бермеу, сенімділік және басқа да ізгіліктерді дарыту бойынша біртұтас процесс ретінде білім беру мен тәрбиелеуді қамтамасыз ететін қоғам.

2019 жылдың қыркүйегінен бастап университеттің барлық студенттері міндетті түрде «Парасаттылық пен ізеттілік көшбасшылықтың негізі ретінде» пәнаралық курсын оқуға кіріседі. Бұл жерде олар парасаттылық мәдениетінің қалыптасу тарихын, оның моральдық-адамгершілік және психологиялық негіздерін таниды және кәсіптегі, қызметтегі жарияланымдылық, қоғамдық-саяси өмірдегі парасаттылық пен ізгіліктің құндылықтарына негізделген тиімді мінез-құлық модельдерін үйренеді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы этика және қоғамға қызмет ету саласында маңызды құзыреттіліктерге ие болады.

Бұл арнайы курсты енгізу ҚазҰУ әзірлеген жаңа буын университетінің моделі – Университет 4.0 аясында жүзеге асырылатын іс-шаралардың бірі. Оның маңызды мақсаты болашақ мамандарды – көшбасшылықтың басты құндылығы ретінде әдептілікті насихаттау негізінде парасатты, қайырымды және де рухани-адамгершілікті жоғары қоятын азаматтар етіп қалыптастыру. Аталмыш миссияның басты параметрлері білім беру бағдарламаларындағы кәсібилік пен әдептіліктің үйлесімділігіне қол жеткізуге, әлеуметтік жауапкершілікті тәрбиелеуге сонымен қатар қоғамға қызмет жасауға дайындауды бағыттайды.

"Саналы ұрпақ" жобалық кеңсесінің жетекшісі Қайыржан Тоқышев еліміздің барлық университеттері адалдық пен ізгілік құндылықтар негізінде қабілетті қоғам азаматтарын маман ретінде дайындауға көшуі тиіс деп атап өтті. Оның пікірінше, БҰҰ штаб-пәтерінде бастау алып, халықаралық деңгейде кең таралуға ұсынылған ҚазҰУ-дың Университет 4.0 моделін Қазақстанның барлық жоғары оқу орындары өз назарларына алу қажет. Бұл үдеріске "Сыбайлас жемқорлықтан тыс жоғары оқу орындары" атты ауқымды жобасын іске асыру шеңберінде "Саналы ұрпақ" кеңсесі әзірлеген оң тәжірибе ықпал ететін болады.

Семинарға қатысушылар ҚазҰУ-ға енгізілетін жаңа курстың оқу-әдістемелік кешенінің мазмұнын талқылады және оның негізінде қыркүйек айына қарай оқу құралы мен көпшілікке арналған он-лайн курсын дайындауды ұсынды. Сондай-ақ, сарапшылар ҚазҰУ-дың әлеуметтік зерттеу және әлеуметтік инжиниринг орталығығының студенттер үшін арнайы әзірленген парасаттылық пен ізеттілікті және де өзін-өзі бағалау бойынша сауалнама жобасын қарастырды. Семинар қорытындысы бойынша университеттік ортада әдептілікті арттыруға бағытталған білім беру әдістемелерін енгізу бойынша Қазақстанның жоғары оқу орындары үшін нақты ұсыныстар жасалды.