Студенттер көшбасшысы - Кипр төрінде

Студенттер көшбасшысы - Кипр төрінде

    Ағымдағы айдың 1-5 аралығында Солтүстік Кипр республикасының Фамагуста қаласында орналасқан «Шығыс – Жерорта теңізі» университетінде «студенттердің өзін-өзі басқару» тақырыбында бірінші халықаралық академиялық форум өтті. Аталған шараға елімізден бірқатар азаматтар қатысты. «United World» компаниясының қолдауымен жасалған бұл іссапарға ҚР Орталық сайлау комиссиясының баспасөз хатшысы – Жексембекова Венера Абыханқызы, «United World» компаниясының директоры –  Ахонова Надира Бауыржанқызы, Алматы қалалық филиалының директоры Мағауова Ақмарал Сәбитоллақызы, Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің проректоры – Жүнісов Әділ Мәуленұлы, Қазақ-Британ техникалық университетінің проректоры Түйебахова Зоя Қаимовна, Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық университетінің проректоры Сабырова Зәуреш Қуандыққызы шақырылған болатын. Ал Қазақстанды таныстыру рәсімінде сөз сөйлеуге 2 студент атсалысты. Соның бірі Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық университетнің студенті  Дина Абдрахманова болса, бірі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің  ректоры Ерлан Батташұлының тікелей қолдауымен «Алтын белгі» иегерлері қауымдастағының төрағасы Ендібай Мағжанға бұйырды.

     Дүниежүзілік сипатта өткен ауқымды форумға тікелей Кипр президенті Др.Дервиш Эроглу келді. Одан бөлек әр мемлекеттен 200 делегат шақырылған. Жиналыстың мақсаты -  жастар саясаты жағдайының мемлекеттік дәрежеде талқыланып, студенттердің өзін-өзі басқару топтары халықаралық түрде тәжірибелерімен алмаса отырып, әлемдік сахнада байланыс орнату.

     Жиналыстың басы Кипр президентінің сөзімен ашылып, кеш барысы әр елдің дайындаған жұмыстарымен жалғасын тапты. Ал дүниежүзі халықтарының алдында Қазақстанды таныстыру рәсімі ретінде Абдрахманова Дина «Саржайлау» әнін шырқаса,  ал Мағжан ақиық ақын Мұқағалидың «Қазақстаным» өлеңін оқып беріп барша көрермендерді таңдай қақтыра білді. Оның соңы «Қазақстан» жайлы  дайындалған керемет бейнероликпен ұласты.   Бұл тұста да ерекше көзге түскен Ендібай Мағжан «Шығыс – Жерорта теңізі» университетінің ректоры Абдолла Озтопрақтың қолынан «Алғыс хат » иеленіп, онымен қоса  жаз мезгілінде өтетін ағылшын тілінде біліктілікті арттыру курсына шақырту қағазын алды.  

      Бірақ жерлестеріміздің Кипрдегі сапары тек мұнымен аяқталған жоқ. Алғаш күннен бастап-ақ сол елдің тарихи жерлерін аралап, университеттердегі өзін-өзі басқару топтарының аясында біршама тәжірибелерімен алмасып қайтты. Ал өзге мемлекеттердің алдында еліміздің көк байрағын желбіретіп, ұлттық туындыларымызды дәріптеп жүрген азаматтарымыздың бұл істері  біз үшін қашанда мақтаныш!

                                                                                                             Сағым МАТҚАЛИ



Бөлісу: