Студент бақытын сезінбегендер...

Студент бақытын сезінбегендер...
жеке
блог

Жоғарғы оқу ордасының табалдырығынан үлкен өмірге имене енген студенттің ең керемет қуанышы - шәкіртақысын алғаш рет қолға алған кезде сезіледі. Мұндай бақытты сезінудің өзі бір басқа дүние. Мен де бөлмедегі құрбыларыммен шәкіртақымызды алып, кеудемізді керемет күй кернеп, жоғымызды толықтыру ниетімен асыға аялдамаға жеттік. Студенттер қауымының орталық базары айтпаса да белгілі емес пе?! Біз күткен автобус ұзамастан-ақ жетіп үлгерді. Шәкіртақысын алып мақсатты мекеніне асыққан біз секілді жас желеңдер өте көп екен. Жетпістің алыстан қарасы көрінгені сол еді, баршамыз бір театрға енетін көрермендердей топтаса қалдық. Автобус аялдамаға ыңырана тоқтағандай болды, ал кондуктор қош келдіңін: "ҚазҰУ-да адам қалды ма?" деген сөзбен қарсы алды. Ол аздай ішке еніп орын таба алмай қапқа тығылған собықтай соғылысып жан терге түскен студенттерге жүргізушінің: "Студенттерге Барахолка билеттерің қызмет ететін жер емес. Толық төлеңдер" деген қамшы сөзі жығылған үстіне жұдырық болды. Қарбаласпен байқамаппын, енді әйтеуір орын тауып жан-жағыма барлай қарасам, жолаушы орындығында отырған өңкей орыстарды көріп тіптен күйіндім. Жап-жас қыз келіншектеріне дейін орындықты меншіктеп алған, ал қазағымның асқар жасты алқымдаған аға-ана буын өкілдері соғылысып бұрышта тұрғанына шамырқанып та қалдым.

Осы ойдың шырмауында неше уақыт тұрғанымды білмедім, кондуктор мен жүргізушінің арсылдаған үні ойымды ойрандап кетті: "автобусқа кілең пенсионерлер мініпті ғой", - деп бір түйіп өтсе, енді бірде темірді тіреу еткен ондаған студенттің қолы дабыл белгішесіне байқамай тиіп өтіпті, бұл үшін жүргізушінің: "ҚазҰУ-дың қыздары жақсы ермек тауыпты" деген айналайын сөзін естіп те үлгердік. Мұны естіп шыдамы құрыған құрбым: "ҚазҰУ-дың қыздары болмаса аш қаласыңдар. Алла сол зейнеткерлік жасқа жеткізсін" деген ащы сөзін ашына айтты. Сан адаммен салғыласып үлгерген екі аға үшін қатты ұялдым. Өзге ұлттың көзінше бір-бірінің көзін шұқып мазақ болған, екі сайқымазаққа айналған қазақтың атпал азаматтары, бұл айбынды есімге лайық еместерін баршаға көрсетіп-ақ берді. Шіркін, неткен қор болып жүрген клоундар десеңізші!

Жарты сағаттық жол жарты күн өмірімдей сезіліп кетті. Тезірек мына автобустан түсуге асықтық. Осы оқиғадан кейін мен бір ой түйдім. Бұл екі адам студент болу бақытын сезінбеген жандар, қараңғы ортаның тәрбиесін алып, саялы өмірде санасын сергіте алмаған рухани сауатсыз жандар секілді. Студенттің де намысы барын, көкірегінде сәуле барын оларға ұғыну қайдан!.. Тек бар тілек еткенім: қандас қазағымның өзге ұлт алдында бір-бірінің етегінен тартып, абыройы айрандай төгілмесе екен!.....