Сценарист Перизат Мырзахметпен сұхбат
блог
Қазақ әйелін «жан жолдасым» дейді. Бұл үлкен сөз ғой. Жаны мен жаны үндес, ойы, арманы үйлес, егіз адамбыз дегені ғой» деген екен әйел жанын ерекше түсіне білген Ғабит Мүсірепов. Ал, қазіргі қоғамның қазағы әйелді қалай деп атайды. Біздің қоғамда ер адам мен әйел адам бір деңгейде болмауы керек деген түсінік ерте жастан бастап санамызды жаулап алған. Содан келіп, әйел адамның құқығы жоқ, олар әрдайым бір саты төмен болуы қажет деген шала жансар пікір қалыптасып қалған.
Ал, қыз мұраты қайда кету? Қазақ қыздарының жасы жиырмадан асса болды, өз орынын тауып, тұрмыс құруы керек деген қағида барлық адамның миына сіңіп қалған. Жиырма бестен асса болды, «сен бала тууа алмайсың, сен ешкімге керек емессін» деген сияқты үлкендердің сөзінен зардап шегіп жүрген қыздар да баршылық. Осы тақырыптар төңірегінде қазіргі жастар арасында танымал блогер, сценарист, продюсер Перизат Мырзахметтің ойы қандай екен.
— Сіздің ойыңызша қазіргі қазақ қоғамындағы қыздың, жалпы әйел адамның бейнесі қандай?
— Қазіргі қазақ қоғамында қыздардың жалпы әйел адамының жағдайы салыстырмалы түрде жақсы деп айтуға болады. Неге салыстырмалы түрде деп жатырмын, себебі біздің қоғамнан да мәдениетсіз, біздің қоғамнан да жабайылау мәдениеттер бар. Бірақ олармен салыстыруға, оларға теңелуге, олармен бірдей болуға, олардың деңгейіне түсуге біздің құқығымыз жоқ. Өйткені қазақ қоғамы феминизм деген ұғым пайда болмай тұрғанның өзінде нағыз феминист — гумнаист халық болған. Феминизм дегеніміз ол — гуманизм. Қарапайым ғана адамның құқығы. Ол деген еркекті жек көру, азаматтардың беделін түсіру, олардан қандай да бір билікті тартып алу емес, тек қана әйел адамның адам ретіндегі құқығын қорғау.
— 8 наурызда Алматыда алғашқы феминизм шеруі өткен болатын. Феминизм мен ЛГБТ түсінігін халық не себепті бір ұғым деп түсінеді деп ойлайсыз?
— Өкінішке орай, 8 наурыздағы феминизм шеруінің ЛГБТ өкілдері шеруіне айналып кетуі менің қарнымды ашырды. Мен басында өзім денсаулығым болмай сол шеруге қатыса алмай жатқаныма өкінгенмін. Бірақ түстен кейін шерудің мүлдем басқа реңк алғаны мен қатты ренжітті, мазаландырды. Өйткені Қазақстанда әйелдің құқығын қорғай алмай жатқан кезде ЛГБТ өкілдерінің құқығын тығып жібергені, феминзим мен ЛГБТ екеуі бір ұғым деп байланыстырып жібергені маған ұнаған жоқ. Мен ЛГБТ өкілдеріне қарсы емеспін. Олар болған, бола береді де және біздің қоғамда бар. Айналамызда жүр. Олардың да құқығы белгілі бір деңгейде қорғалуы керек. Бірақ шерудің атын “Феминзм шеруі, әйелдердің құқығын қорғаймыз” деп алып, оны өздерінің құралы ретінде қолданып кеткені маған өте қатты ұнаған жоқ. Өйткені, өзі онсызда феминзмге халықты үйрете алмай жүргенде, жағымды жағын көрсете алмай жүргенде ЛГБТ = Феминзм, Феминзм = ЛГБТ деп ұйқастырып жібергеніміз кішкене қарынды ашырды. Қазір енді бәрінің көзінде феминст адамның бәрі ЛГБТ өкілі болып шыға келді. Дегенмен біздің қоғам өзінің бастауларына келсе феминзим не екенін, гуманизм не екенін түсіне де қабылдай да алады. Сол ережелермен де, сол қағидалармен де өмір сүре алады деп ойлаймын.
— Қыз баланың өмірге келгендегі мақсаты тұрмыс құру, ана атану деген түсінікке көзқарасыңыз. Бұған қоса көп естіп жатамыз қыз баласына тұрмыс құрарда «бақытты боламын деп емес, барған жерінді бақытты қыламын деп бар» деген тілек білдіріп жатады. Осы тілекке сіздің ойыңыз қандай?
— Бұл шала жаңсар мәтел осы кейінгі жылдары сөздің әдемілігі үшін ойлап табылған болар. Бірақ қазақ ешқашан ондай қағидамен өмір сүрмеген. Менде ондай қағидамен өмір сүрмеймін. Әр адам өзі үшін жауап береді. Бақытты болғысы келген адам өзі бақытты болады. Өзі бақытты емес адам ешкімді де бақытты қыла алмайды. Кез келген адамның жалпы әйелдің де, еркектің де бұл өмірдегі басты мақсат- мүддесі тұрмыс құру, үйлену емес. Ең әуелі бақытты болу, егер сол бақытты болу үшін үйлену, тұрмыс құру, ұрпақ жалғастыру қажет болатын болса, онда тұрмыс құрады не үйленеді. Бірақ әркімнің таңдауы болу керек. Кімге тұрмысқа шығады, кімді жақсы көреді соны бәрін өзі таңдай білуі керек. Бұл ер адамдарға да қатысты. Бізде қыздар ғана өзінің сүйгендеріне қосыла алмайды деген түсінік бар. Жігіттерде де бар ондай жағдайлар. Қоғамның жетегінде кетіп, біреудің айтқанын тыңдап, үйлен дегесін үйлену керек деп әйтеуір үйленіп алып, соңында не өзі бақытты емес, не қасындағы адам бақытты емес, олардан туған адам да бақытты емес болып өздерінің жандарын өздері мүжіп, өмір бойы салпаңдап, сүмірейіп өмір сүретін адамдар бар өкінішке орай. Мұның бәрі жалған миссияны танудан. Әрине ондай миссия кезінде танылды, өйткені ұлттың саны азайып кетті, сол кезде қайтсе де әрбір қазақ үйлену керек, қайтсе де әрбір қазақ көп бала туу керек, солай қазақтың санын көбейту керек деді. Бірақ қазіргі жағдайда біз ол нәрсеге мұқтаж емеспіз. Сондықтан саннан гөрі сапалы қазақтың, сапалы адамның көп болғаны дұрысырақ деп ойлаймын. Әркім өз таңдауымен тұрмысқа шығып, үйленіп бақытты болып жатса, нағыз бақытты тұлға болады.
— «Қыз мұраты қайда кету Жайна+» сериалы туралы айтсаңыз. Жалпы бұл сериалды жарыққа шығаруға өмірде болған оқиға түрткі болыпты…
— Былтыр осы көктемде карантиннің басталған кезінде идея келді. Жасы жиырма бестен асып, тұрмыс құрмаған қыздардың жігіттермен қарым-қатынасы қандай болады екен. Кездесулерге барғанда қандай көңіл күйде болады екен, олар неге тұрмысқа шықпай жүр. Осыған үңіліп көретін бір сериал жасасақпа деген ой келді. Содан алғашқы версиясы жазылды. Басында 3-4 драфтвый версиясы шықты. Соңында осы қазіргі жағдайына жеткіздік. Бұл қарапайым стереотиптерді, қыздарымызды бақытсыз қылып жүрген таптауырындарды бұзудың әрекеті. Өйткені жастары 22-23-тен асса болды тұрмысқа шық деп аттандаймыз. Ол неге шықпай жүр деп ойланбаймыз. Ешқандай қыз «мен қайтсемде шықпаймын, мен бақытсыз боламын, жұрттың бәрі мені аясыншы» деп тізесін құшақтап отырған жоқ. Барлығы да бақытты болғысы келеді. Бәрі де өздерінің орындарын тапқысы келеді. Бірақ өкінішке қарай кейде жүрек қаламайды, кейде уақыты болмайды, кейде өзіміз әсіресе қыз балаларға тым көп жүк артып қоямыз. Бірақ сосын өзіміз сол жүкті арқалатып қоямыз да, сорын сорпадай қайнатамыз. «Неге шықпайсын, сен кімге керексін, неге тимей жүрсін, бала таппай қаласын, бақытты болмай қаласын, қу тізенді құшақтап жалғыз қаласын» деп әбден жүйкелеріне тиеміз. Өкінішке орай ортамда сондай сөздерден жапа жегіп жүрген қыздар өте көп. Сондай сөздерге шыдай алмай асығыстықпен тұрмысқа шығып кетіп, махаббатына, сүйген адамына қол жеткізе алмай қор болып жүрген қыз келіншектер өте көп. Ажырасып кетіп жатқандар да көп.Ажырасып кеткенде жалғыз қыз-келіншек ғана қорлық көріп жатырған жоқ, оның қасындағы бала қорлық көреді. Осындай нәрселер болмасын десек қыз-келіншектердің құлағын жегідей жемей, қашан тұрмыс құрасын, тұрмыс құрмасан бақытты болмайсын деген сияқты нәрселерді қанша жанашырлықпен айтсақта сәл пәл азайту керек деп ойлағанбыз. Сондықтан осы «Жайна+» сериалы шықты. Әр бөлімінде бір стереотипті көрсетіп отыруға тырыстық. Тіпті бірнеше стереотипті көрсетуге де тырыстық. Оның жан құрбысы Ұлболсынның атын неге Ля деп қысқартып тастағанға дейін айттық. Неге үшінші баланы тууға қорқатыны туралы да айтылды. Жайнаның жолында кездесетін жігіттердің ниет пиғылдарын бәрін көрсеттік. Негізі біз бұл сериалды қыз балалрға деп түсірсек көп жағдайда жігіттер қауымы көріп жатыр. Және алғыстарын білдіріп жатыр. Біз расында өзіміздің қателіктерді білмейді екенбіз. Маған өзіме Ақбергеннің образы қатты ұнайды. Орындап шыққан Саят деген бауырыма көп алғыс айтамын. Нағыз қазақ жігіттерінің бойындағы бір әлсіз тұсты әдемі көрсетті. Қыздың соңынан жүгірді, бірақ қыздың не қалайтынын сұрамайды. Таңнан кешке дейін өзінің қалауын ғана айта береді. «Мен сені жақсы көрем, мен сен үшін бәрін істеймін сен маған қайтсенде тиуін керексін» дейді. Сондай үмітпен өзі алданып, өзгені алдап өмір сүреді. Бірақ Жайна мықты, ол өз қалауын нақыт біледі, сүйтіп өз махаббаты үшін күреседі.
— Сериалдың бірінші эпизодында Жайна гей жігітпен танысады. Біздің менталитеттің 60-70 пайызы бұндай нәрселерге жағымсыз пікірде және отандық фильм, сериалдарда ашып көрсетпейді. Менің ойымша «Жайна+» бірінші. Осы бір эпизодтарды жасау барысында қандай қызықты сәттер кездесті.
— Осы сұраққа байланысты мынаны айтқым келеді. Біздің алғашқы екі бөлім кем дегенде 500 мыңнан қаралым жинады да, қалған сериялары 100мыңға да жетпей қалды. Өйткені алғашқы бөлімдерде біз гей туралы, ал екінші бөлімде секс туралы ашық айттық. Біздің халық қанша бұл ұят, бұл жиіркеніші, бұл туралы айту дұрыс емес, қазақ қыздарының аузынан мұндай сөз шықпауы керек деп жатқанымен жастар тығылып болсада сол серияларды көреді. Ал кейінгі серияларда біз алғашқы екі сериядағыдай «ойбай ұят болады» дегеннен кейін кейінгі серияларда біз көп нәрсені айтқан жоқпыз. Жігіт пен қыз арасындағы ашық қарым қатынастар туралы айтылмады. Ең аз дегенде сол сүйісу туралы сөйлескен жоқпыз. Сол себепті де қаралым аз болды. Қанша бүркемелегенмен, қанша бұл бізге ұят дегенмен жастар іздеп көреді сол нәрселерді. Сол гей туралы серияға маған алғыс айтқан қыздар мен жігіттер өте көп болды. Тик-токта «на конец то Netflix в Казахстане» деп тұрып «Жайна+» сериалындағы гей туралы үзінділерін алып салып миллиодаған қаралым жинаған роликтер болды. Бірінші рет жалпы қоғамда гей бар екенін мойындаған сериал деп жастардың арасында үлкен бір резонансқа ие болды. Сондықтан жазғаныма, салғаныма өкінбеймін. Неге гей туралы айтасыздар деп тек бір-ақ қана қоғам белсендісі бір жігіт жеке хабарласты. Одан басқа тірі жан «неге гей туралы айтасыздар» деп жазған жоқ. Керісінше әлеуметтік желілер, ютубтағы пікірлерді көрсеңіздер соңғы сериалардың бірінде «алғашқы сериалдағыдай гейлер туралы көрсеткенге ойлаған едім, ары қарай да осындай ашық әңгімелер болады деп. Бірақ сіздер үмітімізді ақтамадыңыздар» деген бір пікір болды. Мен ол қызбен келісемін, өйткені біз басында сондай белгі беріп алдық та, соңынан өз ойымыздан айнып қалдық. Ол әдеттегідей қазақтардың шегін шектеп жүретіннің кесірінен болып жатыр деп ойлаймын.
— Көпшіліктің көңілінен шыққан сериал не себепті жарты жылға жуық уақыт көрсетілмеді?
— Неге жарты жыл шықпады? Біз көктемде бес-алты пилоттық, яғни алғашқы екі сериясын жіберемізде халыққа ұнайды ма, жоқ па деп түсіріп көреміз. Сосын оны шығарамыз. Халық қайсысын ұнатса, қайсысында қаралым саны көп болып жатырса соны ары қарай жалғастырамыз. «Жайна+» сол алғашқы түсірілген бес-алты пилотканың ішіндегі ең көп қаралым жинағандардың бірі болды. Сөйтіп жалғасын түсіруді күтіп жатты. Басында қаржы болмады, одан кейін тағы да бір себептермен, техникалық жағдайларға байланысты түсіре алмадық. Өкінішке қарай осылай қысқа қалып қойды. Бұл негізі жаздық оқиғаға негізделіп жазылған болатын. Жаз мезгілінде түсірілуі керек еді. Бірақ халық күтпесін, қайтсе де түсіріп шығайық деп қыстың күні аязда актерлардың, түсірілім тобының жанын қинап, түсіріп шықтық. Нәтижеін көрдіңіздер.
— Инстаграмдағы посттарыңыздың асты «Жайна қашан шығады? Неге бәрін бірден шығарып тастамайсыздар» деген сынды пікірлерге толы. Жалпы осы сериалды жарыққа шығару кезінде қиындықтар болды ма? Және неге ютуб каналда. Телеарналардан көрсетуге болмас па еді?
— Былтырдан бері «Salem Social» компаниясы веб сериалдарға көшті. Сондықтан бұл «Salem Social» компаниясының жеке туындысы болғандықтан веб сериал ретінде көрсетіледі. Егер телеарналардан ұсыныс түсіп, біздің көрерменіміз осынадай нәрселер көргісі келеді деп жатырса, ары қарай түсіруге дайынбыз. Ұсыныстарға әрдайым ашықпыз. Аса қатты қиындықтар болған жоқ. Уақыттың сәл тығыздығы болды. Аяқ астынан халыққа тезірек көрсетейікші деп бір айдың ішінде сценарий жазып, сегіз күннің ішінде түсіріп, жарыққа шығаруға тырыстық. Асығысытықпен кеткен кішкене кетірген қателіктеріміз болды. Дегенемен өз деңгейінде болды.
— Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Нұроллаева Ақтілек