Сәлем, массагет! Бұл менің алғашқы блогым. Көптен бергі алғашқы блогым. Мен жаңа аккаунт ашып, жаңа өмірдің қадамын басқан тәрізді болсын деп осылай шештім. Қолдау күтем!
Кейде біз өз армандарымыздан бас тартамыз. Бірақ бұл біздің, өзіміздің таңдауымыз еместігі өкінішті. Біз үшін қоғам, стереотиптер мен таптаурындар әлдеқашан шешім қабылдап қойған. Осыны қалай жоя аламыз?
Адамдар арасында таптаурын деп аталатын бұл сөзді ғылымда "theory induced blindness" деген терминмен атайды. Қазақша тәржімаласақ - қалыптасқан соқырлық теориясы. Бұл ұзын-сонар сөзді өзімізді де, көзімізді де шаршатпай жәй ғана таптаурын деп алайық.
Жалпы стереотип, бұл ұзақ жылдар, ғасырлар бойы қалыптасатын процесс. Оны өзгерту, болдырмау немесе мүлдем жойып жіберу қиынның қиыны. Біраз мысал келтіріп өтсем.
Соңғы жылдары біздің эстрадада неше түрлі топтар мен жанрлар пайда болды. Бір ғана Ninety One тобын алсақ олардың әкелген у-шуы орасан еді. Осы сөйлемдегі "олардың" сөзі дұрыс болмас еді. Себебі шуды шығарып отырған қалыптасқан соқырлық теориясына байланып қалған халық. Яғни - біз. Біз эстрададан классикалық костюмдегі әншілерге үйреніп қалғандықтан, олардың стилі біздің санамызға, өзіміздің комфортымызға зиян келтіргендей сезінеміз.
Тақырыптан ауытқып кеттік-ау деймін. Тағы бір мысал келтірсем.
Бұл - қалыптасқан соқырлық теориясы. Сіз өзіңіздің ойыңыздың дұрыс екеніне ешқандай дәлелге қарамастан 100% сенесіз.
Біздің қоғамда адамдар бөтен адамның қызығушылығына, қылықтарына, істеген істеріне, киім стиліне, діни көзқарасына, музыкалық талғамына үлкен сын көзбен қарайды. Олар үшін адамның бойында бәрі мінсіз болу керек.
Үсті-басы татуировкадан көрінбейтін адам, еңбекқор және жоғарғы білімді адам болуы мүмкін. Рэп пен роктың біте қайнасқан ортасында классикалық музыканы жаны сүйетін адам болуы да ықтимал. Бір адам өте жақсы кәсіпкер болғанымен, сөйлеу мәнері жас бала секілді болуы ғажап емес. Қара киім мен түрлі-түсті киімді ұнататын екі бөлек адамның басқа бір жағдайға келгенде көзқарастары мен ойы бір болып жатса таң қалатын ештеңесі жоқ.
Бұл мақаламен мен не айтқым келді? Қазір XXI ғасыр. Адамзат баласы, әлбетте дамуда. Қазір кез келген адам өзі үшін шешім шығарады, шығара алады. Тас дәуірінде адамдардың өмірі дәл жануарлар тәрізді бір ғана шеңберді айналумен өтті. Аң аулау, от жағу, терімшілік. Осы жұмыстардан ешкім де аса алмайтын еді.
Бірақ, адамзат прогрессі бізді осы күнге жеткізді. Сондықтан да, біреудің шешімі мен ойына келгенде, оған 99% еркіндік берілу тиіс. Біз, сіз әлемді өзгерте аламыз.
Таптаурындарға сені таптауға жол берме!