Соңғы жылдары шыққан саны аз, сапасы да қуанта қоймайтын селдір-селдір болып сирек біткен қазақ фильмдерінің әсері болар, алғаш рет Саяси шешімдер институтына «Шалды» көруге барғанда екіұшты ой болды. Тұрсынов таң қалдырмаса да тұқырта қоймас деген үміт отандық актерлар ойынына, дыбыстық монтаждалуына, әуен-өлеңіне, сценарий-қойылымына деген қалған көңілге жол беріп, тасада қалып бара жатқан-ды.
Бірақ бізге бұл қазақ киносының басына біткен негіздісі бар, негізсізі бар сынның сағы сынған күнді көру бақыты бұйырыпты. Алғашқы кадрлар мен ә деп басталғанда-ақ айтылған сөздер алдымызда төрт аяғын тең басқан (аздап ақсаңдауы бар, ол туралы кейінірек) туындының жүріп жатқанынан хабар берді.
Өзгені білмедім, өзім «Тұрсыновтың «Шалы» деген тіркестің көптің көкейінде қатталып, жатталып қалатынына сенімдімін.
Аздап аңғалдау, ақкөңіл, шарт мінезді, нанотехнологияңа, Хиггс бозоныңа, әлемдік конспирациялық құпияларыңа түкіргені бар шал бейнесінің Ерболат Тоғызқовқа бұйырғаны сәтті болған секілді. Себебі, бұған дейін үлкенді-кішілі рөлдердің біразын бұтарлаған көзтаныс актердың бас кейіпкерді ойнауы қазір қолда бар әсерді сыйлай алмас еді деген пікірдемін. Біреу аула сыпырады екен, біреу әкімшілік қызметте істейді екен деп сан-саққа жүгіртетін Тоғызақов қанша дегенмен көрермен үшін белгісіз тұлға. Ал ана фильмде дүнгеннің, мына фильмде өзбектің эпизодтық рөлдеріне ие болғаны негізгі кейіпкер аурасына қосқан экзотикалық үлесіне зиянын тигізе қойған жоқ.
«Шал» — қарама-қайшылыққа толы фильм. Әр адам оны өзінің қалыптасқан тұлғасына, формасына, таным-түйсігіне сай бағалайды. Әрине, туындыны жақтағандар ақиқат шындықты айтып, жақтырмағандар хақ жолдан тура тайды (немесе керісінше) деген сөз жоқ. Режиссер түсірді, ал өзгесі талғам мәселесіне келіп тіреледі.
Жеке өзім тек визуалдық ғана емес, рухани да қорек алып шықтым. Ұрпақ арасындағы күрделі қарым-қатынастың қиын-қыстау күнде қандай жағдайда боларына көз жүгіртуге тырысқан Тұрсынов көрерменді ұйқыға жатқызып, ішін пыстырар туынды түсірмеген екен. Содан болар абстрактілі, моральдік, адами сигналдарды қабылдауды ұнататындар да, көз алдында қандай да бір оқиғаның жүріп жатқанын қалайтындар да фильмге бей-жай қарамады.
Ендігіден былай басқа бәкене туындыларды арасында шоғыры биік болып көрінетін «Шал» қазақ киносына жаңа өрнек, сипат бере алады деп ойлаймын. Аздаған эпизодтық актерларға тән жасандылық пен дыбыстық монтаждың тамаққа кес-кестей тұрғаны болмаса (мұндай кедір-бұдырға үйренгеніміз сонша, мән де бермейміз), айтпағы әжептеуір, айбары да бар, көлденең жұртқа ұялмай көрсететін фильм отандық киноның ошағы сөнбесін дегендердің картотекасында тұруы тиіс-ау…
«Шалды» көру керек. Фильм тек соны қажет етеді. Ал сеанстан шығып алып немесе компьютерімізды/теледидарымызды сөндіріп ұзақ-ұзақ ойларға берілуімізде Тұрсынов туындысының шатағы жоқ.
Режиссер баспасөз мәслихатында «мен «Шалды» қараған адамның кинодан шығысымен әкесіне хабарласқысы келгенін қалаймын» деген болатын. Тұрсынов жеке маған қатысты алғанда мақсатына жетті – экрандағы бір жапырақ Қасым шал 75-ке келген әкемді көзіме елестетті, сағындырды.
Дінмұхамед Зиядин
Түпнұсқа: shal.kinostan.kz