"Сталин" рөлін сомдау оңайға соққан жоқ..
блог
- Сәлеметсіз бе, Әділхан Абдолдаұлы мырза.Сұхбатымызды сіздің қалай өнерге келгеніңізден бастасақ.
- Өнерге бала кезімізден ғашық болдық. Ол өзі бір Құдайдың беретін таланты ғой. Әртіс болу бала кезімнен келе жатқан арманым. Содан мектеп бітіріп, армияда қызмет етіп, Алматы қаласындағы эстрада цирк өнеріне (қазіргі Елебеков атындағы колледж) түсіп, сол жерден 1985 жылы актерлік қуыршақ театрының маманы деген атақ алып шықтым. Сол жылдары партия кезі еді, бізді Жезқазған қаласына аттандырды. Жезқазған қаласында «Қуыршақ драма театрын» ашып, табан тіреп 5 жыл жұмыс істедім. Кейін 1990 жылы Алматы қаласында «Марианетка» театры ашылып, бізді сонда шақырды. Содан 1992 жылы театрдың жағдайы күрт нашарлап, ақша жоқ , партия құлап , театр өз жұмысын тоқтатты. Бұнымен біз тоқталып қалмай, өз алдымызға еңбектеніп, «Тамашаға» шықтық. 1994-тен 1997-ке дейін жұмыс істеп, Мұхамеджан Исакеев екеуімізГитлер мен Сталинді ойнадық. Содан үш жыл істеп, Талғарға қайтадан келіп, бұрыңғы жабылып қалған театрдың ашылуына атсалыстым. Сөйтіп театр ашылып, театр атағын қорғап, өз орнына тұрғыздық.
- Сталин болып шыққалы сізді көпшілік жұрт тани бастады. Бұл рөлді неге басқалары емес, сіз сомдадыңыз ?
-Актер деген өз алдына ізденеді. Мысылы, театр жабылып қалған жағдайда өз арманына қол жеткізу үшін барынша талпынады. Кез келген әртіске Абайды немесе Сталинді сомдау үлкен арман. Сол арманның жетелеуі болу керек, жаңағы Гитлерді ойнаған Мұхамеджан екеуіміз жұмыстан тыс дайындалып , сөйтіп жүріп тойларға шықтық. Жанбағыстың күнкөруінен тойларда Сталин, Гитлер образдарымызды сомдап жүрдік. Жұрттарға ұнай бастады , тойдан- тойға шақыра бастады. Күндердің бір күнінде Алматы қаласына үлкен тойға шақырды. Сол тойда бізді ақын Шөмішбай Сариеев көріп, оған рөліміз ұнап, тойдан кейін танысып, бізді «Тамашаға» шақырды. Шөмішбай ағамыз сол кездері Тамашаның бас редакторы болып жұмыс атқарды. Ал, «Тамашаны» марқұм ағамыз Лұқпан басқарды. Шөмішбай ағамызға Гитлер мен Сталинді көрсеттік және ол кісіге қатты ұнап, содан кейін барып бізді қабылдады. Сталин образын ойнау осыдан шықты.
- Бұл образды сомдау оңайға соқпағаны хақ . Қандай қиыншылықтардан өттіңіз және бұл образдан басқа тағы қандай рөлдерді сомдау қиынға соқты?
- Әрине, мұндай рөлді сомдау қиынға түсті. Ол кездері Қазақстанда ,бәлкім, Сталин рөлін сомдап көргендер болды. Алайда, сатира жанрында ешкім ойнамаған. Біз Мұхамеджан Мырзакеев екеуміз тұңғыш Гитлер мен Сталинді сатира жанрында сомдадық. Халыққа бірден ұнап, осы бір нөміріміз арқылы халыққа танымал болдық. Осы күнге дейін мені жұртшылық Сталин дейді. Қиынға соққан рөлдер сонау 90-жылдары болды. Ташкент қаласына барғанымызда маған Алдар көсе рөлін тапсырды. Сол кезде қатты қиналғаным бар.Өйткені, оның алдында қуыршақ театрында ойнап жүрдім, бірден драмаға ауысқан кезде қиналып қалдым. Бірақ, режиссердің арқасында бұл қиындықтардан өтіп, өте жақсы сомдап шықтым. Рөлдердің бәрі қиын. Актер ретінде мынау рөл жеңіл шықты деп айтатын актерларды мен жеке басым мойындамаймын. Себебі әр рөлдің өз қиындығы бар. Әрбір рөл - басқа біреудің өмірі, басқа образ. Мысалы, Сталин рөлін сомдау үшін мен ол туралы көп оқыдым, киноларын көп көрдім, оның қандай адам екенін толық зерттеп, оның өмірін түсінгеннен кейін барып шығардым. Мен үшін барлық рөлқиын. Жеңіл ойналатын рөл жоқ. Әр уақытта көп іздену, еңбектену керек.
- 2000-2005 жылдары «Күлкі керуен» театрында жұмыс істегеніңіз белгілі . Бірақ, өкінішке орай бес жылдан кейін театр тарап кетті. Бұған не себеп болды?
- Қазіргі таңда қарасаңыздар театрлар көбейіп кетті. Біреуі ашылып, біреуі жабылып жатыр. «Тамаша» да бөлініп кетті, «Бауыржан шоу» да жабылып кетті, «Күлкі керуен» де жабылды. Бұның себебі: үкіметтен қаржылай көмек болмағандықтан. Театрлар өз күшімен жүреді. «Тамаша» де мемлекетсіз өмір сүреді. Бізде Қазақстандағы сатира театрларының бәрі өз күшімен құрылған жеке театрлар. Жеке театр болғаннан кейін қиын. Жалақылары да аз болғандықтан кетуге , жабылуға мәжбүр болады. Халықтың қазір көп баратыны сол сатира театры , билеті қымбат болса да, сатып алады. Сондықтан, мемлекет тарапынан көмек болмаса , бұл театрлардың ғұмыры ұзақ болмайды деп ойлаймын.
- Қай театрды алып қарасақ та, ондағы әртістер тек сахнадағы рөлдерін сомдап қана қоймайды. Ән айтып, би билеп, тіпті керек десеңіз түрлі аспаптарда да ойнап жатады. Жігітке жеті өнер де аз демекші, сіздің бойыңызда әртістіктен басқа қандай өнер бар?
- Өнер өзі жалғыз болмайды. Өнер деген егіз болады. Әйтпесе, сегіз болады. Бұған менің бала кезімнен көзім жетті. Қарап тұрсам, актерлар ән айтады, сурет салады, сөзге де жүйрік болады. Мен өзім ,мысалы, мүсін жасағанды жақсы көремін. Қуыршақтарды да өзім жасаймын. Әртіс болу өте қиын, ал әнші болу қазіргі заманда оңай сияқты. Қаржыландыратын адамың болса, әнді келіп жаза бересің. Өнерді шын сүйген адам ғана театрда қалады. Ал, ақша іздеп келгендер қалмайды. Осы уақытқа дейін мен театрдан байыдым, көп ақша таптым деген сөзді ешкімнен естіген емеспін. Кейінгі әртістерге де айтарым, өнердің ішіндегі ең қиыны – театр әртісі болу. Әнші болсаң бір өзің-ақ ән айтып жүре бересің. Ал, әртісболсаң өзің ғана емес , қасында сен сияқтылардың бес- алтауы болуы керек. Мен ойлаймын, өмірінің соңына дейін әртіс болып жүрген адам – нағыз өнер адамы деп.
- Қазіргі кезде сіздің жекеменшік ашқан «Думан мапед шоу»театрыңыз бар. Бұлай атаудың себебі неде? Сол жайлы айтып берсеңіз.
- Бастапқыда айтып кеттім, 90-жылы «Қуыршақ драма театрын» ашқанбыз. Сол театр құлап қалмасын деп, 97-жылы халықтық атағымды қорғадым. Және осы қуыршақ театры жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. Ал, «Думан мапед шоу» деген сөзбен екі театрды бір ұғымға кіргіздім. «Думан» өзіміздің сатира театры, ал «мапед» бұл қуыршақ деген сөз. Яғни, сатира театры мен қуыршақ театры бірге деген сөз. Күндіз балаларға қуыршақ театрын ойнасақ, кешкі уақытта үлкен буындарға Думан театрын қоямыз. Бұның құпиясы осында.
- Мемлекет тарапынан сіздерге арнайы қаржы бөле ме және қандай көмек көрсетіліп жатыр?
-Мемлекетті жамандай беруге болмайды. Өйткені, біз осы мемлекетте өмір сүреміз. Осы мемлекет егемендік алған кезде қуандық. Әртіс қауымы ,өнер қауымы өз алдымызға жеке ел болдық. Біз гүлденеміз деп ойладық. Бірақ, олай болмады ,керісінше, біз төмен кетіп қалдық. Қазір әртістердің бәрі тойға шығып, жанбағыспен кетті. Мемлекет тарапынан ешқандай көмек болып жатқан жоқ. Мен өз басым 97-жылдан бастап халық атағымды қорғап , балаларға қойылым қойып жүрдім.Әрине, жеке қаржыммен. Осыдан 1-2 жыл бұрын ғана маған Талғар аудандық мәдениет үйінен «пол ставка» деген ақша бөлінді. 40 мың айлық алып тұрамын. Бірақ менің 4-5 актерлеріме дым жоқ. Оларға өзіміздің жұмыс істеуімізге байланысты қаржыландырамын. Ал, мемлекет көмектеспегеннен кейін өртке шалынған ормандай болып, ары -бері жүруіміз өте қиын. Негізінен, мемлекет көмектесу керек. Әсіресе,қуыршақ театрына бөлу керек. Себебі, бізде қуыршақ жасайтын арнайы мамандар, бутафорлар жоқ. Қазіргі кезде облыс бойынша 1-2 театр қалды. Олардың жағдайы керемет деп айта алмаймын. Өйткені, олардың да жалақысы төмен. Бірақ та біздің облыс басшылары біздің театрымызға штат береміз деп, осы жылы бізді қуантып отыр.
- Гастролдерге шығып тұрасыздар ма? Қай қалаларда болдыңыздар?
- Алматы облысында халықтық театрлардың ішінде қуыршақ театры бізде ғана бар. Біз үздіксіз гастрольге шығамыз. Мысалы, бір жылда 7-8 айымыз гастрольмен өтеді. Әйтпесе, бір жерде шектеліп тұра алмайсың. Біз Жезқазған, Ақтау, Балқаш, Шымкент, Атырау, Өскемен , Ридер және сол Алматы облыстарына гастрольдер жасадық.
-Алдағы жоспарлаңызбен бөліссеңіз.
- Біз жақында,осы ағымдағы жылдың бірінші сәуірінде күлкі күніне арнап Талғар қаласына концерт бердік. Әртістердің барлығын өзім үйреткенмін. Бәрі талантты , Талғардың жігіттері. Олар Қанағат, Төлеген, Құрманғали . Оларды өзім қабылдап, актерлік шеберлікке үйреттім. Сол қойған концертіміз жұртқа ұнап, халық сол қойған концертімізді қайта қойсын деп сұрап жатыр. Енді ол жағын көре жатармыз. Бірақ, сол концертімізді әрі қарай жүргізсем деймін. Талдықорған және басқа да облыстарға барып осы концертімді берсем деймін. Содан кейін қаржы жағынан ақша жинап, үлкен бір қойылым шығарсам деймін. Егер де үкіметтен бізге әртістерге жалақымызды беріп жатса, қаржы жинап, көлеңкелі театр шығарсам ба деген арманым бар.
-Сұхбатыңызға рахмет! Шығармашылық табыстар тілейміз.
Сұхбаттасқан Мөлдір Байтұрсынова