Ботик, рахмет эстафетаңа. Сенен де Ят бокетті. Екі күн ұстадым. Бірақ енді "сол эстафетаны маған бермегенде басқа кімге берер едің" деп қоям да өзімше. Қанша дегенмен, аударма ғылымының магистрымын, осы саланың жілігін шағып, майын ішкен маман – Сіреспе аудармашымын)). Кез келген мәтініңді сірестіріп тұрып аударып берген кезде не айтпақ болғанымды өмірі түсіне алмай кетесіңдер.
Жалпы ең жүйкем көтермейтін аударма сөзім - «шайтанарба». Білмим неге екенін, осы сөзді естісем нербиім қозып, сайтаным көтеріледі. Ауылдағыдай «Белесепет» дей берсек ОН есе қазақша естілетін сияқты)).
Әпкем «Қазақстан» телеарнасының дубляж бөлімінде жұмыс істейді(қазір декретте). Ағылшын, орыс тілінен сериалдар мен кино аударады. Менің де көмектесіп тұратын кездерім болады. Сол әпкем аудармадағы таусылмайтын қызықтарды жиі айтып келетін еді. Көбін ұмытып қалыппын.
Жалпы аудармамен көп айналысатын адам мәтін аударып отырып, өзі байқамай машиналды аудармаға түсіп кететін кездер болады. Оны аудармашының сауатсыздығы деп кесіп айта алмаймыз. Себебі ондай күйге аудармаға сан жылдар бойы машықтанған білікті мамандардың өзі байқамай түсіп кетеді екен. Яғни аударма рутинаға айналған кезде оған шығармашылық ретінде емес, жұмыс ретінде қарайсың да автоматты түрде қателік жібересің. Ойың басқа жақа кетіп, басқа бір қиял әлемін шарлап жүруі мүмкін. Бірақ ми қыртыстарыңның жартысын ғана жұмысқа салып аударма жасай бересің. Нәтижесінде қызық қызық өнімдер пайда болады екен)). Солардан мысал келтірейін:
Аудармашы машиналды жұмысқа көшкен кезде ең алдымен тұрақты тіркестер зардап шегеді:
* «Не суй свой нос куда не надо» деген сөзі бір қыз машиналды түрде «мұрныңды қажет емес жерге сұға берме» деп аударып кетіпті.
«У него не все дома» - «Оның үйінде бәрі түгел емес». Тәжірибесіз жас аудармашының осы «еңбегі» қазір «қазақстандықтардың» приколына айналып кеткен екен.
* «С нами весело» дегенді «Бізбен көңілді» деп жіберіпті.
* Қарапайым ғана «Ты куда?» деген сөз «Сен қайда?» болып кетіпті.
Өзге тілдердің ауызекі сөйлеу тіліндегі кейбір сөздерді қазақшаға аударғанда сөйлемді толық аяқтау міндетті болып саналады. Әйтпесе мағынасы түсініксіз болып қалады. Тағы бір мысал:
* «Я сейчас» - «Мен қазір» деп аударған. Дұрысы «Қазір келемін» деп толық аяқталу керек.
* «Ты о чем?» - «Сен не жөнінде?»
* «Толька после Вас» «Тек сізден кейін». (Оқылған кезде «тексізден кейін» болып кетеді).
* «Только ни это» - «Тек бұл емес». (Бір адамға жартастан дәу тас құлап келе жатыр екен. Сол кезде ол «только ни это» деп айқайлайды. Қазақшасында - «Тек бұл емес». Яғни «бұл тас емес, басқа біреуі құласыншы» деп тұрған сияқты))
* «Мне удобно и уютно» - «Маған жылы және ыңғайлы».
Редактор базбір аудармашының жұмысынан мынадай бір диалогты(қызбен жігіттің арасында) байқап қалған екен:
– Олар биік және әдемі.
– Сен не жөнінде?
– Мен жұлдыздар жөнінде. Олар мені ерліктерге шабыттандырады.
(Ескерту: бұл айтылған мысалдардың барлығы эфирден өткен жоқ. Редактордың тексеруі кезінде анықталған қателіктер. «Керекинфолық жазғышбектер» сияқты түймедейді түйедей етіп жүрмеңдер)
Эстафетаны Мейіргүл ханым ұшқынға ұстатайын. Кәріс сериалдарын аударып жүрген сияқты еді ғой.
Мен пақыр бұл эстафетаны Мейіргүл бастағанын да білмейді екем. Сондықтан оған ұстатқан таяқшамды қайтадан алып алып, Арайлым Смағұлға ұсынамын. Аударманың қадірін бір білсе осы қыз біледі деген үмітпен.