Спорттағы әділетсіздіктер қашанғы жалғаспақ?

Риодағы кешегі жарыс күнінде біздің бокстегі бауырларымызға жасалған қиянатты ендігі бәріңіз естіген боларсыздар. Үш раунд бойына шабуылдаған Олжас бауырыма қарсы бірде-бір мардымды шабуыл жасамаған әзірбайжан боксшысы жеңді дегенде қазақ жанкүйерлерінің ғана емес, бокстан хабары бар, 10 000 көрермен жинайтын зал түгелдей дерлік наразылығын білдіріп ысқырып жатты. Әзірбайжан боксшысы да өзінің шын мәнінде жеңілгенін біліп қатты қуана қоймады. Вася батырымыз да Тищенконы барлық жағынан жеңіп еді, тіпті соңында нокуатқа жіберетін мүмкіндік те болған, бірақ, медиктер мен қазылардың араласуымен орыстарға алтында алып берді. Бұл әділетсіздікке залға жиналған қалың көрермен тағы риза болмай, өздерінің наразылығын білдіріп жатты. Тіпті әлемге әйгілі ВВС каналының комментаторларыда осы екі батырымыздың жеңілгенімен келіспей өздерінің пікірін білдіріпті тікелей эфирде. Кәсіпқой бокстың қазанында қайнап жүрген промоутерлер де AIBA-ны мафия деп айыптауда. Жәнібекке де қазылар қырын қарады, алғашқы екі раунд тең дәрежеде өткен, ал соңғы раундта айқын жеңді, бірақ Жәнібек өзі қолын кеш сермеп қалды. Өз максимумын көрсетпеді, дұрыс тактика қолданбады. Кінә бұл жерде бапкерлерде, жекпе-жектің басынан дұрыс нұсқау бермеген. Мүмкін жоғарыдан үкім түскен болар, жеңіліңдер деген. Кім біледі, қателессем тілім жазықты. 

Дегенмен шешім шығарылып қойды, қылар қайран жоқ, біздің қолдан ештеңе де келмейді. Еліміздің спорт шенеуніктері тіпті саусағын да қимылдатпас, менің ойымша олар да сол AIBA мафияларымен араласып кеткен. Бұрын қаңқу сөз жүретін еді, медалистерді алдын ала тағайындап қояды деп. Сол сөз әр олимпиада сайын дәлелденіп келеді. Мысалға, өзінің бірінші жекпе-жегінде Мұхаммед Әлидің мәнерімен соққыдан жалтарып елдің ерекше ықыласына бөленген Қайрат бауырымыз, алдыңғы күнгі жекпе-жегінде өзбекті қуып жүріп сабаған еді, жеңілмеді, бірақ төрешілер шешімі басқа болды. Ол ол ма, кезінде Пекин олимпиадасында айқын басымдылықпен жеңіп тұрған Серік Сәпиевті де төрешілер тай боксшысына жығып берді емес пе? Ондай мысалдар көп қой айта берсек, Мерей Ақшалов, Бақтияр Артаев, сонау 2000-шы жылдары олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегері болған Болат Жұмаділов ағамыз да сондай әділетсіздіктердің құрбаны болған. Бұл қазір есіме түскендері ғана. Екі жыл сайын қайталанып тұратын әлем чемпионатында да қайталанып тұрады бұндай әділетсіздіктер. Бұның бәрін қазіргі әлемде болып жатқан саяси ойындармен байланыстырып жатады, мүмкін оның да ықпалы тиіп жатқан шығар, бірақ менің ойымша AIBA-ның өз саясаты бар. 

Бұндай әділетсіздіктер спорттың басқа түріне де араласып кеткен. Төрт жыл бұрын Ақжүрек бауырымыздың құлағын үндіс палуаны тістеп, қанап жатса да төрешілер аңғармаған сыңай танытып, үндіске жақтасып кеткені тағы бар. Бұл да күрес түрлерінде болып жатқан жалғыз әділетсіздік емес. Соңғы допинг жаласынан кейін біздің ауыр атлеттерге да қырын қарай бастаған секілді. Кеше қазақтың сары баласы Саша Зайчиков күмістің штангасын көтерген кезде алғашқыда есептеп, сосын есепке алмай қойды. Жалпы "әділемес" қазылардан ұпай жинайтын спорт түрінде ылғи да солай, гимнастикадан ең мықты құрлық саналатын Азия жарыстарында алтыннан алқа тағып жүрген еліміздің атақты гимнастшылары Ернар Ерімбетов пен Әлия Юсуповаға да олимпиадада қазылардың көңілі тартпай-ақ қойды. Айта берсең көп. Қазіргі әлемдегі мықтылардың, алпауыт ұйымдардың дәурені жүріп тұрған кезде бұл үрдіс одан әрі жалғаса береді. Бірақ қашанғы жалғасар екен, осы былық қашан жарылып сыртқа шығар екен, оны уақыт көрсетер... Ал әзірге айтарым, ешнәрсеге мойымай, қарсыласты құлатып жеңу керек және Дима Баландиннің айналысатын су спорты секілді нақты нәтиже көрсететін спорт түрін дамыту керек.

Жан айқайым ғой, ішіме симай жатқан. Олимпиададағы қалған спортшыларымызға сәттілік тілеймін, қазылар әділ шешімімен қуантсын. Аллам жар болсын!!!



Бөлісу: