«Спорт сүйікті ісіңе айналуы тиіс...»

  Расында, адам баласына аманат етіп берілген денсаулықтың қадірін кейде түсіне бермейміз. Әдетте, денсаулықтың құнын басқа  түскен сырқаттың өзі-ақ таразылап береді. Осы  ретте, «шынықсаң шымыр болатын» қағидаға берік болу  шарт. Әсіресе, Ұлттық ұлан сапында жауынгерлік қызметте жүрген әскерилер үшін бұл  бекем ұстанатын басты қиғадалардың бірі.

Әскерилердің дене дайындығын шыңдап, түрлі спорттық сайыстар ұйымдастырып, құрама командалары аймақтық, республикалық сайыстарда алдыңғы қатардан көрініп жүрген «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының спорт және дене дайындығы басшысы, кикбокс, грек-рим күресі, Регби сынды спорт түрлерінен спорт шеберлігіне үміткер, майор Дарыбаев Бауыржан Даутұлымен сұхбаттасып көрген едік.

– Бауыржан Даутұлы, әскерилер үшін дене дайындығы мықты болуы басты талап екенін білеміз.Осы талапты қатаң сақтап әрі спорттық дайындықтарын жетілдіру  үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

 

«КІЛ МЫҚТЫЛАРДЫ АНЫҚТАДЫҚ...»

– Шынымен де жауынгерлік қызмет атқаратын әскерилердің дене дайындығы қашанда басты назарда. Біздің басты мақсат, қатардағы сарбаздан бастап офицерге дейін спортқа деген қызығушылығын арттыру. Өйткені, спорт әскери адамның  жеке басына қойылған қатаң талап қана болып қоймай,  оның сүйікті ісіне айналуы тиіс. Сол себепті,  біз үнемі түрлі спорт түрлерінен әскери бөлімдерде үздіктер қатарынан табылған  спортшыларымыздан жеке құрам жасақтап, өңірлік қолбасшылықтар арасында өтетін сайыстарға жіберіп отырамыз. Бүгінгі таңда «Регби 7», «Самбо», «Қоян-қолтық ұрыс», «Әскери үшсайыс», «Қысқы президенттік көпсайыс», «Штаттық қарудан ату» сынды түрлі республикалық жарыстарда алдыңғы қатардан көрініп жүрген спортшыларымыз баршылық. Белгіленген бағдарлама бойынша өтетін сайыстардан бөлек, «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтарына қарасты әскери бөлімдер арасында жоспардан тыс  спорттық шаралар өткізіп тұрамыз.Мәселен, тақауда Өскемен гарнизоны бойынша  Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика кешенінде «Әскери-спорт кешені» бойынша кіл мықтыларды анықтадық. Бұл жеке құрамды әскери оқыту мен тәрбиелеудің  маңызды және ажырамас бөлігі, әскери қызметшілері арасындағы бұқаралық спорттың негізі болып табылады. Әскерилер белтемірге тартылу, 100, 1000 шақырымға жүгіру, күштік жаттығу кешенінен өздерін сынап бақты. Сонымен қатар, еліміздегі «Спорт күнін» атап өту аясында тамыздың 20-сы күні ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 5518 әскери бөлімінде Шығыс Қазақстан облысы президенттік көпсайыс федерациясы Президенті Леонид Саковский мен Президенттік көпсайыстан облыстың аға жаттықтырушысы Владимир Гуляшовтың тізе қосуымен нұсқаулық-әдістемелік сабағы өткізілді. Аға жаттықтырушы рота, взвод командирлеріне белтемірге тартылудағы, түрлі қашықтыққа жүгірудегі біз біле бермейтін кейбір әдіс-қырларымен бөлісті. Бұл сабақ біз үшін алдағы   инспекторлық тексеріске қажетті әрі маңызды тәжірибе алмасу болды. Сонымен қатар, Конституция күніне орай  «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімдерінің қатысуымен 5 шақырым қашықтығына жүгіруден сайыс өткіздік.  Күн райының алабұлттанып, уақ-уақ жаңбырдың сіркіреуіне қарамастан аталмыш додада бақ сынауға 100-ге тарта Ұлттық ұландық қатысты. Мәре сызығын алғашқы болып аттағандар  «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Ақтанов Қайрат Михаиловичтің  бұйрығымен  арнайы медальдар мен мақтау қағаздары табысталды.

– Өзіңіз ұйымдастырған спорттық шараларға атсалысып, бірлесе жұмыс атқаратын спорттық ұйымдар бар шығар?

 

«БІЗ ОРНАТҚАН ТЫҒЫЗ БАЙЛАНЫСТЫҢ ЖЕМІСІ БАР...»

– Әлбетте, өңірімізде Ұлттық ұлан спортшыларына қашанда қолдау жан-жақты көрсетіп, түрлі сайыстарды ұйымдастыруға үнемі ат салысатын  спорттық ұйымдарымыз жеткілікті. Олармен бүгінгі таңда тығыз байланыс орнатылып, жемісті жұмыстар атқарып келеміз. Мәселен, бүгінгі таңда  спорттық шараларымызды өткізуге «Ольга Рыпакова» жеңіл атлетикалық манежі таптырмас спорт кешендерінің болды. Біздің спортшыларға қашанда қолдау көрсетіп,  өңіріміздегі спорттық кешендірдің  есігін біз үшін қашанда айқара ашатын қазіргі таңда  Шығыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Рыпаков Денис Сергеевичтің еңбегін атап өтпеске болмас.  Өзіңіз білесіз, Ұлттық ұланымыз 2016 жылдан бастап «Регби 7» сайысынан сынға түсе бастады. 2017 жылдан бастап «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерден жеке командалар жасақталып, бүгінгі таңда аймақтық, республикалық турнирлерде үздік нәтижеге қол жеткізіп,  бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысының намысын қорғап келеді. Осы ретте, Шығыс Қазақстан облысы бойынша Регби федерациясының президенті, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Талғат Омаровпен тығыз жұмыс атқарып келеміз. Нәтижесі де жоқ емес. Қазіргі таңда «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының  құрама командасында  28 спорт шеберлігіне үміткер бар. Бар жоғы 1 жыл үшін бұл үлкен нәтиже. Бұл аз ғана уақыт ішіндегі атқарған  еңбегіміздің жемісі деп білемін. Әлі талай асуларды бағындыратынымызға сенімім мол.

Сонымен қатар, облыстық қоян-қолтық ұрыс федерациясының Президенті Мирхат Болатхановпен  бірлесе қарқынды жұмыс атқарылып келеді. Қазірдің өзінде құрама командамыздың ішінде 3 спортшымыз 1-ші разрядты, спорт шеберлігіне үміткер 3 спортшымыз бар. Олар қазір  Шығыс Қазақстан облысы құрамасында өнер көрсетіп жүр.

Облыстық «Динамо» спорттық қоғамымен де байланысымыз бекем. Аталмыш спорттық қоғам ұйымдастырған түрлі сайыстарда біздің спортшыларымыз да қаншанда бақ сынап, айтулы жетістіктерге жетіп жүр.

Біз тек әскерилерімізді ғана емес, сонымен бірге спортқа бейім балаларымыздың да барынша түрлі сайыстарға қатысуына мүмкіндік жасауға тырысамыз. Мәселен, «Гандбол» спорт түрінен  5518 әскери бөлімінде арнайы жаттықтырулар өткізіліп тұрады. Бұған «Гандбол»  спорт түрінен Шығыс Қазақстан облысы бойынша  аға жаттықтырушы Чебатарева  Флюра Наримановна арнайы жаттығу жұмыстарын тегін өткізіп тұрады. Меніңше, бұл біз орнатқан тығыз байланыстың жемісі болса керек.

– Бауыржан Даутұлы, расымен спорттық ұйымдармен орнатылған тығыз байланыстарыңыздың  жемісі қуантады. Ал әскери бөлімдерде спорттың дамуына қаншалықты жағдай жасалған?

 

«БАСТЫ МАҚСАТ ҮЛКЕН ЖАРЫСТАРҒА ЖОЛ АШУ БОЛДЫ...»

– Өз басым «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына  екінші астанамыз Алматы қаласынан 2017 жылдың  наурыз айында келіп, тағайындалдым. Алғаш келген күннен бастап қолға алған басты жұмысым, ол әскери бөлімдердегі спорт қалашықтары мен залдардың оқу-жаттығу техникалық базаларын жаңарту болды. Себебі, әскерилерімізге тиісті жағдай жасалмай, спорттық нәтиже болуы екіталай. Екінші мәселе, жеке құрам арасынан спорттық сайыстарға қабілетті спортшыларды іріктеу.Бұл анығында маңызды рөл атқарады. Ал, іріктелген спортшылардың потенциалын арттыру үшін, үлкен жарыстарға жол ашу. Ол үшін, облыстық спорт ұйымдарымен тығыз байланыс орнату қажет. Осы ретте жоғарыда аталған спорттық  басқармалар мен қоғамдық ұйымдармен етене араласып, түрлі деңгейдегі  жарыстарға қатысуға мүмкіндік алдық.

– Бауыржан Даутұлы, жоғарыда әскерилердің балалары да спортқа ете араласуына мүмкіндік жасайтындығыңды тілге тиек еттіңіз. Енді өз отбасыңызда спортты қаншалықты насихаттап жүрсіз?

 

«ӘКЕ КӨРГЕН ОҚ ЖОНАР...»

– Менің отбасымда да спорт ерекше орын алады. Себебі, «Әке көрген оқ жонар» деген мақалды бекем ұстанған халпыз ғой. Менің әкем Дәуіт Дарыбаев грек-рим күресінен ҚазССР  спорт шебері. Заманында түрлі белдесуде арқасын жер иіскетпеген чемпион болған еді. Отбасымызда 4 баламыз. Менен кейінгі 3 қарындастарымның бірі Айжан шаңғы тебуден спорт шеберлігіне үміткер, ортаншымыз Лаура жеңіл атлетикадан бірінші разрядты спортшы болса, кенже қарындасым Айман волейболдан спорт шеберлігіне үміткер. Өзім Қазақстан Республикасының Спорт академиясын «Дене шынықтыру оқытушы-кикбокс жаттықтырушысы» мамандығы бойынша тәмәмдағанмын. Бірнеше спорт түрлерінен спорт шеберіне үміткермін. Қызым да әке жолын қуып, спортқа ден қойып өсті. Бала жастан «Синхронды жүзу», «Академиялық есу» сынды спорт түрлерімен айналысып, қазіргі таңда гандбол және  Регбиден   Шығыс Қазақстан облысының құрамасында өнер көрсетіп жүр. Қызым Карина  «Синхронды жүзуден»  қалалық, облыстық сайыстардың чемпионы және Қазақстан Республикасының қола жүлдегері. Сонымен қатар қашықтыққа жүзуден «Динамо» спорттық қоғамының екі дүркін чемпионы. Қазіргі таңда қызым  Сәрсен Аманжолов атындағы  жоғарғы колледжінің «Спорт және дене шынықтыру пәні мұғалімі» мамандығы  бойынша білім алып жүр. Алдағы уақытта өз таңдаған мамандығының талантты маманы болады деп үміттенемін.

– Бауыржан Даутұлы, жалпы спортта белгілі бір дәрежеге жету үшін адам ең әуелі қандай қасиеттерге бекем болғаны дұрыс?

 

«СПОРТТА ҮШ ҚАСИЕТ БОЛМАЙ, АЛЫСҚА ШАППАЙСЫЗ...»

 

– Негізі, спорт еңбекті, төзімділікті, тұрақтылықты сүйеді. Сіз қандай спорт түрін таңдасаңыз да осы үш қасиет болмай, алысқа шаппайсыз. Спортта жетістік оңайлықпен келмейді. Егер сіз тер төккенше еңбек етпесеңіз, тиісті нәтижеге қол жеткізе алмайсыз.Сол еңбектің ауыртпашылығына төзе білмесеңіз, орта жолда қалып қоюыңыз әбден мүмкін.Сосын таңдаған спорт түріңізге тұрақты болыңыз. «Тамшы тама берсе, тас жарады». Сол тамшыдай тұрақтылық болмаса, еткен еңбегіңіз, төккен теріңіз зая болды дей беріңіз.

 

-Сұхбатыңызға рахмет!

 

Сұхбаттасқан Бағдат Амангелді,

Өскемен қаласы.



Бөлісу: