Сөз таптары қатысқан махаббат туралы өлең...
блог
Үмітімнің қолыма гүлін алғам,
Бақыт сыйлап шығардай күнім алдан.
Зат есімді қолданып танысқанда,
Есіміңді,ерке қыз,біліп алғам.
Махаббаттың өткіздік күресін мың,
Дәл біздей берер оған үлесін кім?
Мінезіңді сол кезде сұрап алғам,
Сауалдарын қолданып сын есімнің.
Тағдырымыз болмасын өте мұңды,
Шырайыңды басқаға етем үлгі.
Кезек келіп сол сәтте сан есімге,
Сұрағанмын қай жылғы екеніңді!
Көтергендей болдың-ау еңсемді өлік,
Кездесуге келгенде белсенді едік.
Есімдікті еске алып, есім кетіп,
Махаббатты құрғынбыз мен,сен болып.
Маған,қалқам,расын да арман едің,
Сырымды ашып,саған жыр арнап едім.
Сол өлеңді хат қылып,етістікпен,
Үй жағыңа талай рет барған едім...
Бізді,жаным,бақытты күндер күткен,
Бізді,жаным,ұйқысыз түндер күткен.
Мекеніңді оп-оңай тауып алғам,
Үстеу дейтін сөз табын білгендіктен,
Ойларымыз үндесіп,дөп келетін,
Жол бермейтін едік-ау өкпеге тым.
Шылауларды,байқасам, көп қолданам-
«Сен туралы», «Сен үшін» деп келетін,
Құдай қосқан,жұптаған серегім бе ең?
Ерке қыз-ау сөзіңе ерідім мен.
Еліктеуге бәрі де кірісер ед,
Шөлп-шөлп етіп сүйгенде ерініңнен,
Арайланып біз үшін атыпты күн,
Түсіне алмай келеміз уақыт тілін.
...Қорытынды жасайын одағаймен:
Алақай! Мен бәрінен бақыттымын!
Жандарбек ЖҰМАН