Шерхан Мұртазадан қолтаңба алдым))
Бүгін «Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының, Қазақстан Республикасының Мәдениет және Ақпарат министрлігінің және Алматы облысы әкімшілігінің ұйымдастыруымен өткен қазақтың аса көрнекті жаузшысы, қазақ спорт журналистикасының негізін қалаған тұлға, редакторлық мектеп қалыптастырған даңқты қаламгер-публицист Сейдахмет Бердіқұловтың 80 жылдығына арналған «Сөз серкесі – Сейдахмет!» атты салтанатты жиын өтті.Сейдахмет Бердіқұлов 1933 жылы 9 мамырда, Алматы облысы, Жамбыл ауданына қарасты Қаракесек қыстағында дүниеге келген. 1956 жылы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітірген.
Ресми жиынның шымылдығын:
«Жоқтаушысы, жақтаушысы футболдың,
Білініп тұр бұл шақтары күнде орның.
Сезімі аз семіздікті қаламай,
Сергектікпен серке боп сен күн көрдің...», - деп Тұманбай Молдағалиевтің «Футбол келді» өлеңімен ашты. Алғашқы сөзді Нұрлан Нұрқасымұлы алды:
Сейдағаң қазақтың рухани жан дүниесі мен тән дүниесін қатар алып жүрген перзенті. Ол «Біз өркендеп өскен буынбыз, Біздің қатарымыз отызыншы жылдардағы аштықты көріп, табиғи сұрыпталған ұрпақ» дегенді көп айтатын. Көз алдыңызға бес сөйлеммен тұтас панораманы елестетін. «Эпос дегеніміз – Жамбыл, Жамбыл дегеніміз – эпос». Дәл осы теңеуді Сейдағаның өзіне қайтарып, «Қазақ спорт журналистикасы деген – Сейдахмет, Сейдахмет деген - Қазақ спорт журналистикасы» дейміз. Сейдағаң Шерағаңмен бірін-бірі сатпайтын, жауға бермейтін дос болды. «Саусағыңды шошайтпа, дүниені бүлдіріп жатқан сендердің сұқ саусақтарың» - деген батыл сөзді алғаш айтқан осы біздің Сейдағаң еді.
Одан соң бүгінгі жиын залының да, қазақ зиялыларының да алдыңғы қатарынан орын алған «Барсханымыз» Шерхан Мұртаза «айтылатын сөз, таусылмайтын жыр көп, уақыт аз екенін айтып, елеп-ескеріп келген көпшілікке алғысын білдірді. Алматы мен Ұзынағаштың ортасын жол қылып жүрген ұйымдастырушылардың бірі М.Бигелдиев дайындаған баяндамасымен таныстырды. Заңғар Сейдахметұлына шапан, қыздары Гауһар, Шынар және келініне бешпент, жаулық жабылды. Барлық спортшылар атынан бірнеше дүркін чемпион, рекордсмен Әмен Тұяқов сөз сөйледі:
Әшірбек Сығай деген жігіт: «Әкем театрда сегізінші буын» деп еді, біздің қазақ спортында буын бар ма? Жоқ. Сейдаға біз туралы «Желаяқ», «Сүйінші», шығармаларын жазды. Жақсылық Үшкемпіров чемпион болғанын естіген кезінде, таңда «Қазақстан» телеарнасы ұжымына телефон соғып, сүйінші сұрады. Біз сүйінші сұрағанда ауылдағы әжелер қоламтаға піскен нан, қант беретін. Ал Сейдағаң сүйіншісін алды ма? Алған жоқ. Бірде бір жігіт такси ұстап, көлікке мінеді. Сонда әңгімелесіп отырып:
- Қазақстандағы бір ғана адамды білемін. Соның арқасында талай олимпиадаларға қатыстым. Ол – Сейдахмет Бердіқұлов.
- Сейдахмет деген мен боламын.
- Ол кісіге ешкім жетпейді.
- Шын болса, Қайрат биыл нешінші орын алды, айтңызшы? – деген сұрағына дәлме дәл жауап алған соң,
- Әкел қолды, - деген екен. Сейдағаңды сыйлайтын азаматтар көп болғанына шүкір. Ер жігіттер, сендерге рахмет. Қазақ халық болған соң әлі талай спортшылар шығады, оны жазатын жазушылар шығады. Сондайлар көп болсын.
Мағира Қожахметова: «Сөзінің тербелісі салтанат құруы керек» деп ұзақ баяндамасын оқыса, Жұмабай Шаштайұлы Сейдахмет Бердіқұлов пен Оралхан Бөкейдің стильдік айрықшалығын, журналистикадан жазушылыққа келуді алғаш аңғарған Рабиға Сыздықова екенін ерекше атап өтті. Ал жазушының үш томдығын шығаруға ат салысқан «Алматы-Болашақ» Акционерлік Қоғамының директоры Ырым Кененбай өзін «Шерағаңның шекпенінен, Сейдағаңның қалтасынан шыққан адаммын» деп таныстырды:
Шерағаң маңдайымыздан шертіп жүріп, батасын берді. Сол батамен көгеріп өскенімізді мақтан тұтамын. Ал Сейдағаң шетелден келгенде қалтасына қарайтынбыз. Қалтасында тұнып тұрған идея. «Көрдіңдер ме, тақырыпты қалай береді, макетті қалай береді», - деп макетке қатты мән беретін.
Жиын соңында Жамбыл ауданында құрылғанына үш ай ғана толған этнографиялық халық саз аспаптары тобының ұйымдастыруымен КЕРЕМЕТ концерттік бағдарлама қойылды.
(Оқиға орнынан суреттер енгізермін, бұйырса. Арнайы барғанымда өзім суреттер түсіріп әкелер едім. Жай ғана Жазушылар одағын көруге барып, керемет әсер алған соң жазғым келді).