Сөз семсері (Сырдың саңлақ шайыры Т.Ізтілеуовке)

Сөз семсері  (Сырдың саңлақ шайыры Т.Ізтілеуовке)
жеке
блог

Ұл болдың ұлтың үшін ұлық, тайыр,

Жырыңа ұлыс түгіл,бір ұлт қайыл.

Өмірден өнегелі өлең өрген,

Семсер тіл,зәки ойлы,сыдық шайыр.

 

Мір сөзің «патшаңды да» тақтан алды,

Бір сөзің зинатталып хатта қалды.

Жаққа жарлы етпеген Жаратқаным,

Бармақтай-ақ қылыпты баққа зарлы.

 

Өрледің өнегемен өрге жүзіп,

Тәлім тердің тәспихтан терме тізіп.

Шаршыдан шаң жұқтырмай шашасына,

Келіп ең кербестідей кермені үзіп.

 

Керген соң төл өнердің төрінде иық,

Есіміңді көтерді елің биік.

Тәмам елге тараттың тәліміңді,

Кеудеңе зият білім кенін жиып.

 

Тағдырың тұйықталған тұста сенім

Болмаса, тас түлектей ұшпас едің.

Қадірлі қара өлеңнің қазынасы,

Нәдірлі назым сөздің ұстасы едің.

 

Тексіздерді бойлатпай терең зердең,

Өмірің өтті өртеніп өлең деумен.

Тағдырың тас қапасқа тірелсе де,

Жұртыңа жауһар төкті кенен кеудең.

 

Төре сөзің төменнен төрге өтті де,

Рухың келе жатыр өрлеп міне.

Тағдырыңның өзінен тәлім алам,

«Себепсіз сындырмаған шөлмекті де».