Сөз құдіреті

Сөз құдіреті
жеке
блог

    Әрбір адамның әдептілігі оның іс-әрекетінен және сөз саптауынан айқын көрініп тұрады. Яғни, иман жүзді, адамгершілігі мен түсінігі қатар теңдескен адам күннің көзіндей күлімдеп, жарық жұлдыздай жарқырап сөз өнері арқылы тыңдаушысын бір сәтте сүйсіндіріп, айналасын нұрға бөлері анық.
Рухани әлемі өзгерген адамның эстетикалық талабы да өзгерері даусыз. Шексіз информация тасқыны, қызу өмір тынысы, биік өмірдің өз тынысындай өршіл, айрықша екені тағы бар. Әйтсе де халық тарихы, халық даналығы, ұлт болмысын танытар сөз өнері тұғырлы орнында қала бермек. Осыншама халық құндылықтарын сөз  өнері арқылы, ұлтымыздың ұлылығын, қазақ жұртының қасиеттілігін, ойымыз бен қиялымызда астасқан небір пікірлерімізді, жалпы айтқанда, адамдық толғаныстар мен қоғамға қатысты пікірімізді білдіре аламыз.
    Сөз – өте күрделі құбылыс. Бірақ бір өкініштісі, осы сөзді ести тұра, байыбына барып ұғына алмай жүрген қаракөз қарындастарымыз бен қандас бауырларымыздың саны толастар емес. Қазақ қашанға дейін ақсақ құланның күйінде болмақшы?
  Бұл  мақаланың  тақырыбын «Сөз құдіреті» деп таңдауына  «Не себеп болды?» – деген сұрақ кім-кімді де мазалайтыны анық. Менің бұл тақырыпты таңдаған   себебім қазіргі таңда қазақтардың қарын аштырар қылықтары мен тіл мәдениетін сақтаудағы  бей-жайлықтың ашық түрдегі көрінісі және қазақ жұртшылығының тілі шұбарланып, ұлттық болмысы құлдилап, жастар санасында да, аға буын өкілдерінде де сөз мәдениеті мен сөз әдебінің дұрыс сақталмауы салдарынан, жалпы айтқанда, ұлттық тілге деген сүйіспеншіліктің, құрметтің жоқтығынан.  Нақтырақ айтар болсам, тіл  туралы байыпты түсінігі жоқтығынан. Қазақ тілінің тұнығынан сусындаған жанның тілге құрметі өз-өзінен туады.
Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қорғасындай балқыған, қырандай қалқыған, өмірдің кез-келген орайында әрі қару, әрі қалқан боларлық қасиетті тіліміздің қазақ сөзінің мәнділігі мен маңызы тайға таңба басқандай анық. Тілге деген жанашырлық тек тіл мамандығын еншілеген адамдарда ғана болмауы керек екенін әлі де болсын ұғына алмай жүрген адамдар жетерлік. Мұндай жауапкершілікті ұғына алмай, сезіне алмай жүргендер үшін кейде қынжылатын да сәттер болып тұрады. Осы сенім мен сезім тоғысқанда  бір мәселенің басы ашылғандай болды. Яғни, қазақ тілі үшін оттай маздап, шоқтай қоздаған жүректі жандар олар – яки тіл маманы, я мемлекет басында халыққа қызмет етушілер ғана. Осы бір теріс түсініктің шеңберінен шыға алмай құрсауында қамалып жүрген тілді дамытамыз деп шырылдаған дамылсыз істердің шешімі – ұлттық тілдің ұлтынан қолдау таба алмауы емес пе деп ойландым. Мың жерден мемлекеттік бағдарламалар жасалғанымен, жүзеге асырушы да мемлекет болып қалмауы тиіс. Тілді мемлекетте өмір сүрушілер дамытады, танытады…
Алысқа бармай өзім жүрген ортаның қоғамның басым бөлігін құрайтын жастардың арасында тіліміздің тағдырына жанашырлар аз екендігіне алаңдаймын. Бұл – аузымен орақ орып, қолымен қосаяқ  соғалмайтын заманның жастары да тілге келгенде бей-жай қарамаса деген алаңдаушылық. Кезінде бабаларымыз тіліміздің қасиетін танытатындай өнегелі сөздері мен нақыл-ақылдарын  қалдырған еді.  Қолда барда алтынның қадірі болмайтыны секілді, қадіріне жете білмесек  тіліміздің тамырын тереңге жая алмайтын шақ тумасына кім кепіл!?  «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген даналар сөзін ескеріп, ұлттығымызды сақтағымыз келсе, тіл мен мәдениетті, тарихты тануға деген ұлт жалғасының, ұрпағының түсінігін түзегеніміз жөн болар!