Сөз қадірін білмеген-өз қадірін білмейді.
Қазақта «Жақсы байқап сөйлер,жаман шайқап сөйлер» - деп бекер айтпаса керек.Халқымыз сонау заманнан сөз қадірін жете түсініп,қадірлеп,қастерлеп, құнды мұра ретінде атадан-балаға жеткізген. Ал қазір салмақты сөйлеп, тиянақты ой мен ұтымды пікір айтатын адамды кездестіру қиындап барады. Сөзім өзімде деп салмақ пен тармақты ұмытып,сапасыз тым жеңіл сөйлетіндер қаптап жүр. Сөз қадірін түсінбеген,өз қадірін түсінбейтін заман келе жатыр. Жүйесін таппайтын сөздердің көбеюіне не себеп? Ауырдың үсті,жеңілдің астымен жүру сән бе?
Сөйлей-сөйлей шешен боласың,көре –көре көсем боласың. Осы бір нақыл сөзді тұра мағынасында түсініп, тіке қабылдап, «ә» деп аузын ашса, сөздің шешені, көрегеннің көсемі бола қалатын жандарды көрсем,ойласам заманыма өкпелеймін. Ғасырлап,жылдап халқымызға ауыз әдебиетіміз арқылы жұлмаланып, жұлынып келген кейбір сөздеріміз қазіргіден мың есе артық екеніне тағы да көзің жетеді. Майқы бимен басталып, Төле би, Әйтеке би, Бұқар,Жиембет,Тәттімбет, Махамбет заманының өткір де,өтімді,даналық пен сапалыққа толы қымбат сөздері әлі күнге дейін халық арасында айтылып жүреді. Себебі олар заманында сөзді қадірлеп, сөздің жүйесін тауып, әрбір сөздің орнын білген. Осы орайда Майқы бидің көрегендігімен жазылған «Азарсың, жұртым,азарсың, Азарыңның белгісі» атты жыр толғауы дәл қазіргі заманды суреттеп тұрғандай:
Көлдің суы бітіп, табаны қалар,
Аттың жүйрігі кетіп, шабаны қалар.
Жақсының атағы кетіп, азабы қалар,
Әулиенің аруағы кетіп, мазары қалар.
Сөздің маңызы кетіп, самалы қалар,
Сөйтіп, ақылы жоқ, санасыздың заманы болар.
Сөз маңызы мен сапасын жоғалтқанда, тіпті шұбар тіліміз жайлы айтуға ұяласың. Ағашты шыбық кезінде түзуле деп қазақ бабамыз босқа айтпаған. Ана тіліміз - қазақ тілін дамытып,өркендету үшін алдымен сөзіміздің беріктігін нығайтып, әрбір аузымыздан шыққан сөздің дұрыстығымен сапасына мән беруіміз керек. Әншейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппас шешен сымақтардың өз аузынан шыққан сөздеріне күмәнмен қарап, екі әріптің басын қоса алмайтынын көрсең ашуың келеді. Сөйлегенде секіріп, жазғанда мылқау бола қалатын айтқыштарды үлкен айтыс алаңына шығарса қандай сезімде болатынын көргім келеді.
Қоғамның қай бұрышын қарасаң да, сөз қулаған адамдар. Саналы ойлап, ұғымды нәрсе айтатын жандарды кезіп тұрып іздейсің. Айналаңнан бөлек,тәрбие мен тәлім ордасы саналатын көк жәшіктен екі әріптің бірін жөнді айта алмай, тілі шұбарланған жүргізушілерді кездестірсең таңғалмайсың. Нарық заманы ғой! Рейтинг деген ашкөз пайда болды.Ол қоғамды неге болмасын итермелеп жатыр. Осы бір уақыттарда теледидардан «Қалаулым» бағдарламасы елді шулатып шығып еді, уақыт өте келе адамдарда оған төселіп кетті. Тәрбиелік мәні жоқ бағдарламаның, сөзге келгенде де сондай қарын аштыратынын көресің. Қазақ қашанда әйел затын қадірлеп қастерлеген халық емес пе?! Әйел заты деген атты ұмытып, аузына не келсе, соны айтып ашудың үстіне мініп алып,қырылып жатқан жандарда болған еді. «Қой, сөз қадірін жоғалтпа, сөз қадірін жоғалту өз қадірін жоғалту» деп ақыл айтатын қазекеңдер де сол уақытта жоқ бола қалады. Рейтинг деген ашкөздің қоғамға көрсетпеген нәрсесі жоқ. Бірімен күресемін десең, енді бірі дайын тұрады. Жақын арада ғана теледидардан орын бермей жаңа бағдарлама шықты. «Сөз сізде» деп аталатын бағдарлама .Аты қандай керемет. Пікір талас алаңына құрылған бағдарламада кез-келген адам ойын ашық айта алады. Көрмеген адам арманда қалып кетер деген оймен бағдарламаны қарағаным бар. «Өзге ұлтпен құрылған отбасы» тақырыбында өрбіп жатқан бағдарламаны көрдім. Екі тарапта отырып алып, микрофон бермей не салмақты пікір айтпай, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын қазақы жастарымыз бен үлгі өнеге алатын аға –әпкелерімізді көргенде жаға ұстадым. Енді бірі өзге ұлтқа тұрмысқа шығу дұрыс емес деп шырылдаған сыңай танытса, енді бір жағы қазақты жерден алып,жерге салады. « Сен сияқты малдар» деп ұрысып отқан қазақ жігіттерін көргенде қаным қайнады. Нағыз ер азаматтарымыз сөз қуаламай, бір ғана іспен бәрін шешті емес пе?! «Қара негрлерді, қазақ жігіттерімен салыстырып, негрмен бірге Қазақстанда тұрамын» деп сөз бермейтін қазақы қыздарымыз, кімге үлгі-өнеге көрсетеді? Пікір-талас алаңын төбелес алаңына айналдырған ақыл-сымақтар кімге үлгі? Тіпті ұрыс алаңында өрбіп жатқан дауды отқа май құйғандай «сөзіңіз өз аузыңызда» деп жүргізушілерде күліп тұрып бағдарламаны жалғастырады. Шынайы шындықты сарапқа салатын пікір алаңы осы ма?! Айтатын дүниелері тым салмақсыз. Не бір шынайы факт, ақпарат жоқ. Шынайылық жоқ жерде, шындық терезесінің беті ашылмайды. Сөз қадірін жоғалтқан жандардың өз қадірін жоғалтқанын осы кезде анық көресің. Ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүру сәнге айналған қоғамда рейтинг деген ашкөзбен осылай күресу қазақы болмысымызға тым ұят. Ұят! .