СӨЗ ДЕГЕНІМІЗ АДАМ, АДАМНЫҢ ТАҒДЫРЫ

«Тіл- адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі» деп заманының заңғары, ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы айтпақшы тілдің мүмкіндігі шексіз. Тіл қару болса, сол қарудың оғы, әрине, сөз. Осы орайда, сіздермен филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлының «Сөз дегеніміз адам, адамның тағдыры» атты мақаласын талдамақпын.

Мақаласын автор «Бұл физиономиялық өзгешеліктер тек сол ұлтқа ғана тән дыбыстарға қатысты. Мысалы, ә,і,ң,ғ,ү,ұ,қ,ө,һ секілді дыбыстар тек қазақ тіліне ғана тән болғандықтан да оның ұлттық сыпатын белгілейді. Сондықтан бұл дыбыстар басқа ұлт өкілдерінің айтуына едәуір қиындықтар туғызады. Осы сияқты басқа тілді үйренген кезде сол тілге ғана тән дыбыстарды айту барысында қиналып қалатынымыз да бар» деп бастады.

Мақалада әріпті жан- жақты сипаттайды. Соның ішінде,  әріптің де ұлттық сипаты басым екенін екенін көрсетеді. Атап айтар болсақ, әріп жайлы жаңашыл көзқарасын автор «Әріп дегеніміз тіл де емес, білім де емес, салт дәстүр де емес, бар болғаны белгілі бір ұлттың дыбыстық белгісі ғана екеніне мән беруіміз қажет» деп жеткізді.

Сонымен қатар, төл әріптерін әлі күнге дейін қолданатын мемлекеттердің төменгі деңгейде емес екенін түсінуіміз қажет екенін көрсетті. Мысалға, қытай, жапон, араб елдері, армиян, грузин секілді елдер ешкімнен сорлы емес, керісінше өздерінің ұлттық мұраларын, мәдениеттер жоғалтпай, жаңғырту үстінде.

 Тағы осы секілді «әріп» жайлы көптеген тың ақпараттар көлемді мақалада тиянақты жеткізілген. Сөздің соңын автордың: «Өмірде сөзден құдіретті ешнарсе жоқ. Өйткені ең тәтті де тіл, ең ащы да тіл, ең жұмсақ та тіл, ең қатты да тіл. Қызыл тілден қан да тамады, бал да тамады... Сондықтанда әр адам аузынан шыққан әрбір сөзін ойланып барып, толғанып барып, айтылатын кезінде барып айта білсе, ол оған бақыт сыйлайды» деген ойымен тәмамдамақпын.

Назерке Альбетқызы



Бөлісу: