Әр нәрсенің пайдалы және зиянды екі жағы бар. Мақсат пайдалысын кәдеге асыру. Біз ақпарат технологиялары қарыштап дамыған заманда өмір сүріп жатырмыз. Өте тез дамып, өзгеріп бара жатқан заман көшінен қалмауға тырысу дәуір талабы. Дегенмен, жаңа деп, тым еліктеп, бар байлығымыз асыл болмысымыздан айырылып қалуға жол беруге болмайды. Үлкенді сыйлап, кішіге үлгі көрсетіп, бабаларымыздан қалған басқа да құндылықтарды көзіміздің қарашығындай сақтап, заман көшіне ілессек ештеңеден кеш қалмаймыз.
Ұлт мақтанышы Ыбырай Алтынсарин: «Айшылық алыс жерлерден көзді ашып жұмғанша жылдам хабар алғызды» деп, ХІХ ғасырда ақ өнер білімге шақырған. Ғылым білімнің жемісі болған телефон бүгінде адамзат қызыметінде. Онсыз тірлікті көзге елестете алмайтын маңызды қарым қатынас құралына айналды...
Десек те, ұялы телефонды пайдаланудағы көптеген келеңсіздіктер туралы да аз айтылып жүрген жоқ. Солай екен, ұялы телефондар, басқа да озық технология жетістіктерін пайдалануда барынша сергек бола түсуге міндеттіміз.
Ұялы телефонды пайдаланудағы көп келеңсіздіктердің бірі онымен сөйлесудегі олқылықтар. Әдеп ұялы телефонмен қарым қатынас жасалғанда да сақталуы керек. Көпшілік жиылған орталарда, оқуда, жиналыста, әр түрлі денгейдегі кештерде оны өшіріп қойған абзал.
Бірлік кетеді деп барынша уақытты үнемдегеніміз дұрыс шығар. Бірақ, сөз сәлемнен басталатынын ұмытпау керек. Басы жоқ, аяғы жоқ, кейде біреулер телефон соғады да, телефон тұтқасын алған бойдан сәлем жоқ:
- Сен кімсің, деп дүнк ете қалады. Мұндайда не деріңді білмей қаласың да. Кібіртектеп:
- Кім керек еді? деп, телефон соғып тұрған адамның кім екенін білмесең де, әдеп сақтап, жөніңді айтасың. Ал ол болса, іздеген адамы емес екеніңді біледі де, өзінің кім екенін айту қайда, мазалағаны үшін кешірімде сұрамайды, телефонын өшіре салады.
Дана бабаларымыз «сөз атасы сәлем» деп, сөзді сәлемнен бастауын насихат еткен. Олай болса телефон арқылы сөйлескенде де сөзді «Ассалаумағалейкум!» деп бастау керек қой деймін. Бұл ең алдымен өзіңе құрмет көрсеткеніңнің белгісі. Әдепті болсаң әдемісің. Осыны ұмытпайық достар!!!