СӨЙЛЕСЕ БІЛЕМІЗ БЕ?

– Сөзімді бөлме! Ойымды аяқтап алғанша қайымдаспай тұра тұрғын. Қазіргі кезде адамдардың негізгі бір қатынас құралы – телефон. Онсыз күнделікті хабар-ошарды көзге елестету қиын. Айтайын дегенім, қажетімізден шығып жатқан жансыз телефон жайлы емес. Оны пайдаланатын екі аяқты жанды адамдар туралы. Бір жерге хабарласып тұрып, сөзді сәлемнен бастамау – әдепсіздік. Өзін де, өзгені де сыйлай білетін тәрбиелі адам қай кезде болсын ізетті ұмытпайды. Ол кімге, қайда телефон шалса да, алдымен амандасады. Сәлемдесіп болған соң тура түскеніне күмәнданса, «кешіріңіз, бұл пәленшенің үйі ме» деп немесе «түгеншені шақыруға бола ма» деп сыпайылап сұрайды. Сонда сөйлесіп тұрған адамы да жөні түзу жауап қайырады. Әйтпесе, мен секілді қисайған жағынан тұрмай қалатын біреу болса, барды «жоқ» дей салуы ықтимал. Телефонда сөйлесе білу де кісілікті көрсетеді. Қалтаңда он диплом болғанымен сәлем парызын білмесең, біліп тұрып оны өтемесең, жолын жасамасаң – нағыз мәдениетсіз адамсың. Мәдениетті болу – қаздиып қатып киініп, шіреніп машина мініп, шікірейіп қызметкер болу емес. Мұның бәрі – көз алдар сыртқы қабық қана. Маймылды малындырып үлде мен бүлдеге орап, машинаға отырғызып қоюға болады. Одан маймыл мәдениетті болмайды, бәрбір ол битін теріп жегенін қоймайды. Өйткені тегі солай. Мәдениеттілік адамның рухани өрісімен өлшенеді. Қаныңда бар тектілігің мен бойыңа сіңген жақсы тәрбиең қандай деңгейде екендігінен мәдениетің көрінеді. Ал енді, жаңа не демекші едің, соны айтқын, – деп ата баласына кезек берді.

          – Не демекші едім? А-а, телефон звоноктарының күнде неше түрі кездесіп жатады Алдыңгүні біреу телефон соқты. Мен тұтқаны көтергенде, өзің айтқандай, аман-сәлем жоқ, ә дегеннен:

          – Мұқаттың үйі ме? – деді.

          – Жоқ, бұл – басқа пәтер, – деп едім:

          – Ондай болса, телефонды неге аласың? – дейді әлгі қасқа өзімді жазғырып. Тұтқаны қоюға зорға шамам келді. Ал кеп күлейін, ал кеп күлейін...

       Адамды еріксіз көңілдендіретін әпенде сөзге біз де күліп жатырмыз. Ауыздан-ауызға тарап, ел аралап жүретін анекдот дегендер осындайлардан шығатын болар.

                                   Зейнеп АХМЕТОВА,  «Бабалар аманаты».   

(Аталмыш кітапты  «Санат»  баспасының дүкенінен алуға болады. Қосымша ақпарат үшін 87016520613) 



Бөлісу: