Сорпа тамақ іштім кеше...

Кішкентайымнан тамақ талғап жеймін мен жәман: жуа, чеснок, бұрыш, баклажан, тамақтың ішінде пісіп кеткен қызанақ... Ешқайсысын да жеген емеспін бұрын. Сұйық тамақ ( лапша, суп, борщ және т. б. ) ішпегеніме талай жыл болған ( ағзама жақпайтын немесе ұшынған дәнеңем де жоқ, еркелік қой, әйтпесе, тұшпарадан бас тартқан емеспін ))).  Мамам жаз келсе бақшаға егіп тастайды бәрін, өзі баптайды, еккені өнім бермеген кезі болмапты, көкөністердің шыққанын шыққандай жеп жүрсем де, басты «жауым» – көк жуа...

Палау басса, әкем күріштің арасына жуа «көміп» тастайды, менің жемейтінімді білетін мамам «Ана жерде «мина» бар, байқа!» дейді әзілдеп. Тамақ жеп отырғанда байқамай баклажан, болгар бұрышы, қызанақ аузыма кетіп қалса «түрім бұзылып» кетеді, ондайда мама: «Не, шағып алды ма?» дейді. Сұйық тамақ пісірген күні менің қабағымнан қар жауады. Тура мен жемеу үшін әдейі сорпа жасағандай тылтиям да қалам. «Ішпеймін!» деп бөлмеме кетіп қалам да, музыка тыңдап отырып алам. Талай рет «Ішпесең қой!» деп ұрысып та, «Нағыз пайдалы тамақ дегенді білмейсің» деп түсіндіріп те айтып көрді. Шамалыдан кейін келіп, «Жүр енді, жұмыртқа қуырып қойдым» деп шақырып тұрғаны, жүзінде ашудың белгісі де жоқ. Қылығыма ұялып қалсам да, келесіде бәрібір ішпей қоям. Жаздыкүндері бақшаға еккен көк жуаны жақсылап турап, тамақтың бетіне «төгіп» қояды, ондайда мен шамалы «қазып» көрем де, абайсызда аузыма кетіп қалса, барып басқа кесеге бөлек салып алып келіп жеймін...

... Ақымақ па екем... Мама ұсынған тағамға бұл әлемде дәм жетпейтінін қалай білмей келгем?.. Маманың пісірген тамақтарының қадірін мен енді білетін болам!..

Кеше сорпа тамақ жасады, бір кесесін ішіп алдым... Дыыым да ауызды «шағып алмайды» екен ғой... Ендігі тілегім, талай-талай жаздарға жақсы жеткізсе екен Алла, бақшаны мамам өзі көктетсе екен деймін... алдағы жайдары жаз да тезірек аман жетсе екен – көк жуа жеп көргім кеп отыр... мама тураған...

 


 

және жуаны да жер едім... папа палауға «көміп» қойған «минаны»...



Бөлісу: