Соңғы секундтар синдромы...
Бұл жағдай, Қазақстан футболынан хабары бар адамдарға таныс жәйт. Біраз жеңістер соңғы сәттерде сусып кеткен. Неге екенін білмеймін, кей сәттерде біздің футболшылар ойнауды ұмытып кетеді. Қазекемнің жалқаулығы біздер үшін ойнайтын өзге ұлт өкілдеріне де жұғып кеткен болса керек. Сынықтан басқаның бәрі жұғады деп бекер айтпаған ғой атам қазақ. Қанша дегенмен қолда тұрған жеңіс еді. Осындайда санаң сан саққа жүгіреді екен. Неше түрлі ойлар келеді. Астанада үшінші гол салатын да мүмкіндік болған. Соны салып алғанда қалай болар еді? Глазгода 92 минутта қорғаушыларымыз ең болмаса орындарынан қозғалғанда қалай болар еді? Немесе, командамызда болған 100 пайыздық екі мүмкіндіктің бірін пайдаланғанда ше? Бапкер Кумыков ойын соңына таман әжептәуір шаршап қалған Каньяс пен Газарянның орнына қаракөздеріміз Дарабаев пен Байжановты шығарғанда ойын қалай өрбитін еді? Кіналаудан аулақпын, бірақ бапкеріміз де қосымша уақыттың болатынына ойыншыларымыздан артық сеніп кеткен сыңайлы. Тың ойыншыларын сол шешуші қиын сәтке сақтады деп ойлаймын. Қанша дегенмен Чемпиондар лигасының деңгейі мен Еуропа лигасының деңгейі жер мен көктей. Не десекте болары болды. Команда ойыншыларын жазғырмаймын. Керісінше зор алғыс білдіремін. Өкініш емес, әттеген-айымыз басым. Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді. Астанада сәттілік біздің жақта болса, Глазгода шотландықтар жағында болды. Олар екінші голын, біздің Астанада соққан екінші голымызға ұқсас соқты. Орындалу жағынан емес, өрбу жағынан.
Мүмкін осылай болғаны да дұрыс шығар қазақ футболы үшін. Әрқашан төменнен бастаған дұрыс. Қазақстан үшін кеншілер командасының соңғы жылдардағы жолы, былтырғы маусымда Еуропаны шулатқан Боруссиямен сәйкес келетін секілді. Олар да бір маусым бұрын ЧЛ-да тіпті топтан шыға алмаған еді. Екінші іріктеу кезеңінен өте алмаған Қарағандылықтар сияқты. Бірақ екі команда да бір жыл бұрынғы кеткен қателіктерін түзетіп, тәжірибе жинақтап, басқаша көзқараспен келді де, екеуі де ел күтпеген биікке көтерілді. Екі команда да, екі жыл қатарынан өз елдерінің чемпиондары атанған еді. Екі команданың да керемет қақпашылары, жастайынан клубта өнер көрсетіп келе жатқан символ-ойыншылары, өз командасын алға сүйрейтін, өз деңгейлеріне сай шабуылшылары, тактик-стратег тренерлері, әрқашан командасын қолдайтын нағыз жанкүйерлері бар. (Шахтер стадионы, жанкүйерлер келу жағынан былтырғы жылдары Ақтөбенің өзінен озып кеткен)
Осының бәрі, қазақ футболының аяңмен болса да алға жылжып келе жатқанының көрінісі. Осылай жылжи берсек оншақты жылда, Украина футболымен тереземізді теңестіріп қалуымызда әбден мүмкін. Қақолдарды да бекер айтып отырған жоқпын, меніңше олармен де ұқсастықтарымыз бар секілді. Оларда да ұзақ уақыт Киевтің Динамосы өз біріншілігінде ешкімге дес бермей, кейін ғана Донецкінің Шахтері келіп тақтан тайдырды. Олардың да ең әйгілі клубтары сол Динамо мен Шахтер, біздегі Ақтөбе мен Шахтер сияқты. Осындай ұқсастықтарды жақсыға жорып, дұрыс бағытта келе жатырмыз деп ойлаймын. Былтырғы Лондондағы жетістігіміз бен Қайраттың Еуропа чемпионы атануы да осының айғағы болса керек. Тек осылай ара-тұра атып қалмай, әр жыл сайын бағындырар белестеріміз биіктей берсе екен. Осылай көтеріліп келе жатқан қазақстан спорты үшін енді мемлекетіміз тарапынан жақсы қолдау тауып, тек Астана клубын ғана емес, басқа да шынымен ойнай алатын клубтарымызды демейді деген үміттемін. Қайратымыздың жетістігін үлкен футболда да қайталасақ деген тәтті арман бар.
Ендігі бар назарымыз Еуропа лигасында болмақ. Мүмкін осы турнирге түскені де дұрыс болған шығар, өзінің шамасы келетін клубтармен сынға түседі. Кім біледі, Шахтер патрондарын тағы атар. Меніңше Чемпиондар лигасының плюсі тек ақша мен еуропаға кеңінен танылу ғана. Ал Еуропа лигасында жеребе жолдас болып жатса екінші орынға да таласуға болады. Жігіттеріміз еуропа футболының дәмін алды, соңына дейін өліп бара жатсаң да жүгіру керектігін түсінді. Бұл деген Шахтер үшін баға жетпес тәжірибе. Үлкен жетістік. Бұл жетістік барша Алаш жұрты қуанарлық жайт. Қуан қазақ! Қазақ футболы Еуропада!!!
П.С. Жұмыста отырып жазып ем, ойым шашырап кетті, түсінбей жатсаңыздар айып етпессіздер)