Соңғы рет еске алу
блог
Сезіммен ойнамау керек. Ол апатқа ұшыратуы мүмкін. Не сені, не сезімді. Сен апатқа ұшырасаң, құрисың. Сезім ұшыраса, өледі. Ал сезімсіз болу - не деген ауыр. Мен сол апаттан аман қалдым, сезімім де. Алла жарылқады.
Мен соңғы рет еске алайын өзіңді,
Еске алайын сенің мойыл көзіңді.
Естимсің тым болмаса, көрмесең
Тұңғиықты жарып шыққан сөзімді.
Сәуле қонған ажарыңа қараман,
Алыссың сен көзден және санадан.
Алыссың сен өлеңімнен ендігі
Алыссың сен ғайбат сөзден бораған.
Көрмейінші енді сені түсімде,
Еске алатын ендігі жоқ күшім де.
Сенің бақыт құшуыңды тілеймін
Өзім асқан бақты болу үшін де.
Енді сені тербетпеймін жырыммен,
Қордаланған сөзім қанша бүлінген.
Қарсы алмаймын, сен де күтпе жолдардан
Қарсы алмаймын таудан үзген гүліммен.
Сен туралы салмайм енді әнді де,
Бөтенмін мен, бөтенсің сен мәңгіге.
Енді ауылға барған сайын сен жайлы
Жеңгеме де тарқатпаймын әңгіме.
Басқа жанға бағыштаймын сол әнді,
Сен жайлы ойлар ақ кебінге оранды.
Осы өлеңмен танысқан соң жеңгем де
Сен туралы сұрамайтын болады.
Ұмыт, қалқам.
Ұмытамын барлығын.
Анашым да қайта ашады сандығын.
Қайта бүктеп орнына қояды
Саған арнап әзірлеген жаулығын.
Жүрегімде жаңа сезім бүрлейді,
Ойлаймай-ақ сен де мені жүр мейлі.
Өлеңімді оқыған соң бір ару
«Кейіпкерің кім?» дейді.
Мен не дейін?
Қатты сасып, қысылам.
Өтіп бара жатып Одақ қасынан.
«Бұл өлең ғой және көркем шығарма.
Қиялдағы кейіпкер» деп құтылам.