*Соңғы кезде... Суыққа көп желпілдеп, жеңіл шығып қойдым ғой деймін, суықтап ауырып, біраз әурелендім. Укол салдырып, адам қатарына әзер қосылып алдым.
*Соңғы кезде... Ауа-райы да жып-жылы, көктем сияқты боп кетті ғой. Мен кәдімгі қысты қалаймын.
*Соңғы кезде... Интернетке деген «жеріктігім» басылып, кітапқа деген махаббатым оянды.
*Соңғы кезде... Ержұман Смайылдың «Өмір деген-жол үсті» деген кітабын оқып, журналистік мақалаларын өзімше талдап көрдім. Расында өмір өткінші.
*Соңғы кезде... Ұзақбай Доспанбетовтың «Жылусыз от» кітабынан көкейге көп нәрсе түйдім. Қайран, қазақ, не көрмеген халық десеңші.
*Соңғы кезде... Лира Қоныс тың «Құлпынай қосылған балмұздағын» оқып, балалық шаққа армансыз саяхаттап қайттым.
*Соңғы кезде... Жақсылық Самитұлының «Сергелдең» атты кітабын оқып, сергелдеңге түстім. Қытайдағы қазақ қандастарымыздың бастан кешкен қанды оқиғалары жүректі тіліп-тіліп жіберді.
*Соңғы кезде... Мұхтар Әуезовтың «Қорғансыздың күнін» қайталап оқыдым, Әуезовты бүкіл әлем мойындаса да болғандай-ақ!
*Соңғы кезде... Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебесін» қайта оқып, қазақ болып туғаныма тағы да мақтанышпен қарадым! Біздің тарих қашанда алтын әріптермен жазылып қала бермек!
*Соңғы кезде... Алматы мен Талдықорған арасында біраз жол тоздырдым. Жұмысымды бір жақты қылам деген ойым іске аспады. Бұйырмаған да деп қоя салдым.
*Соңғы кезде... Жұмысқа деген еш ынта жоқ, бәрін тастап кеткеніме де біраз болды.
*Соңғы кезде... Жақын достарымды қатты сағынып жүрмін. Күйбең тіршілік оларға да уақытымды бөлуге мүмкіндік бермей жүр.
*Соңғы кезде... Әйтеуір отбасыма көп уақытымды арнап жүрмін. Қолым қалт етсе, анам мен бауырларымды ертіп театрға, концерттерге, кешкі серуенге баруды әдетке айналдырдық.
*Соңғы кезде күнде театрға баруды да қойдым. Аптасына 3-4 рет қана барып жүрмін.
*Соңғы кезде... 4,5 жасар жиеніме өте көп уақты бөліп, сонымен бірге болуға құмартып жүрмін. Бір рахат, сырғанаймыз, ролик тебеміз, өзімізше ән айтып, клип түсіреміз))
*Соңғы кезде... Қала сыртына кетіп қалуды да әдетке айналдырдым. Есік қаласына кетіп бара жатқан жолда «Бәйтерек» деген ауыл бар, соннан әдемі көл таптым. Соның жағасында жалғыз серуендеген де жанға рахат!
*Соңғы кезде... Елден кету туралы ойлардан арыла алмай жүрмін. Соның әуресімен Түркия елшілігінің табалдырығын тоздырып, сайттарының тұрақты оқырманы боп кеттім. Бірнеше сынақ пен бірнеше құжат сәтті аяқталса, бұл мәселе де бір жақты болар деп үміттенем.
P.S.Міне, бұл менің соңғы бір айда ғана болып жатқан жағдайларым мен өтіп жатқан күндерім. Соңғы кезде «Массагетке» де кірмей кетуімнің бар себебі тек осында. Біраз жаңалықтардан құр қалғанымды біліп, іштей біртүрлі болдым. Десе де, дәл қазіргі уақытта өзіме осы өмірім ұнайды. Тыныш. Ешкім мазаламайды. Әйтеуір бос болсам да, қарбаласпын. Көңілім қалағанды жасап, өмірімді сүріп жүрмін. Тек нұрлы күндерде жолығуға жазсын! Мен бәріңізді жақсы көрем!